Халықты жұмыспен қамту – әлеуметтік саясаттағы басым бағыт


Елбасы Н.Назарбаев ел ішіндегі мансапты мақсат тұтпайтын қарапайым еңбек адамдарының еңбегін дәріптеп, олардың қарапайым ғана тірлігімен-ақ еліміздің экономикасы мен әлеуметтік дамуына үлес қосып отырғанын өскелең ұрпаққа үлгі етіп, жастардың қатысуымен еңбек сенбіліктерін ұйымдастырып, оларға еңбекпен тапқан нанның тәтті болатынын түсіндіру болса, бұл ретте ауданда бірқатар іс-шаралар атқарылып жатқаны  белгілі. Ал, енді жұртшылыққа осы еңбектің қадірін жете түсіндіретін, екі қолға бір күрек табудың қазіргі уақытта қиындығын басынан өткеріп жүргендерге жұмыс тауып беріп, олардың кәсіби шеберліктерін арттыру арқылы еңбек нарығынан өз орындарын табуларына дәнекер болып отырған Қаратал аудандық жұмыспен қамту орталығындағы қарбалас, тіптен бөлек. Бір ғимаратта көршілес отырып қызмет атқаратын біздер орталыққа бас сұғып, кәсібіне қарай жұмыс іздеп жүрген үлкен-кішіні күнделікті кездестіреміз. Орталықтағы осындай қарбаласты басынан өткеріп, бөлімге келген әрбір жұмыс іздеушінің өтінішін қанағаттандыру мақсатында еңбек етіп жүрген аудандық жұмыспен қамту орталығының жұмыс барысымен танысып, Қаратал аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ақжайық Кілтбаевамен әңгімелескен едік.

 

Ақжайық Мұратқызы, өңірімізде жұмыссыздықты жою мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанынан хабардармыз. Бүгінгі күнге жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту деңгейі қандай?

- Нысаналы топтарға жататын азаматтарды жұмыспен қамту кешенді жоспарына сәйкес аудан бойынша 2016 жылға 1414 адамды жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен қамту жоспарланған. Оның ішінде жұмыссыздар - 678, нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар – 736, аз қамтылғандар 75 адамды құрайды. Жыл басынан жұмыспен қамту орталығына тоғыз айда 1304 адам жұмыс іздеу мақсатымен тіркелген. Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен жалпы ағымдағы жылдың 1 қазанына 1520 адам қамтылды  немесе жылдық жоспар 107,0 пайыз төңірегінде. Жыл басынан тұрақты жұмыспен 955 адам қамтылды немесе тұрақты жұмыспен қамтылу деңгейі тіркелген азаматтарға бөлгенде 73,2 пайызды құрап отыр. Халықты жұмыспен қамту – әлеуметтік саясаттағы басым бағыттардың бірі болып табылады.

- Енді осы  «Жұ­мыспен қамту – 2020 жол картасы» бағ­­дарламасы жайлы айтсаңыз.

- Бағдарлама негізінен 2011 жылдың 1 шілдесінен іске асырылып келеді. Жылдан жылға бағдарламаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен қомақты қаржылар бөлінуде. 2015 жылғы 11 ақпанда Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Елбасы өз тиімділігін дәлелдеген «Жұмыспен қамту- 2020» жол картасы бағдарламасын сақтап қалу қажеттігін атап өтіп, халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды кеңейту жөнінде бірқатар тапсырмалар берген еді. Содан кейін 2015 жылдың 31 наурызында «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы» өзектілендіріліп, қайта қабылданды. Бағдарламаның негізігі мақсаты халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру, халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу және де жұмыссыздық деңгейін қысқарту болып табылады. Бағдарлама негізгі үш бағыт бойынша іске асырылады. Бірінші бағыт инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, екінші бағыт кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру және де үшінші бағыты жұмыс берушінің нақты сұранысын есепке ала отырып, оқыту мен жұмысқа орналасуға және қоныс аударуға жәрдемдесу.

- Аталмыш бағ­­дарламаның үш бағыты бойынша өңірде атқарылған жұмыстарға кеңірек тоқтала кетсеңіз.

- Бағдарламаның 1-бағыты бойынша ауылдық елді мекендерді дамыту мақсатында аудан бойынша 2016 жылға 1 жоба бекітілген болатын. Бүгінде Көкпекті ауылында су құбырлары жүйесін күрделі жөндеу бойынша 54 жұмыс орны құрылып, оның 27-і жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілді. Яғни, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, бағдарлдама шеңберінде іске асырылатын жобаларда құрылған жұмыс орнынның 50 пайызына жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған азаматтар тартылуы тиіс. Бұл бағыт бойынша жоспарлы көрсеткіш толығымен орындалды. Ал 2-бағыт шеңберінде кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру мақсатында жыл басында 1 траншпен жеке ісін ашуға және кеңейтуге 23 адамға 3,0 млн теңгеге дейін 69,0 млн теңге бөлінген болатын. Заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, екінші траншпен «Нұр Отан» партиясының қолдауымен жеке қосалқы шаруашылықты дамыту үшін 15 адамға 6,0 млн теңгеге дейін 90,0 млн теңге бөлінді.  Сондай-ақ  3 траншпен жеке ісін ашуға және кеңейтуге 20 адамға 3,0 млн теңгеден 60,0 млн теңге бөлінген, бұл қаржы 2017 жылдың қаңтарынан бастап игерілетін болады. Бүгінгі күнге 1 траншпен бөлінген 69,0 млн теңге толығымен игерілді, яғни 33 адамға 3,0 млн теңгеге дейін микрокредит берілді. Сонымен қатар 6,0 млн теңгеге дейін 5 адамға 29,4 млн теңгег микрокредит берілді.  Ағымдағы жылдың 10 қазанынан қосымша 4 адамға 6,0 млн теңгеден 24,0 млн теңге микрокредит бөлінді. Жалпы ауданға 62 адамға 243,0 млн теңге микрокредит бөлінді. Бүгінде бүл бағытта жұмыстар қарқымды жүруде. Ал 3-бағыт бойынша жастар практикасына 76 жас түлек, әлеуметтік жұмыс онына -121 жұмыссыз, қайта даярлауға 65 адам, қоғамдық жұмысқа 300 адам жіберілді.

- Сіздердің орталық арқылы жүзеге асырылатын бағдарламалардың бірі –  «Жастар тәжірибесі» екенін білеміз. Осы бағдарламаның оқу орындарын бітірген жастарға жәрдемі бар ма?

- «Жастар практикасы» 29 жасқа дейінгі жастарға арналған. Олар жастар практикасына қатысып, жоғары оқу орындары, колледждерде алған білімдері бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтайды.  Жастар практикасының ұзақтығы алты ай, жалақысы шамамен 18 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс берушілер, өз кәсіптілік деңгейін көрсете білген жастарды тұрақты жұмысқа, бос жұмыс орындары болған кезде  қабылдай алады. Жалпы, осы жастарды тұрақты жұмысқа қалдыру үшін жұмыс берушілерге міндеттеп, мемлекет тарапынан талап етілуде. Сондықтан, жұмыс беруші мекемелерге ескертіп кетуді жөн санап отырмын. Орталық мамандары жұмыс іздеп келген жас мамандарға кеңес бере отырып, бекітілген тізбеге сәйкес, тапсырыс берушілерге алған мамандықпен жұмысқа жолдама беріп отырады. Айтпақшы, биыл жұмыс берушілер осы жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындарына, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына сұраныстарын 1-ші қарашаға дейін жинақтап, біздің орталыққа тапсырып үлгерулері тиіс

- Биылғы жылы «Жастар тәжірибесіне» неше түлек жіберілді?

- Жастар практикасын ұйымдастыру мақсатында 55 жас маманға республикалық бюджеттен биылғы жылға 12599,0 мың теңге бөлінген. Жастар практикасын ұйымдастыру мақсатында бүгінгі күнге  жастар практикасына 76 жас түлек жіберілді. Оның 20-ы жұмыстарын аяқтап, 18-і тұрақты жұмыспен қамтылды.

- Жоғарыда қоғамдық жұмыс орындары деп айтып қалдыңыз. Ол жұмысты ұйымдастыру жайы қалай?

- Орталықтың міндетіне биылғы жылдан бастап қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру берілген. Қоғамдық жұмыстар уақытша жұмыс орындарын құру арқылы ұйымдастырылады. Оның ерекшелігі өңір үшін экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан пайдалы және арнайы білімі жоқ адамдарға уақытша жұмысқа орналасуға мүмкіндіктер беріледі. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, қоғамдық жұмыстарға жұмыссыздар, жазғы демалыс кезеңінде студенттер және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары, тоқтап тұруға байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар қатыса алады. Бүгінде қоғамдық жұмысқа 300 адам тартылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасын табуда. Қазіргі уақытта 2017 жылға қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру үшін жұмыс берушілерден өтінімдер жинақталып жатыр.

- Ал қайта даярлауды ұйымдастыру мәселесі қалай жүріп жатыр?

- Қайта даярлауды ұйымдастыру мақсатында жұмыс берушілердің нақты сұранысы негізінде қажетті мамандықтар тізімі тізімделіп, қайта даярлауды ұйымдастыру үшін 2 оқу мекемесімен келісім жасалынып, 50 адам қайта даярлауға жолдама алып, оқуларын аяқтап, толығымен жұмыспен қамтылды.Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қыркүйек айынан Ұлттық қор есебінен 55-пен 63 жасқа дейінгі жұмыссыздарға және жалдамалы қызметкерлерді, оның ішінде 18-ден 24 жасқа дейінгі жастарды өндірістен қол үзіп немесе қол үзбей қайта даярлау ұйымдастырылды. Бұл бағытта 15 адам қайта даярлауға жіберілді. Бағдарлама шеңберінде қайта даярлауға жіберілген Бағдарлама қатысушыларына мемлекет тарапынан материалдық көмектер көрсетіледі. Яғни, оларға ай сайын стипендия, оқу орнына дейін және кері бағытта жол жүруге – 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, тұруына – 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде материалдық көмектер ұсыналады.

- Сөз соңында, алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

- Әрине, жоспар мен мақсат көп. Мейлiнше, жұмыссыздар қатары азайса деймiз. Қарап тұрсаңыз, Үкімет қолдан келген көмекті еш аяп жатқан жоқ. Тек адамдарда ынта мен ықылас болса болғаны.

Әңгімеңізге рахмет. Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесіндегі істеріңіз ілгері болсын!

Сұхбаттасқан: А.ОРАЗБЕКҚЫЗЫ.

 

 

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Тамыз 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31