КЕМЕЛ АҒАНЫҢ ШАМШЫРАҒЫ

Жайдарман жаңалық

 2018 жылдың қыркүйек айының 18-і біздің есімізде мәңгілік қалатын шығар. Кешкілік көшеміз ай нұрындай шұғылаға бөленді. Көшеге шығып едік, жаңа салынған іргедегі саябақтың оттары жұлдыздай жарқырады. Содан таң атқанша ай жарығындай сәулеге орандық.

- Көрдіңіз бе?, - дейді менің сүйікті көршім Ұлбосын Досмолданова.

- Көрдім, жаңа саябақтың шамы жанды!, - деймін қуанышым қойныма сыймай.

- Мәңгілік бола ма?

- Болады. Кемел ағаның шамшырағы ғой, - дедім.

«Артында баласы қалса көзі қалады, сөзі қалса өзі қалады» деген тәмсіл қатты ұнайды маған. «Көзі» дегеніміз жақсы тәрбиелеген ұрпағы болса,  онымен де қараталдықтар мақтана алады. Кемел ағаның ұлы Қасым-Жомарт Тоқаев - Қазақстан Республикасы Парламентінің   Сенатының төрағасы. Мемлекет және қоғам қайраткері әке тәрбиесінің жемісі екені даусыз. Жазушының өзі - Қараталдың тумасы, даңқты жерлесіміз. Оның «Сөзі» - детектив жанрында жазылған 20 кітабы. Ең ғажабы - Кемел Тоқаев детектив жанрында шығарма жазған тұңғыш жазушы. Ол 50 жасқа толғанда туған жеріне келіп, оқырмандармен жүздескен болатын. Кейін Үштөбе қаласындағы бір мектепке есімі берілді. Онда Кемел Тоқаев атындағы қор жұмыс істейді.

Ең алғашқы кітабы «Жұлдызды жорық» деп аталатын әңгімелер жинағы соғыс тақырыбына арналған. Ал «Сарғабанда болған оқиға» дейтін атақты еңбегі оған «Детектив жанрының негізін қалаушы» деген мәртебе алып берген. Ол шығармасы әлі де қызықты оқылады. Сондықтан болар кезінде Кеңес заманында жазушының кітаптары 400 мың данамен баспадан шыққан. Оларды жас буын іздеп жүріп оқыған. Кітапханаларда да қолдан қолға өтіп отырған. Кемел Тоқаевтың  шығармалары қазақ оқырмандарына ғана емес, Кеңес Одағына қарасты барлық Одақтас республикаларға да тараған. Жерлесіміз кеңінен танымал болып, елінің де даңқын шығарған.

Енді оқырмандарға арнап біраз шығармаларының аттарын атап өтейік. Олар: «Болашақ тұралы ойлар», «Түнде  атылған оқ», «Тасқын», «Арнаулы тапсырма», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» кітаптары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, оқырмандардан жоғары баға алған. Әлем әдебиетінің алтын қорына қосылған. Міне, мұндай жазушымен қалай мақтанбассың!

Кемел Тоқаевтың 95 жылдығы әдебиет әлемінде кеңінен аталып өтіп жатыр. Оған қараталдықтар да өзіндік үлес қосты. Үштөбе қаласындағы Тоқаев атындағы мектепте салтанатты ізгі шара өтіп, жаңа спорт алаңы ашылды. Орталықта жаңа саябақ құрылысы салынып жатыр. 296,035 миллион қаржы бөлінген құрылысты «Анкор-2005» серіктестігі жүргізуде. 

Аталмыш саябақ заман талабына сай жаңаша үлгіде. Тұрғындар үшін ең жайлы, көрікті демалыс орнына айналатындай әдемі болмақ. Сондықтан болар алаңның әр жеріне 70-ке жуық ағаш орындықтар орнатылып, қоқыс жәшіктері қойылыпты. 104 жарық иодты әдемі шамдар көздің жауын алып, егілген жас өскіндер бақтың сәні мен салтанатын асырып, іс-сапармен келген қонақтардың ризалығына бөленді.

 Ия, қаламызда мұндай  сәулетті жер жоқтың қасы. Сондықтан оны ерекше күтімге алып, көздің қарашығындай сақтау парызымыз. Өйткені бұл саябақ жазушы жерлесіміз Кемел Тоқаевтың есімімен аталады. Оның 95 жылдық мерейтойына арналып салынған нысан.   Қаламгердің даңқы мәңгілік. Ендеше Үштөбедегі жаңадан салынған  жұлдызды алаңы да мәңгілік болсын деп тілейік. ЖАЛЫНДАП ЖАНА БЕР, КЕМЕЛ АҒАНЫҢ ШАМШЫРАҒЫ!

Мәкен СЕЙДАХМЕТҚЫЗЫ 

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31