Өз ұлы еді

 

Әдеттегідей күн жұма болатын… Үйге тезірек жетуді ойлаған жас жігіт лезде көлігіне отырып, ызғыта жөнелді.

 Апта бойына дамылсыз жұмыс істегенімен оның көңіл күйі көтеріңкі. Себебі алда екі күндік демалыс күтіп тұр. Қала көшелерінде серуендеп жүргендер көп. Кенет… ол машинасының алдынан бір нәрсенің жылт еткенін және қатты соққыны сезгендей болды. Лезде тежегішті басып, көлігінен ытқып шықты. Өз көзіне өзі сенбеді, жанарын тұман басқандай қарауытып сала берді. Машина дөңгелектерінің астында шамамен 11-12 жас шамасындағы ессіз жатқан баланы көрді. Не істерін білмей, абыржып қалды. Оқиға орын алған жерге адамдар да жинала кеткен. Еш дыбыс шығармай жатқан баланы көргендер оның әлі тірі екендігін, дереу ауруханаға апару қажеттігін айтты. Ал аурухана келесі көшенің қалтарысында  болатын, жедел жәрдем шақырып уақыт созғанша, жас жігіт баланы өзі апаруды ұйғарды. Сөйтті де оны жайлап көтеріп, көлігіне салып, ауруханаға қарай құстай ұшты. Мұнда келген бойда ол дәрігерге болған жайтты түсіндірді. Бірақ ол баланы зембілге жатқызып алып кеткенімен, тексеруге еш асықпады. Сөйтіп жігітті шақырып, оның қолына бір жапырақ қағазды ұстатты. Сосын онда көрсетілген соманы әкелмейінше, балаға көмектесе алмайтындығын жеткізді. Жігіт қағазды ашып, онда жазылған соманы әкелетіндігін, бірақ өлім мен өмір ортасында жатқан баланы аман алып қалуын өтінді. Сөйтті де алды артына қарамай жүгіре жөнелді. Жалған жымиыс танытқан дәрігер еш алаңсыз өз жұмысымен кете барды. Жарты сағат өтпей, жігіт ауруханаға оралды. Дәрігерді тауып, оның сұраған ақшасын қолына ұстатты. Бірақ ол ауыр халде жатқан баланы қарамақ түгілі жанына жақындамаған. Ал қолына ақша тиісімен қызара бөртіп зембілде ес-түссіз жатқан балаға қарай жүгіре  жөнелді. Алайда баланы тексеруге кіріскен кез тым кеш еді… ол өмірмен қоштасып үлгерген. Осы бір сәтте дәрігер баланың бет-жүзіне анықтап қарады. Ол оның өз ұлы еді…

        Сәрби Қасымбекқызы

 

 

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Желтоқсан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31