ЖАҢАНЫ ҚИМАЙДЫ, ЕСКІНІ СЫЙЛАЙДЫ

Өзекті мәселе

 

  Адамның жаңалыққа қашанда жаны құмар ғой. Өркениетке қол созу да бір арман емес пе. Біздің қаламызда  салынып  жатқан әрбір жаңа  құрылыс нышаны  жетістік саналады.  Қымбатшылық қысып тұрған мына заманда ешқандай кәсіптік іс-шара   оңайшылықпен жүзеге аспайды ғой. Ал құрылысты жүргізу қаншама күш пен қайратты, мол қаржыны қажет етеді десеңізші.

«Жайлау» коммуналдық жаңа базарын пайдалануға бергенде ел болып қуандық. Өйткені қаламызда дәл осындай сәулетті базар жоқ қой.   Тұрған   орны да  жақсы. Көлемі 280 шаршы метр жерді алып жатыр. 28 орынға арналған дүкен 100 орынға арналған сауда алаңы бар екен. Біз журналистер қыркүйектің 12 сінде сағат 4 шамасында жаңа базарды араладық. Мұнда келісім-шартпен 104   саудагер саудасын жасап жатыр. Біз келгенде  тұтынушылар жоқтың қасы екен.. Екінді болғандықтан ба деп ой түйдік. Ортадағы  сауда орындары мүлдем бос. Жеміс –жидек және азық түлік сатушылар өте аз. Көздің жауын алардай жаңа базардың  бұл жағдайы таңқалдырды. Бірақ базар қожайынының құрылыстың  өте сапалы  атқарылуын талап еткені, өркениетке сай болуын мақсат еткені, сәні мен салтанатының жаңа заман талабына сай болып,  тұтынушыларды   қуантпақ  болғанын  көздегені бірден байқалады. Жарайсың інім, Жайлау Власов. Әлемді сұлулық құтқарады. Адам қашанда сән мен салтанатқа құмар емес пе? Сенің бұл еңбегің патриоттық бастама. Іргедегі «Жетісу» базарымен мүлдем салыстыруға болмайды.  Ендеше  саудагерлерге   не керек? Саудагерлерге  қыста тоңбайтын жылы орындары бар жаңа базар  керек еді.   Сол армандары орындалды.   Алаңның еденіне де тас плиталар төселген ғой. Тіпті почта бөлімшесі не  де орын сайланған.  Қаламыздағы ең мәдениетті жаңа базар. Ақиқаты  осы.

  Ел-жұрт қуанды. Іргедегі қиқы–жиқы «Жетісу» базарындағы саудагерлер де осы жаңа базардың салынуын қалаған болатын. Ия. Ия. Дәп солай. 74 саудагер «Жайлау» иесімен алдан-ала келісім шартқа отырған болатын. Енді солардың кейбіреулері орынды осы жерден алып қойып, өздері күн ұзақ Жетісуға барып сауда жасап жүр. Неге?  Келісім–шарт заңды құжат емес пе?

    Оған біздің тұтынушылар да кіналы. Іргедегі бар болғаны он қадам қашықтықтағы жаңа базарға баруға ерініп, жабайы ескі базарға жол тартады. Үйреншікті әдеттері солай. Әттең –ай, бәрі де саналы адамдар ғой. Мал болса, бақташысы беттерін жаңа базарға бұрар еді.

- Әуелі ескі базар жабылсын. Сонан соң барамыз, -дейді онда тұрғандар.

    Десек те «Жетісудың» даулы екенін білмейтін пенде жоқ шығар. Қиқы-жиқы келбетімен, ығы –жығы сапырылысымен қаланың келбетін бұзып, жолаушыларға жайсыздық тудыратыны жұрттың бәріне мәлім. Бұл жабайы базардың орны Үштөбе станциясына қарасты алаң. Үштөбе  Түркістан –Сібір темір жол бойындағы ең үлкен станция. Жолаушылар мен жүк тасымалы Совет Одағы тұсында күндіз–түні тынған емес. Қазір де солай. Еліміздің әр қиырынан жолаушылыр келіп те жатады, кетіп те жатады. Әлі де поезбен сапар шегетіндер көп қой. Сондықтан болар өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарында темір жол пайдалануға берілгенде елдің  қуанышында шек жоқ еді. Болат магистраль еліміздің күретамыры саналды. Вокзал алаңы «Жетісу» қақпасы деп аталды. Бұл атаулар әлі де маңызын жойған жоқ. Жоймайтын да шығар.

   Темір жол құрылысшылары болашақтың қамын қатты ойлаған еді. Станция алдындағы ат шаптырым алаңға саялы ағаштар егіп, гүлзар жасады. Тегістеп асфальт төседі. Көз тартар саялы шағын бақ жасап, оны болашақ ұрпаққа сыйға тартқан болатын. Кейінгі бабалар ұрпағы оны күтіп, бабында ұстады.

   Әттең–ай, әттең 1996 жылдың 8 қаңтарында Қаратал ауданының әкімшілігі  Ниязбек Кәрібаев басқаратын Сарыесік фирмасына 0,224 гектар жерді 230, 160 теңгеге сатады. Бұл вокзал алдындағы алаңдағы саябақ еді. Алғашында Шаруа қожалығы деп тіркелген. Кейін оны мүлдем меншіктеп жекеменшік жер деген акт алып, базар ашқан. Әрине, тоқсаныншы қиын жылдарда ауданда базар аз болғанда Ниязбек мырза көптеген саудагерлерге жұмыс беріп, қиындықтан  құтқарғаны да шындық.  Содан бері қаншама жылдар өтті. 230 мыңға бағаланған жер миллион есе өз құнын ақтап, жаңа қожайынын байытты. Енді заман түзелгенде вокзал алдын жолаушыларға арнап абаттандыру мәселесі туындады. Бұл мәселе қараталдықтарды да толғандыра бастады. Жоғарыдағы басшылар тарапынан да нұсқау бар. Тіпті оны жөндеуге қаржы да бөлінген екен. 

   Басшылық жіберген бір ғана қателіктен қаншама басшылар азап шегіп жатыр десеңізші. 1996 жылдан бері Қаратал ауданын басқарған 7 әкім алаңды жабайы базардан тазарту үшін күресіп келеді.  Ниязбек Кәрібаев мырза соттасып келеді. Қазір де іс Жоғары сотта жатыр. Тіпті 2009 жылы аудан әкімі мен маслихат қазан айының 8-15-інде заңсыз қабылданған шешімнің үкімін жойып, Үштөбе қаласының бас жоспарын да  жасапты. Қаржы бар, вокзал жөнделді. Ал алаңды Ниязбек Кәрібаев мырза босатар емес, басқа орынға барудан бас тартады. Ерте ме, кеш пе, әділет жеңеді. Гәп басқада.

   «Жайлау» жаңа базары ескі базардың саудагерлеріне арналған еді. 74 саудагердің келісім-шарты соның айқын айғағы. Олардың  көбі, әсіресе жеміс-жидек сататындар Жайлаудан жер алып қойып, өздері күнұзақ «Жетісуда» сауда жасайды екен.

- Базар жабылмайды

- Әуелі жапсын. Сонан соң бәріміз барамыз,- дейді олар. Сонда  қалай? Жаңа базар салып беруді талап еткен де солар еді ғой.

   Мұндай кеуесетті кім таратып жүргенін білмедік. Жетісудың қазіргі иесі Қанат Ниязбекұлымен телефон арқылы сөйлестік.

- Базарды жаппаймын, -дейді ол да.

 Құрметті  Кәрібаевтар Сіздерге базарыңды жап деген ұсыныс берген жоқ аудан басшылары. Басқа жерден орындар ұсынды. Бас тарттыңыздар. Вокзал алаңының ашылуын тілеп талап етіп отырған Қараталдың халқы.  Дәулетті елге сәулет те керек қой. Адам жаны қашан да өзіне жайлы мекен жайды қалайды. Ендеше «жетісулықтардың» жаңа базардан орын алып, өздері келісім-шартқа қол қойып,  енді күнұзақ жеміс –жидегін ескі  базарда сатуына жол болсын. Қимайтындай не бар мұнда? Не?  Жоғарғы сот әлі өз шешіімін қабылдаған жоқ. Бес қадам жерде Сіздерге арналған орын тұр ғой.

  Кеуесетке сеніп, жаңаны қимайтын, ескіні сыйлайтын халқым–оу, барды бағалау соншалықты қиын болғаны ма?

  Мен «Жайлау» базарының саудагерлердің ең сүйікті орнына айналатынына сенемін.  Қаһарлы қыстан қорғанудың бірден бір жолы заман талабына сай жасалған  мәдениетті орында сауда жасау ғой. Көп кешікпей Заң орнында  оңды шешім қабылданып, алаң өз иесін табады да.

«Жайлауға» халқы сәттілік тілейді.

 МӘКЕН ӨСЕРБАЕВА,

Қазақстанның Құрметті Журналисі.

ӘЛИЯ ИСКЕНОВА, ТІЛШІ.

 

                      

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Қараша 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30