ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫ - МӘДЕНИЕТТІЛІКТІҢ ӨЛШЕМІ «

Дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталады. Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені, осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді. Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады...».

Елбасы Н. НАЗАРБАЕВ

Ауыл - аймақты  абаттандыру,  көз жанарын арбайтын гүл егіп, жапырағы сыбдыр қағатын  бәйтеректерге қарап сүйсіну өз ауылын, өз жерін сүйетін, оның табиғатына қамқор көзбен қарайтын әрбір адамның игі ісінің бірі болса керек. Шындығында, ауданымызда соңғы жылдардағы іргелі өзгерістер көптің назарына ілікпей қалған емес. Жылдар бойы тозығы жетіп тұрған нысандар кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілуде. Оған нақты мысал, қаламыздағы орталық саябақ аумағы толық қоршалып, жарық шамдары қойылып, балаларға ойын алаңын орнату жұмыстары нәтижелі іске асқан. Сондай-ақ төрт қабырғасының қоршауы төрт түрлі,  тозығы жеткен жүгіру жолақтары, доп ойналса шаң көтері-летін арнайы алаңы бар стадионның талапқа сай еместігі спортсүйер қауымның жанына батып жүргенде орталық «Жастар» стадионы да күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай қайта жаңғырды.

Бірқатар көшелер жарықтандырылып, абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалмады. Алайда, аталған жөндеу жұмыстары аяқталысымен-ақ саябаққа қоқыс тасып, жарық шамдарына қол сұғып, мыңдаған қаражат жұмсалып, еңбекпен жасалған дүниелерді бұзушылар саны артуда. Үлкен-кіші барып тынығатын орталық саябағымыз жөнделсе екен деген аудан тұрғындарының ұзақ жылғы армандары орындалып, пайдалануға берілгеніне көпшілігіміз шаттансақ, қаламыздың көркеюіне өз үлесін қоспақ түгілі, бар әдемі дүниені өз қолдарымен құртуға құштар жандардың арамызда жүргеніне налимыз. Дәл сол саябақта орнатылған ескерткіштерге түрлі жазу жазып, айналасын ластап кететіндер де кездеседі. Отырып тыныққан орынды-ғын сындырып, айналасына қоқыс тастап кете баратындар тағы бар. Осындай мысалдарды көптен келтіруге болады. Қолда барда алтынның қадірі жоқ деген халық мақалы бекер айтылмаса керек. Кез-келген аудан тұрғындарының мәдениеті сол өңірдің тазалығымен өлшенетіні анық.

Күндіз – күміс, түнде – алтын аққан қазыналы Қаратал ауданы тұрғындарының қала тазалығы мен әсем көркіне деген көзқарасы күн өткен сайын нашарлап баратыны жасырын емес. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Дегенмен, тұрғындардың басым бөлігі үйіндегі күл-қоқыстарын техниканың көмегімен қаражат төлеп шығарудан гөрі, өз ауламнан аулақ деп, көше бойына лақтырып немесе бұрыш-бұрышқа төге салуды әдетке айналдырған. Қала тұрғындарына шашылып жатқан қоқыстар, сынып, құлап жатқан дүниелер үйреншікті, бір өмір ағысы ретінде қалыптасып, сіңіп бара жатқан секілді. Әулиелер мекені саналатын ауданда тұрақтанған қараталдықтар үшін бұл жараспайтын қылық екені анық. Таза қаланы ластап жатқан халықтың өзі. Ең қорқыныштысы жас жеткіншектердің ой-өрісі сол бағытта дамып бара жатқаны. Бұл мәселенің бір жағы. Қоғамдық орындарда ізеттілік көрсету, үлкенді сыйлау, кішіге құрмет көрсету – біздің ұлттық менталитетімізге тән құндылықтар.

Ең бастысы аға буын өкілдері жастарға үнемі ақылдарын айтып, патриоттық тәрбиеге байланысты шаралар көптеп ұйымдастырылса, тазалыққа қатысты жарнамалар көбейсе, мұның да алдын алуға болар. «Бұл – біздің ертеңгі ұрпағымыз» деп, аға буын өкілдері мақтан тұтатын жастарымыздың тазалығы мен талғамы сай болып, мәдениеттіліктің үлгісін көрсете білсе, нұр үстіне нұр болар еді. Әрбір адам баласының бойында «Менің қалам» деген мақтаныш сезімі оянып, қаламыздың таза болуына өз үлестерін қосса, өлкеміз ажарлана түсері анық. Қаламыздың тазалығы – мәдениеттiлiгiмiздiң өлшемi екенiн естен шығармайық.

Альфита СЕКСЕНБАЕВА

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Шілде 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31