АУЫЛЫМ – АЛТЫН БЕСІГІМ

Облыстық байқау

 

Мамыр айының 15 күні Айту би ауылдық округінің орталығы Көкпекті ауылында «Ауылым - алтын бесігім» атты ауылдық мәдениет үйлері арасында облыстық байқау болып өтті.

Шіркін, қаймағы бұзылмаған ауылды айтсаңшы! Ауасы - керім, суы – бал, топырағы құнарлы өңірден небір өнер майталмандары шыққан. Кезінде қолынан шашақты домбырасы түспеген небір дүлділдер өткен. Шүкір, қазіргі таңда округте аға буынның өнерін жалғаған жас ұрпақ өсіп келеді.

  Мәдениет үйінің жанында «Ақ дариға» ақ кимешек киген әжелер отауы облыс төрінен келген қонақтарға қазақтың «Қымызмұрындық» салт-дәстүрін көрсетті. Бірі күбі піссе, екіншілері мол дастарханда сары қымыз сапырып, саумал, қымыз, шұбат ұсынып, жеті шелпектен ауыз тигізді. Бие сауылмас бұрын саумал, қымызы майлы, берекелі болсын деген ниетпен маңдайына май жағып, жас балалар жылқыны жетектеу жоралғысын көрсетті.

Мерекелік алаңда ауыл тұрғындары жасаған ұлттық қолөнер бұйымдары мен қылқалам шеберлерінің туындылары жұртшылық назарын өзіне аударды. Алтын бесік аймақтың еңбеккер халқы ауылдың мәдениет үйлері тойында көңілі көтеріліп, бір серпіліп қалды. Мәдениет тойына немересін ерткен ата-әжелер, ауылдың тайлы-таяғы қалмай қатысып, жерлестерінің өнерін тамашалады.

Концерт шымылдығы Көкпекті ауылдық мәдениет үйінің қыздар вокалдық тобының орындауындағы «Астана кеші» әнімен ашылды. Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына жас ақын Назерке Бауыржанқызы өз өлеңін арнаса, жас әншілер Әдемі және Ерсұлтан Оңдасын, Аружан Асылбек «Аялаған Астана», Балғын Жолдыбаева «Аяулы менің Астанам» әнін құйқылжытты. «Шұғыла» бишілер тобы «Шашу» биін мың бұрала биледі.

Ауылдың ажары ата-әжелермен көрікті емес пе? Сахна төріне көтерілген Көкпекті ауылдық әжелер ансамбілі «Бұлқынды жүрек» әнін нәшіне келтіре шырқап, әнге сусаған жұрттың шөлін қандырғандай болды. Жергілікті композитор Рақымғали Өтегеновтың «Қаратал» әнін айтқан Күлсін Есентаева мен Мая Керімбековаға жұрт сүйсініп, қошеметтеп отырды. Халық әні «Илигайды» Мөлдір Нұрлан ғана емес, барша жұрт қосыла шырқады. Көкпекті ауылдық мәдениет үйінің ұлдар вокалдық тобы «Нұр» аға әнін сәтті орындап шықты.

Тойдың ең бір әсерлі тұсы – «Қарттар үйі» жайындағы драмалық көрініс болды. Қазіргі таңда «Алдараспан» театры қойып жүрген, мыңдаған адамдарға ой салған қойылым ауыл төрінде де сәтті сомдалды. Ауыл тұрғындары бірде қарттар үйіне түскен ақсақал мен кейуананың қағытпаларына күлсе, енді бірде ата-анасын қарттар үйіне өткізген безбүйрек балаларына лағнет айтып, көздеріне жас алды. Фольклорлық ансамбілдің сүйемелдеуімен Әдемі Оңдасын халық әні «Тайбуырылдың шабысы-айды» ерекше екпінмен айтса, ауылдың ақ әжесі Тұрсын Құрманбекова халық әні «Әпитөкті» әуелетті. Мереке шымылдығы Көкпекті ауылдық мәдениет үйі хорының орындауындағы «Мәңгілік ел» әнімен аяқталды.

 

Кеш соңында Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров сөз алды. 

- Армысыздар, ауыл тұрғындары! Концертке қатысушылар! Бүгін «Ауылым – алтын бесігім» жобасында өздеріңізбен кездескенімізге қуаныштымыз. Қаратал – әулиелер мекені, қаншама бабаларымыз жатқан жер. Сондықтан осындай киелі жерде, елде тұрып ұлттық рухта тәрбиеленбеудің өзі күнә болар еді. Кішкентай бөбектеріміздің жанын сала ән салып жатқаны біздің мәңгілік ел екенімізге көз жеткізгендей болды. Жаңа мәдениет үйін араладық, жанымыз ауырып отыр. Аядай бөлмеде отырып, бес саусақтай бірігіп, жұдырықтай жұмылып еңбек етіп жатқан мәдениет саласының қызметкерлерінің жанкештілігін, өзі ісіне деген адалдығын ерекше атап өткім келеді, - деді Т. Ғұмаров.           

  Мерекеде ән мен күй, жыр мен би ағылып, күнделікті күйбең тірлікпен жүрген ауыл жұртшылығы тамаша тартуға риза болып, бір жасап қалды. Ақ шаңқан үйде ауыл халқына дастархан жайылып, атқа қонған апайтөс жігіттер көкпар тартып, ауылды дүбірге бөледі. 

А. ӨМІРБАЕВ

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Қазан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31