Нағыз қазақ домбыра

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ –домбыра» деген ақын сөзі афоризмге ай­нал­ғалы қашан! Одан кейін «Домбыра» деген ән шығып, үнемі айтылып жүр. Қа­зақтың жан жүрегін, бүлкіл сезім дүниесін өзінің күмбірлеген үнімен айнытпай дәл беретін киелі аспаптың тамам құдірет-қасиеті осы әнде қамтылған. Ендігі жерде басқа емес, қазақтың өзіне домбыраның сыр-сипатын талдап-түсіндіріп жатудың қажеті бола қоймас деп білеміз. Иә, сол қара домбыраны дәріптеу мақсатында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жұлдызды күндер» аясында тақырыпқа орай дәстүрлі ән және күйшілер жарысы болып өтті.

Домбыраның «құлағында ойнайтын» аудан өнерпаздарының басын қосқан іс-шара халықтың көңілін бір серпітіп тастады. Негізгі сайыс екі бөлімнен және ересектер мен оқушылар болып екі кезеңге бөлінді. Алғашқы бөлімде күйшілер бәсекеге түссе, келесі бөлім дәстүрлі ән жанрында өрбіді. Сонымен күміс көмей әншілер мен төкпе күйшілердің өнеріне әділ баға берген әділқазылар алқасы сайысты қорытындылады. Ересектер арасында «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша  1 орынды Пушкин орта мектебінің музыка пәнінің мұғалімі Қайролла Жаңылған, 2 орынды Қызылбалық ауылдық округінің балықшысы Сағадат Ситаев, 3 орынды Жамбыл орта мектебінің музыка пәнінің мұғалімі Гүлмайра Күней ие болды. Ал, оқушылар арасында 1 орынды Жаңаталап орта мектебінің оқушысы Гүлжан Мырзагелді, 2 орынды Қ. Байсейітов орта мектебінің оқушысы Айбота Серікхан, 3 орынды Жаңаталап орта мектебінің оқушысы Мерей Оралбек қанағат тұтты. Күйшілер бәсекесінде оқушылар арасында 1 орынды Балалар шығармашылық орталығының оқушысы Эмиль Ким ие болса, 2 орынды Горкий орта мектебінің оқушысы Әділет Тұрсынбеков, ал үштікті Елтай орта мектебінің оқушысы Риза Дәукеш ие болды. Сонымен қатар, сайыстан тыс ұйымдастырушылардың арнайы жүлдесі «Ең үздік өнер» көрсеткендері үшін Қ. Байсейітов орта мектебінің оқушысы Нұрсұлтан Адалбек, Б. Римова орта мектебінің оқушысы Алуа Нұрмұхан, Балалар шығармашылық орталығының оқытушысы Қарлығаш Құмарбековалар ие болды. Ұлттың мәйегі саналатын бабалардан мирас болып қалған ұлттық аспабымыз - домбыраның шанағынан күй төгіліп, әуелеген ән шырқалған күн көпшіліктің жүрегіне жылулық сыйлағандай болды.

Рүстем Қалиахмет


Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Тамыз 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
  1 2 3 4 5 6
7 8 9 10 11 12 13
14 15 16 17 18 19 20
21 22 23 24 25 26 27
28 29 30 31