Жаңа мешіт көз қуантады

Бәйшегір ауылдық округі

 

* Бәрекелді!

 

                        

            Алмалы ауылында Алланың жердегі үйі  - мешіт құрылысы жүргізіліп жатыр. Осынау игілікті әрі сауапты іске ауыл азаматтары біркісідей атсалысып, белсенділік танытты. Ол үшін қаржы жинауға арнайы «Сары есік» қоғамдық қоры құрылып, ауыл тұрғындары мен округтен шыққан қалталы азаматтардың демеушілігімен жиналған қаражатқа көлемі 100 шаршы метр болатын зәулім де сәнді мешіт құрылысы бой көтеруде. Қазіргі уақытта мешіт құрылысының 90 пайызға жуығы аяқталып, сыртқы әрлеу, көркейту жұмыстары жүргізілуде.

АУЫЛЫМ – АЛТЫН БЕСІГІМ

Облыстық байқау

 

Мамыр айының 15 күні Айту би ауылдық округінің орталығы Көкпекті ауылында «Ауылым - алтын бесігім» атты ауылдық мәдениет үйлері арасында облыстық байқау болып өтті.

Шіркін, қаймағы бұзылмаған ауылды айтсаңшы! Ауасы - керім, суы – бал, топырағы құнарлы өңірден небір өнер майталмандары шыққан. Кезінде қолынан шашақты домбырасы түспеген небір дүлділдер өткен. Шүкір, қазіргі таңда округте аға буынның өнерін жалғаған жас ұрпақ өсіп келеді.

  Мәдениет үйінің жанында «Ақ дариға» ақ кимешек киген әжелер отауы облыс төрінен келген қонақтарға қазақтың «Қымызмұрындық» салт-дәстүрін көрсетті. Бірі күбі піссе, екіншілері мол дастарханда сары қымыз сапырып, саумал, қымыз, шұбат ұсынып, жеті шелпектен ауыз тигізді. Бие сауылмас бұрын саумал, қымызы майлы, берекелі болсын деген ниетпен маңдайына май жағып, жас балалар жылқыны жетектеу жоралғысын көрсетті.

Мерекелік алаңда ауыл тұрғындары жасаған ұлттық қолөнер бұйымдары мен қылқалам шеберлерінің туындылары жұртшылық назарын өзіне аударды. Алтын бесік аймақтың еңбеккер халқы ауылдың мәдениет үйлері тойында көңілі көтеріліп, бір серпіліп қалды. Мәдениет тойына немересін ерткен ата-әжелер, ауылдың тайлы-таяғы қалмай қатысып, жерлестерінің өнерін тамашалады.

Концерт шымылдығы Көкпекті ауылдық мәдениет үйінің қыздар вокалдық тобының орындауындағы «Астана кеші» әнімен ашылды. Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына жас ақын Назерке Бауыржанқызы өз өлеңін арнаса, жас әншілер Әдемі және Ерсұлтан Оңдасын, Аружан Асылбек «Аялаған Астана», Балғын Жолдыбаева «Аяулы менің Астанам» әнін құйқылжытты. «Шұғыла» бишілер тобы «Шашу» биін мың бұрала биледі.

Ауылдың ажары ата-әжелермен көрікті емес пе? Сахна төріне көтерілген Көкпекті ауылдық әжелер ансамбілі «Бұлқынды жүрек» әнін нәшіне келтіре шырқап, әнге сусаған жұрттың шөлін қандырғандай болды. Жергілікті композитор Рақымғали Өтегеновтың «Қаратал» әнін айтқан Күлсін Есентаева мен Мая Керімбековаға жұрт сүйсініп, қошеметтеп отырды. Халық әні «Илигайды» Мөлдір Нұрлан ғана емес, барша жұрт қосыла шырқады. Көкпекті ауылдық мәдениет үйінің ұлдар вокалдық тобы «Нұр» аға әнін сәтті орындап шықты.

Тойдың ең бір әсерлі тұсы – «Қарттар үйі» жайындағы драмалық көрініс болды. Қазіргі таңда «Алдараспан» театры қойып жүрген, мыңдаған адамдарға ой салған қойылым ауыл төрінде де сәтті сомдалды. Ауыл тұрғындары бірде қарттар үйіне түскен ақсақал мен кейуананың қағытпаларына күлсе, енді бірде ата-анасын қарттар үйіне өткізген безбүйрек балаларына лағнет айтып, көздеріне жас алды. Фольклорлық ансамбілдің сүйемелдеуімен Әдемі Оңдасын халық әні «Тайбуырылдың шабысы-айды» ерекше екпінмен айтса, ауылдың ақ әжесі Тұрсын Құрманбекова халық әні «Әпитөкті» әуелетті. Мереке шымылдығы Көкпекті ауылдық мәдениет үйі хорының орындауындағы «Мәңгілік ел» әнімен аяқталды.

 

Кеш соңында Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров сөз алды. 

- Армысыздар, ауыл тұрғындары! Концертке қатысушылар! Бүгін «Ауылым – алтын бесігім» жобасында өздеріңізбен кездескенімізге қуаныштымыз. Қаратал – әулиелер мекені, қаншама бабаларымыз жатқан жер. Сондықтан осындай киелі жерде, елде тұрып ұлттық рухта тәрбиеленбеудің өзі күнә болар еді. Кішкентай бөбектеріміздің жанын сала ән салып жатқаны біздің мәңгілік ел екенімізге көз жеткізгендей болды. Жаңа мәдениет үйін араладық, жанымыз ауырып отыр. Аядай бөлмеде отырып, бес саусақтай бірігіп, жұдырықтай жұмылып еңбек етіп жатқан мәдениет саласының қызметкерлерінің жанкештілігін, өзі ісіне деген адалдығын ерекше атап өткім келеді, - деді Т. Ғұмаров.           

  Мерекеде ән мен күй, жыр мен би ағылып, күнделікті күйбең тірлікпен жүрген ауыл жұртшылығы тамаша тартуға риза болып, бір жасап қалды. Ақ шаңқан үйде ауыл халқына дастархан жайылып, атқа қонған апайтөс жігіттер көкпар тартып, ауылды дүбірге бөледі. 

А. ӨМІРБАЕВ

Жайдарман ойыны

25 қараша күні аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Жұлдызды 25 күн» мерекесіне орай «Қазақстан-ортақ Отанымыз» атты Қаратал ауданы әкімінің жүлдесіне арналған  жайдарман ойыны ұйымдастырылды.

Аталған ойындардың негізгі мақсаты болып жастардың бойындағы мәдениеттілікті, рухани адамгершілікті дамыту, өнерге білімге деген шығармашылық ізденістерін шыңдау, жастардың танымдық қызығушылығын, шығармашылық қабілетін, сахна мәдениетін, өзін-өзі тану қабілетін қалыптастыру, жастар арасында қазақ тілінің дамуына және жандануына үлес қосу болып табылады. Талантты жастардың басын қосқан көңілділер мен тапқырлардың ойынында Алматы қаласынан ат терлетіп келген "ЛИМОН" командасы бас жүлдеге ие болды. Талдықорған қаласынының "БРЭНД" командасы екінші орынға ие болса, үздік үштікті № 13 орта мектебінің «Әңгіме жоқ» командасы қорытындылады. Бүгінгі таңда еліміздің жастары үшін маңызға ие болған жайдарман ойынын тамашалауға көрермендер көп жиналды. Намысты қолдан бермеуге тырысқан әр команда ұтымды әзіл, тапқыр сөзбен сайысты қызықты өткізіп, жеңімпаз командалар ақшалай, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Рүстем Қалиахмет

Өнерпаздарды құрметпен қарсы алды

 

* Бәрекелді!

 

   Сәуір айының 20-22 күндері аралығында Шымкент қаласында «Көктем гүлі – әз Наурыз» атты республикалық көркем саз, ән-би өнер байқауы болып өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен өнерге бейімі бар жас өрендер қатысып, бағын сынады. Осынау бәсі жоғары байқауға аудандық мәдениет үйінің және балалар шығырмашылығы орталығының өнерпаздары қатысып жүлделі орындарға ие болды.

  Атап айтқанда, «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша төл өнерімізді жаңғыртып, жұртшылыққа дәріптеуде ерекше қабілетін, ырғаққа бейімділігін жоғарғы дәрежеде көрсеткені үшін Ақниет Мүбаракжан бас жүлдені жеңіп алды. Анар Байгөбектің қол астында тәрбиеленіп жатқан жас жеткіншектің бұл табысы ауданымыздың абыройын асқақтатты.

  Сондай-ақ, биші қыздарымызда да намысты қолдан бермей, бар өнерлерін ортаға салды. Нәтижесінде «Алтынай» би ансамбілінің  орта тобы 1 орынға қол жеткізсе, кіші тобы 2 орынға ие болып, лауреат атанды. Хореограф Ақгүл Нүрпейсованың тәрбиелеген қызғалдақтай құлпырған қыздары сенімді ақтап, ұстазынаң мерейін өсірді.  Ал, көркемдік жетекші Алма Досаованың баптаған шәкірті Ерасыл Аман вокал аталымы бойынша 1 орыннан көрінді.    

    Осылайша, ауданға қуанышпен оралған өнерпаздарды вокзалдан аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қасымов бастаған жұртшылық құшақ жая қарсы алды. Вагоннан түскен өнер иелеріне жұрт құрмет белгісі ретінде гүл шоқтарын ұсынып, емен-жарқын құшақ айқастырды. Мойындарына медаль таққан жас өрендердің ата-аналары, туған-туыстарының жүздерінде шаттық ойнап, сағына көрісті. Сыңғырлаған күлкіден бақыттың лебі есіп тұрғандай болды. Жетістікке жеткен жерлестерін жігерлендіріп, қолдарына лозунг ұстаған жанкүйерлер тобы да көз қуанышына айналды. Жұртшылық болашағынан зор үміт күттіретін жас өнерпаздармен бірге естелік суретке түсіп, мәз-мәйрам болысты.

Нағыз қазақ домбыра

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ –домбыра» деген ақын сөзі афоризмге ай­нал­ғалы қашан! Одан кейін «Домбыра» деген ән шығып, үнемі айтылып жүр. Қа­зақтың жан жүрегін, бүлкіл сезім дүниесін өзінің күмбірлеген үнімен айнытпай дәл беретін киелі аспаптың тамам құдірет-қасиеті осы әнде қамтылған. Ендігі жерде басқа емес, қазақтың өзіне домбыраның сыр-сипатын талдап-түсіндіріп жатудың қажеті бола қоймас деп білеміз. Иә, сол қара домбыраны дәріптеу мақсатында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жұлдызды күндер» аясында тақырыпқа орай дәстүрлі ән және күйшілер жарысы болып өтті.

Толығырақ: Нағыз қазақ домбыра

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Қараша 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30