Сыйлық жауған күн

  • Ø «Қазпоштаға»  — 25 жыл

                       

         Ұзақ жылдардан бері байланыс құралы ретіндегі өзінің маңыздылығын жоймай келе жатқан «Қазпошта» АҚ-ның еліміздің ішкі-сыртқы байланыс саласында алар орны ерекше. «Қазпошта» акционерлік қоғамы – бұл еліміздегі ұлттық пошта желісінің жалғыз операторы. Сондай-ақ халықаралық пошталық хат-хабарлар мен пошта жөнелтімдерін жеткізуді іске асыратын бірден-бір компания. Биыл «Қазпоштаға» 25 жыл толды. Осы ширек ғасыр ішінде пошта қызметінің аясы кеңейіп, тек хаттар мен сәлемдемелер жіберумен ғана шектелмей коммуналдық төлемдерді қабылдап, несие рәсімдеу процестерімен қатар көптеген жаңа заманға сай қолжетімді қызмет түрлерін ұсынып, жанданып келеді. Күн өткен сайын енгізіліп жатқан жаңашылдықтар бұл саланың тынысын кеңейтіп, халық сұранысын арттырып отыр. Бүгінде компания ел аумағын тұтастай ғаламтормен қамтып, заманауи технологияларды енгізу арқылы жаңа жұмыстарды қолға алып қызмет аясын кеңейтуде.

 

 

         19 қыркүйек күні аудандық «Қазпошта» акционерлік қоғамының 25 жылдық мерейтойына орай аудан тұрғындары арасында «Kazpost-тан сыйлықтар жылы» атты акция ұйымдастырылды. Игілікті шараның басты мақсаты – аудан жұртшылығы пошта қызметін насихаттап, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету болатын. Аудандық пошта мекемесі мерекеге сай безендіріліп, әуезді ән ойнап тұрды. Ұтыс ойындары өтетіндігінен құлақдар болған жұртшылық межеленген уақытта аталмыш мекеме алдына жиналды. Ұлттық нақышта киінген сұлу қыздар көпшілікті ілтипатпен қарсы алып, зал ішіне жайғастырып болған соң, мерекелік шара басталды.  Ұтыс ойындарын бастамас бұрын ойынның әділдігін анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамына «Қазпошта» АҚ-ның Алматы облыстық филиалының кәсіподақ комитетінің төрағасы Алима Қыдырова, облыстық филиалдың бөлім басшысы Рамиль Гизатов болды.

Сөз алған аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қасымов аудандағы пошта қызметі еңбегінің өлшеусіз екендігін айтып, аталған сала қызметкерлерін мерекелерімен құттықтады. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейлхан Беков, аудандық пошта байланыс торабының бастығы Айжан Абдикадырова аталған шараның мән-маңыздылығына тоқтады. Одан соң «Қазпошта» АҚ-ның Алматы облыстық филиалының директоры Мұхит Кәрібаев: «Биыл «Қазпоштаның» мерейтойына байланысты осы шараны қолға алдық. Біздің басты мақсатымыз – пошта қызметін насихаттап, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету. Пошта қызметі бүгінгі таңда заман ағымына сай жаңа технологиялармен қамтамасыз етіліп, жаңару үстінде. Мұның бәрі тұрғындардың көңілінен шығу үшін жасалып жатыр. Соңғы 2 жыл ішінде айтарлықтай өзгерістер болып жатыр. Атап айтар болса, 2 деңгейлі банктердің барлық қызмет түрлері көрсетілуде. Енді осы шараның жалғасы қазан айына дейін жалғасын табады. Онда поштадан сәлемдеме жіберген азаматтар арасында автокөлік ойнатылады. Сонымен қатар, Қазақстан бойынша жәрдемақы мен зейнетақы алушылар арасында 50-200 мың теңге аралығында конкурс өтеді»-деді. Өз кезегінде сөз алған «Қазпошта» АҚ-ның Алматы облыстық филиалының кәсіподақ комитетінің төрағасы Алима Қыдырова облыстық пошта торабының атқарып жатқан ауқымды істерін тілге тиек етіп, пошта қызметінің үнемі алда болуына қызметкерлердің қосқан үлесін айтып өтті. Жиын қонақтары ұйымдастырылып жатқан акцияның маңыздылығына тоқталып, ұтыс ойынына қатысушыларға сәттілік тіледі. Көптен күткен қызықты сәтке де уақыт келіп жетті. Алдымен поштаға жиналған тұрғындарға ойынның шарттары таныстырылды. Ұтыс ойыны басталысымен залға жиналған көпшілік арасында  бағалы сыйлықтар ойнатылып, ойын соңында қосымша 50 мың теңгенің сертификаты табысталды. Ұтыс ойынына қатысып, жүлделі болған барлық тұрғындар мәре-сәре болысты. Сондай-ақ, шара барысында аудандық пошта бөлімшелерінің белсенді қызметкерлеріне «Алғыс хаттар» беріліп, аудандық мәдениет үйінің ұжымы мен өнерлі жастары әсем ән, толқынды билерімен әрлеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Әлия ӘЛІБЕК

 

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31