АСТАНА – ЕЛ МАҚТАНЫШЫ

 

Қашан да елдің бет-бейнесі оның мәдениеті мен экономикасында екені ақиқат. Демек, халықты рухани байлыққа кенелтіп, өрелі өнерімен сусындататын мәдениеттің мәртебесі биік. Қазақ елінің мәдениетін арттыру мемлекет басшысының алға қойған асқақ міндеттерінің бірі.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен көркемөнерпаздар ұжымдарының байқауы биылғы жылы жаңа қарқынмен бастау алды. Биылғы маусымның басты тақырыбы Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Бола-шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Астана – ел мақтанышы» айдарымен Астана қаласының 20 жылдығына арналды. Сонымен қатар, мәдени шара аясында Қаратал ауданының 90 жылдығы, детектив жанрының көшбастаушысы Кемел Тоқаев пен Қазақстанның халық әртісі Бикен Римованың 95 жылдықтары аталып өтілді.

Бұл байқау бекітілген кестеге сәйкес 5-12 ақпан күндері жеке дауыстағы әншілер мен түрлі ансамбльдердің орындаушылық шеберліктерін анықтау, әуесқой шығармашылықты дамыту және қолдау көрсету мақсатында барлық ауылдық округтерде өткізілді. Қазылар алқасының құрамында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А. Оңғаров, аудандық мәдениет үйінің директоры С. Мәженова, балалар шығармашылығы орталығының директоры Ж. Тұтқабеков, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Г. Гилева болды. Олар өнерпаздардың орындаушылық шеберліктеріне, сахналық киімдері мен жүріс-тұрыстарына, дауыс диапазондарының кеңдігі мен тазалығына, орындалатын шығармалардың көркемдік деңгейіне, бағдарламаның әсем өрнектелуіне, би композициясының қойылымы мен реквизитіне, сондай-ақ репертуар байлығына, тақырып ауқымдылығына, жалпы мәдени шараның ұйымдастырылуына басты назар аударды.

Жалпы алғанда ауылдық мәдениет үйлерінің көркемдік жетекшілері  үйірмелер мен құрылымдардың жұмысын жаңаша бағытта дамытуды қолға алған. Дарынды тұлғаларды да түрлі конкурстарға қатыстырып, оларды насихаттауға көңіл бөлуде. Жыл өткен сайын өнер ұжымдарының қатары көбейіп келе жатқандығы қуантарлық жағдай. Бұл дегеніміз «Өнерге әркімнің де бар таласы» деген сөздің өміршеңдігін көрсетсе керек. «Ай мен жұлдыз болмаса қараңғы түнде адамдар адасар еді, ал өнер дүлділдері болмаса, мына күйбең тіршілікте адамдардың көңілін кір басар еді» деп ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, әр ауылдың өзіндік ерекшелігімен құрылған концерттік бағдарламаларына көңіліміз толды, өнер көзі халықта екендігінің куәсі болдық. Тарихи театрландырылған қойылымда ойнаған жас әртістер мен мың бұралған бишілердің өнерлерін көріп, есті әндер мен көбік шашқан күйлерді тыңдап, жадырап қалдық. Бүгінде дала дарындарының ізін басқан өнерпаздар аз емес екендігіне көзіміз жетті. Қысқасы, қай ауылға барсаңыз да мәдениет үйі қызметкерлерінің қызу еңбегінің үстінен түсесіз.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, дәстүрлі түрде өткізілетін бұл доданың 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қаңбақты ауылдық округі 3-ші орын, Айту би ауылдық округі 2-ші орын, Ескелді ауылдық округі 1-ші орын, Бастөбе ауылдық округі Бас жүлдені иеленді. Барлық белсенді қатысушы өнер ұжымдары алғыс хаттармен марапатталды. Ал, жүлделі орын алған ұжымдарға аудан әкімінің Дипломдары мен сыйлықтар табыс етілді.

Елордамыз Астана қаласының кешегісі мен бүгінгісін әспеттеп, мерейін асқақтату, ауыл мәдениетін көтеру және тұрғындарға мәдени қызмет көрсету бағытындағы мәдени шара жоғары деңгейде өткізілді. Елдігімізді арттырып, береке-бірлікті нығайтар жолындағы осындай игі шаралар саны арта берсін. Еліміздің мәртебесін арттыру, келер ұрпақтың болашағына жол салу, бабалардан қалған бағалы дүниелерді бағамдай білу баршамыздың ортақ міндетіміз.

Біздің өлке үшін бүгінгі күні жарасымды дәстүрге айналған бұл байқау келер жылы да жалғасын табатын болады.

А. ОҢҒАРОВ,

аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

 

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Қазан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31