Менің таңғдауым - балаларға

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауының бірінде: «Бүгінгі таңдағы ауыртпашылықтар - біздің үлесімізге тиген алғашқы сынақ емес, барлық қазақстандықтардың өркендеуі, қауіпсіздігі мен әл-аухатын жақсарту аса маңызды міндет болып қала береді. Сондықтан қазақстандықтарды аталған іс-шараларды жүзеге асыруға, еңбексүйгіштікке және қайсарлық танытуға, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесуге және қамқорлық көрсетуге шақырамын» деп атап көрсеткен болатын. «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген балалардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жаңа әлеуметтік саясатты іске асыру мақсатында бастау алған «Мектепке жол» республикалық акциясы биылғы жылы «Менің таңдауым – балаларға көмек!» атты ұранды алға тартуда.

Оқумен қамтылмаған мектеп жасындағы балаларды анықтап, аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан, сондай-ақ, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мектеп оқушыларына уақытында  материалдық қолдау көрсетіп, әлеуметтік себептер бойынша олардың мектепке келмеуінің алдын алу мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде бірінші тамыздан басталған екі айлық «Мектепке жол» акциясы аудан көлемінде де ұйымдастырылды. Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен 21 тамыз күні орталық алаңда өткен игі шараға аудан басшылығымен қатар мекеме, бөлім басшылары, мектеп ұжымдары, жеке кәсіпкерлер мен көптеген демеушілер, мектеп жасындағы балалар мен олардың ата-аналары қатысты. Табиғат аясында өткен шара барысында мектеп өнерпаздары ән-жырларынан шашу шашып, өңір халқына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Акцияға жиналған аудан жұртшылығы балаларына мектеп формаларымен қатар, басқа да құрал-жабдықтар алуларына мол мүмкіндік болды. Ондағы оқушылар киімі мен кеңсе тауарларының бағасы өзге дүкендермен салыстыра қарағанда төмендеу екендігі көзге бірден түсті. Киімдердің сапасы да жаман емес.

Аудандық білім бөлімі мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, орта білім беру мекемелері бойынша ағымдағы жылдың тамыз айының есебімен алғанда аз қамтылған, жетім, жартылай жетім, көп балалы отбасындағы балалар саны – 552-і құрап отыр. Дәстүрлі шара бастау алғаннан бері аудан азаматтары «Мектепке жол акциясына» бірауыздан үн қосып, әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың балаларына жан-жақты көмек көрсетуде. Нақтырақ айтар болсақ, «Қаратал» АҚ директоры Серікжан Жексенбинов көмекке зәрі балаларға 600000 теңге көлемінде қаражат бөлді. Елтай орта мектебінің 2 және К. Тоқаев ОМ-нің 3 оқушысы «Уштобе Кирпич» ЖШС директоры Алтай Смаиловтың қолдауымен мектеп формасы және қажетті құралдармен (114000 мың теңгеге) қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, № 55078 әскери бөлімі 5 балаға 50000 теңге, № 301310 әскери бөлімі 9 оқушыға 60000 қаражат бөлді. «Тастөбе АгроФуд» ЖШС директоры Сабит Ахметов Жамбыл орта мектебінің 4 оқушысына 40000 теңге жұмсады. Былтырғы оқу жылында демеушілер тарапынан 319 балаға 3413800 теңгеге көмек көрсетілсе, биыл 3736370 теңге көлеміндегі қаражатқа 246 бала мекеме, бөлім басшыларымен қатар кәсіпкерлердің қолдауымен мектепке дайындалды, - дейді жоғарыда аталған бөлім мамандары.

Оқушыларды жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсетуге бағытталған дәстүрлі акция 30 қыркүйекке дейін жалғасын табатындықтан алдағы уақытта да көмекке зәру балаларға жан-жақты қолдау көрсетіле бермек. Сондай-ақ, акция қаржылай немесе заттай көмек көрсетумен ғана шектелмейтінін ұмытпайық. Мектепке бармай жүрген баланы көрген әр адам, дабыл қағып, жас ұрпақтың оқумен қамтылуына көмек жасап, аудандық білім бөліміне немесе білім ошақтарының назарына ұсынғаны жөн болар. Сонда біз өз тарапымыздан акцияның нәтижелі өтуі мен бір баланың болсын тағдырына өз үлесімізді қосқан боламыз.

Альфита СЕКСЕНБАЕВА

Жалын тобы, жарайсың!

Үстіміздегі жылдың 22 тамыз күні Талдықорған қаласын-дағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың жұмыс жоспарына сәйкес, «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты мемлекеттік қызметшілер арасында байқау ұйымдастырылып өткізілді.

Байқау барысында 15 команда қатысып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар демекші біздің жалынды жастарымыз, белсенді мемлекеттік қызметкерлеріміз «Көк бөрідей, жүректі қайраттымыз, жігерлі де, білімді ай-баттымыз» атты жалынды оттай ұрандарымен «Жалын» тобы Үштөбе қалалық округі әкімі аппаратының бас маманы Мұхтарұлы Азамат, Бастөбе ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Керимова Ирина Тимофеевна, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Қанатбай Мирас Жанатқанұлы немқұрайдылық танытпай, бел буып, қайраттанып, өз білім, біліктіліктерін көрсете жүлделі ІІІ орынды иеленіп, басқарманың дипломымен және 50 мың теңге сертификатымен марапатталды.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі

 

Спорт күнін атап өтті

Тамылжыған тамыз айының үшінші жексенбісінде Қазақстан халқы спорт күнін атап өтеді. Осынау бұқара халық үшін маңызы зор іс-шара ауданымызда жыл сайын өзіндік ерекшелігімен тойланады. 18 тамыз күні Үштөбе қаласының «Жастар» стадионында дене шынықтыру  және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен спорт күніне арналған ауқымды спорттық іс шара өткізілді.

Мерекелік іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тасыбаев барша спортшылар мен спортсүйер қауымды төл мерекесімен құттықтап, деніне саулық тілеп, спорт саласында толайым табыстарға қол жеткізіп, еліміздің даңқын әлемге танытуға шақырды. Қаратал ауданында спортты дамытуға қосқан үлесі, жас ұрпақты саламатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеуде атқарған зор еңбегі үшін ардагер Тұрлыхан Дөненбаев, «Қазақстан Республикасының дене тәрбиесі мен спортына сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісінің иегері, «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Жолдасбай Әлімбетов, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, спорт ардагері Николай Пак, Қаратал ауданының құрметті азаматы, спорт ардагері Рысхан Тапенов салтанатты жағдайда алғыс хатпен марапатталды. Сонымен бірге атлетикадан  Қазақстан Республикасының спорт шебері, ауыр атлетикадан және пауэрлифтингтен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Дмитрий Ольховский, Алматы облысының футболдан мамандандырылған спорт мектебінің жаттықтырушысы, спорт ардагері Виктор Ли, волейбол бөлімінің жаттықтырушысы, С. Морозов орта мектебінің мұғалімі, спорт ардагері Александр Мутерко, гір спортынан облыстық ардагерлер Спартакиаданың жеңімпазы, спорт ардагері Арғынбай Сейтов, Жаңаталап орта мектебінің дене шынықтыру мұғалімі, спорт ардагері Мырзабай Ерғосаев, Бастөбе сервистік-технологиялық колледждің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жоламан Даутов және тағы басқа азаматтар осындай құрметке ие болды.

Жарыс бағдарламасына сай шағын футбол, баскетбол, волейбол, жеңіл атлетика, қазақ күресі, қол күрес, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ және гір спорты ойын түрлерінен тартысты да қызықты жарыстар өтті. Шағын футбол жарысына 14 команда қатысып, 1 орынды «Локомотив» командасы жеңіп алса, 2 орынды «Динамо» командасы иеленіп, 3 орынды «Қаратал» және «Фрунзе» командалары теңдей бөлісті. 

Волейбол жарысында 1 орын Тастөбе ауылдық округіне бұйырды. Ал 2 орынға - «Жастар» (Үштөбе), 3 орынға Бастөбе ауылдық округі командасы иеленді. Баскетболдан ерлер арасында 1 орын «Қаратал», 2-орын № 51 Морозов атындағы ОМГ, 3-орын Б. Римова ОМГ командасы иеленді.

Жеңіл атлетика жарысында 2005 жылғы жасөспірімдер арасында (60 метр) 1 орын Толеухан Ерасылдың қанжығасына байланды. Куйкабаев Тамирлан  2 орынға ие болса, Кудашкин Стас 3 орынан көрінді. Қыздар арасында 1 орынды Кизилова Катя, 2-орынды Омаргалиева Валерия, 3-орынды Курд-оглы Диана (100 метр) жеңіп алды. Әйелдер арасында 1 орын Белишко Олесяға, 2 орын Кудашкина Катяға, 3-орын Ушакова Татьянаға бұйырды. Ерлер арасында Берікболов Даурен 1 орыннан көрінсе, Маратов Айбек пен Акимов Айдос екінші және үшінші орындарға табан тіреді. Қол күресі жарысына Д. Дуз-оглыға шақ келер ешкім болмай, 1 орынды ұтып алды. Сондай-ақ, 2-орынды Е. Акашев, 3 орынды Р. Антукаев еншіледі.

Ақылдылар ойыны, қазақтың төл ойыны – тоғызқұмалақ жарысында 1 орынды Даниял Айпов, 2 орынды Диас Айпов, 3 орынды Расул Капал иеленді. Сонымен бірге дойбы жарысында 1 орынға Д. Айпов, 2 орынға  Н. Айтмұкаш, 3 орынға Т. Ли ие болды. Шахмат жарысында Мамикбаева Камила жеңімпаз атанса, 2 орын алған Қылышбаев Мейірбек, 3 орын иеленген Шаймолданов Асылжан өзінің мықтылығын көрсетті. Гір спортынан 1-орын Муляков Александрға, 2-орын Леонов Дмитрийге, 3-орын Шин Игорьға бұйырды.

Қазақ күресінен 52 кг салмақ дәрежесінде Тлеукенова Ақмарал 1 орынды жеңіп алып, алтынмен апталды. Смагулова Аяжан күміспен күптелсе, Салимболова Перизат қолаға қол созды. 23 кг салмақ дәрежесінде 1 орын Аскаров Нұрболға, 2 орын Жылболов Шерасылға, 3-орын Бекмұрза Әлиханға бұйырды. Ал 35 кг салмақ дәрежесінде 1 орынды Д. Мухаметқали, 2 орынды Д. Ибрагимов, 3-орынды Ә. Әділхан еншіледі. 46 кг салмақ дәрежесінде 1 орынды Тұрсымбек Абай, 2 орынды Абусағиев Махамбет, 3 орынды Дінмұханбет Ерасыл иеленді. 55 кг салмақ дәрежесінде 1 орын Смагулов Ильясқа, 2 орын Канат Мадиярға, 3 орын Бекенов Жеңіске бұйырды.

Спорт күні стадионға жұртшылық көктеп жиналып, денсаулыққа пайдасы мол жаттығулар жасап, бір сергіп қалды. Тартысты да қызықты өткен ойындар халықты спортқа деген қызығушылығын арттыра түсті.

А. БАҚЫТҰЛЫ

Сәтті қадам

Жуырда «Нұр Отан» партиясы Қаратал аудандық филиалының акт залында «Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында аудан жастарымен кездесу өтті. Жиынға «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова, Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәния Наурызбаева, аудандық мекеме басшылары, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшелері қатысты.

«Нұр Отан» партиясы Қаратал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жандос Теңелбаев жиынды ашып, «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында Елбасы жаңа әлеуметтік саясаттың жаңа принциптерін анықтап, баланы қорғауды алдағы жылдарға ең маңызды басымдылықтардың бірі ретінде белгілегенін айтты.

«Нұр Отан» партиясы Қаратал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жандос Қасқырбекұлының айтуынша, «Сәтті қадам» партиялық жобасының үшінші бағытының іске асыру барысында партияның филиалдары аудандық, қалалық білім бөлімдерімен жан-жақты салыстырмалы сараптама жасалып, жоғары және арнаулы оқу орындарына түскен, «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мамандық алып, жұмыспен қамтылатын және әскер қатарына шақырылатын түлектер туралы деректер қоры қалыптастырылған. Нақтырақ айтар болсақ, Бірыңғай ұлттық тестке қатыспаған 132 түлектің 15-і – ақылы негізде жоғары оқу орнына, 69 бала арнаулы оқу орындарына түскен. Сондай-ақ, 13  жас қайта даярлауға жіберілсе, 5 бала «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында және өз бетінше жұмысқа орналастылып. 13-і әскер қатарына шақырылған.  Ал, бірыңғай ұлттық тест кезінде 50 балдық шекті деңгейге жете алмаған 59 түлектің 17-і - ақылы негізде жоғары оқу орнына, 29-бала арнаулы оқу орындарына түсіп, 2 жас қайта даярлауға жіберілсе, 3-уі әскер қатарына  шақырылыпты.

Сөз тізгінін алған «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадірұлы «Сәтті қадам» партиялық жоба аясында облыс көлемінде іргелі істер атқарылып жатқанын әңгімеледі. 

- Біздің облысымызға келетін болсақ, 2016-2017 оқу жылында 14268 бала мектеп бітіріп, ҰБТ-да ең төменгі шектік балл ала алмаған 1600 түлек бар екен. Ол балалар да – біздің келешегіміз. Осы «Сәтті қадам» жобасы бойынша аудандық білім, басқа да мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, жұмыс жасап жатырмыз. Балалар сыртта қалып қоймай, олардың тиісті оқуларына түсуіне, кәсіптік-техникалық мамандықтарды игеру, икеміне қарай жұмысқа орналасуына жағдай жасаймыз, - дейді Серік Нұрқадыров. Оның айтуынша, 310 түлек жоғары оқу орнына түссе, 287 түлек техникалық-кәсіптік білім беру мекемелеріне түскен. Соның ішінде 30 түлек шетелдік оқу орнының студенті атанған. 112 түлек «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» арқылы жеке шаруа қожалықтарына, мекеме, кәсіпорындарға жұмысқа орналасқан. 31-і әскер қатарына шақырылса, 8 түлек мамандарды қайта даярлау орталықтарында білім алуда. Сондай-ақ, 1081 түлек кәсіптік-техникалық білім беру мекемелеріне қабылданған. Ол қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалардың барлығы жас мамандардың жұмысқа орналасуына жағдай жасалып, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беріліп жатқанын тілге тиек етті.           

Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Тастандықызы өз сөзінде ҰБТ-ға бармаған және тестілеуде шекті балл ала алмағандарды жұмысқа орналастыруға аса көңіл бөлініп жатқанын айтты. «Кәсіптік техникалық колледждерге қолында аттестаты бар немесе 9 сыныпты бітірген аттестаты бар балалар кәсіптік білімін жалғастыра алады. Облыста 73 колледж бар, оның ішінде 41 колледж – мемлекеттік, 32 колледж – жекеменшік. Соның 30-ға жуығы кәсіптік-техникалық білім береді. Кәсіптік-техникалық білім алам деуші жастарға есік ашық», - деді ол. Сондай-ақ, 1 қыркүйектен бастап ҰБТ-ға бармағандар мен шекті балл ала алмаған 1535 жасты оқуға қабылдау жүргізіліп, жұмысшы мамандықтарына оқытып, мәселен шаштараз және стилист секілді екі деңгейлі мамандық алып шығу жағы қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Гүлмира Тастандықызы айтуынша, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің әр облысында облыс әкімінің гранттары бөлінген. Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы университетте Алматы облысы әкімінің 30 гаранты бөлінген, соның 20-сы – педагогикалық, 10-ы туризм және өлкетану саласы бойынша болмақ. Оқуға түсе алмай қалған дарынды түлектер осы гранттар арқылы оқуға мүмкіндігі бар.

Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәния Дүйсенбіқызы халықты жұмыспен қамтуда 29 жасқа дейінгі жастарға көп көңіл бөлінетінін, жұмысқа орналасқандардың 50 пайыздан астамы жастар екенін жеткізді. Азаматтарды жаппай оқыту арқылы жұмысқа орналастыру және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Қысқа мерзімді курстардан бастап 3 жылға дейінгі оқыту үрдісі қолға алынған. Қысқа мерзімді оқуға 6815 адамды тарту қажет болса, бүгінде соның 70 пайызы орындалған екен.

Сөз тізгінін алған аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Оңғаровтың мәліметінше 2017 жылы аудан бойынша 362 түлек бітірсе, соның 195-ы жоғарғы оқу орнына түскен. Оның ішінде 86 оқушы мемлекеттік, шетелдік грант иегері атанған. 126 түлек колледжде білім алатын болады, оның ішінде 26 грант және 97 түлек ақылы түрде білім алады. Қаратал аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Ақжайық Кілтбаева нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде бүгінде 1205 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына, яғни 240-ы – қысқа мерзімді оқуға, 69-ы тұрақты жұмыспен қамтылғанын айтты. Ерекше айта кетерлігі, 28 адам 151 млн. теңге көлемінде жеке ісін ашу үшін микрокредит алған. Залдағы көпшілік арасынан сөз алған аудандық мәслихат депутаты Берік Абақов Алматы облысы аграрлы өңір болғандықтан жұмысшы мамандықтарына да көп көңіл бөлу қажеттігін алға тартты. Себебі, қазір мал бағатын, қызылша өсіретін, құрылысшы мамандары жетіспейді. Жастар атынан аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Нұржан Рахметқазынов кәсібін жаңа бастаған жастарға мемлекет тарапынан пайызы аз несие алуды жеңілдету жағын қарастырса деген ойын білдірді. 

Жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы Қаратал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жандос Теңелбаев мамандық бойынша тәжірибенің жоқтығы мен еңбек нарығындағы біліктілік бәсекесінің аздығы жастар арасындағы жұмыссыздықтың пайда болуының басты себептері екенін айтып, мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттарына жоғарғы оқу орынын бітіріп келіп, жұмыссыз отырған аудан жастарын жұмысқа орналастыруға ықпал етуге шақырды.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Елбасы мақаласы - жастарға бағдар

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын насихаттау, Елбасының жүргізіп отырған саясатын, іскерлік қабілеті мен ұшан-теңіз еңбегін жас ұрпаққа жеткізу мақсатында мамыр айының 16-жұлдызында аудан жастарымен кездесу ұйымдастырылды.

Аудан әкімі Қайрат Бисембаевтың төрағалығымен Бастөбе сервистік-техникалық колледжінде өткен жиынға «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жандос Теңелбаев, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, өңір жастары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиынды ашқан өңір басшысы Қайрат Әшірәліұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы соңғы күндерде ел өміріндегі қоғамдық-саяси маңызы зор оқиғаның бірі болғанын атап өтті. Онда Елбасы экономикалық және саяси жетістіктерімізді дамытудың рухани бағдарламасын ұсынып отырғанына тоқталды. Көпшілік алдында алғашқы сөз кезегін алған Әміре Әрін жұртшылық талай талқылаған Елбасы мақаласы - ордалы еңбектерінің табиғи жалғасы екенін алға тартады.

«Біздің эрамыздың төртінші ғасырының соңында-ақ кәрі құрлықты тұлпар тұяғының шаңына бөлеген ғұн-түріктердің тілдік экспансиясының басым түскені бар. Кейінгі Бумын бабамыз құрған Түркі қағанаты қанатын жайған тұста бұл үрдіс тіптен етек алды. Сол себепті де, латын, ағылшын, герман, парсы, славян тілдерінде түркі тілінен енген сөздер жетерлік. Бір мың жылдан астам уақыт бойына Еуразия құрлығында халықаралық тіл, яғни бүгінгі ағылшын тілінің рөлін атқарған түркі-қазақ тілінің айбыны өз сәтінде қалайша асқақтамасын.

Қазақстан халқын біртұтастыққа алып келетін латын әліпбиіне өтуіміз өрісімізді кеңейтіп, әлемдік қауымдастықтағы бет-әлпетіміздің одан әрі ажарлана түсуіне серпін берері сөзсіз. Оның үстіне жұмыр жердегі елдердің сексен пайызы еркін пайдаланып отырған әліпбиден бүгін қалыс қалсақ, ертең бізді өскелең ұрпақ түсінбей қалары хақ»,  -  дейді «Жетісу» газетінің бас редакторы. Артын ала мінбеге көтерілген Ғалиасқар Төлендіұлы қоғамдық сананы жаңғыру жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеясы - еліміздегі конститутциялық, экономикалық реформалардың заңды жалғасы екенін тілге тиек етіп, мақалада жаңа заман көшіне ілесіп, өркениетті ел болу үшін ұлттық сананы сақтау мен өрістетудің нақты жолдары ұсынылғанын жеткізді. Сондай-ақ өз ой-пікірін облыстық мәслихат депутаты Базархан Байтаев білдірді. Өңір жастары да Елбасы мақаласы мәні мен мазмұны, маңызы мен мағынасы қоса өріліп, өзіндік өміршеңдігін көрсеткен көлемді туынды болғанын баяндап, тарихтың толқындарын таразылаудан басталып, ұлт болмысын барынша бағамдаумен байланысып, мемлекеттік атқаруы тиіс міндеттерін межелеп берген мақала жастардың да тебіренуіне түрткі болғанын айтып, құптарлық істі бірауыздан қолдайтындарын жеткізді. Шара барысында жастар тарапынан сауалдар қойылып, тиісті жауаптар қайтарылды.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы:

- Бұл бағдарлама ұлтымыз үшін маңызы терең, ауқымы зор, өнегесі мол, халқымызға рухани азық болатын айтулы дүние. Бұл мақалада өткен тарихи кезеңдерге сындарлы баға беріліп, ой елегінен өткізіліп, рухани даму бағытымыз айқындалған. Ел Президенті қоғамның рухани жаңғыруына халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті негіз болуы тиіс екенін айтты. Мұндай бағытты ұстану кешегі күн мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғастырады. Сондықтан біздің міндетіміз Мемлекет басшысының тапсырмасын орындай отырып, мақалада көрсетілген жобаларға басты назар аудару,  - деп атап өтті.

Альфита СЕКСЕНБАЕВА

 

 

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Қазан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31