Жәрмеңкеге барған жұрт риза

 

     Қыркүйек айының 16 күні Үштөбе қаласының «Жетісу» базарының маңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Сауда орталығының алдына арнайы шатырлар тігіліп, ауыл  шаруашылығы өнімдерін өсіретін, мал асырап отырған еңбеккерлер ешбір делдалсыз өз өнімдерін өткізді.

  Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, жәрмеңкеде бағасы 225 теңгеден 2 тонна күріш сатылған. Күзгі жәрмеңкеде көкөніс түрлері де мол болды. Айталық, пияз  - 65 теңге, қырыққабат – 60 теңге, сәбіз, қияр, қызылша 120 теңгеден саудаланды. Сондай-ақ, асқабақ - 80 теңге, картоп 90 теңге шамасында болды. Жұрт әсіресе балық өнімдерін жақсы алып жатты. Жәрмеңкеде көксеркенің бір келісі - 900 теңге, тұқы - 640, табан балық – 250, жайын 500 теңге болды. Қарапайым жұртшылық жәрмеңкеден қысқа қажет азық-түлікпен бірге ауылдың сүтіне, қаймағы мен құртына, сары майына ерекше қызығушылық танытты. Бір айта кетерлігі, ет те көңілге қонымды бағаға сатылды. Атап айтар болсақ, жылқы еті – 1600 теңге, сиыр еті – 1400 теңге, ал қой еті 1200 теңгеден өткізілді. Жәрмеңкеде 25 тоннадан астам азық-түлік сатылымға шығарылып, барлығы 5395,0 теңгенің өнімі саудаланды. 

    «Қаратал- ақпарат»

 

Ұлттық құндылықтар ұлықталды

 

 

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың еліміздің қайта түлеуіне бағытталған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған бастамаларды жұмыла жүзеге асырып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, төл тарихымызды таразылап, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеп, мерейін үстем ету, рухани маңызы зор шаралар аясында ел қазынасына айналған мол мұрасы мен ғибратқа толы дара тұлғалардың өнегелі өмір жолын насихаттауды мақсат еткен шаралар легі жалғасын табуда. Әр аптаның бейсенбі күнінің ке

 шін ән мен жырға бөлейтін бұл жолғы мерекелік шара қаламыздағы І.Есенберлин атындағы орта мектебі ұжымының ұйымдастыруымен өтті. Орталық саябаққа жиналған халық ең алдымен білім ордасының өткен жолы мен бүгінгі күнінен сыр шертетін және мектеп оқушыларының шебер қолдарынан өткен түрлі бұйымдар қойылған көрмені тамашалады. Игі шара «Отаншылдық – ең ізгі сезім» атты мерекелік концертке ұласты. Шара барысында білім саласының мамандары мен шәкірттері сахна төрінен көрініп, бар өнерлерін ортаға салды. Халық назарына ең әуелі зұлмат жылдар жаңғырығын еске салатын «Қанмен жазылған хат» атты сахналық қойылым ұсынылды. Қатысушылардың бәрі де кейіпкерлердің бейнелерін әсерлі сомдап, қойылым тақырыбын аша түсе, елдің көңілін еріксіз аударды. Концерттік бағдарламада әсем ән әуелеп, күмбірлеген күй қалықтады. Жеке орындаушылар, атап айтсақ, Ермек Мұқатаев, Бейсенбай Алтанхан, Айсұлу Бейсенбайқызы, Ерасыл Нұғман, Анарбек Ақанбаев, Нұрай Нұрбаева, Анарбек Ақанбаев патриоттық және дәстүрлі әндерді құйқылжыта орындағанда сүйсінбеген жан қалмады. Мирас Жақсыгельдиновтың орындауында қазақтың қасиетті қара домбырасынан төгілген құдіретті күй жұртты бір серпілтіп тастады. Мектептің 5 сынып оқушылары нақышына келтіре көркем сөз оқып, көрермендерді тәнті етті.  Ал «Нұр Шашу» тобы мен Ақниет Қуанбек сан алуан билерді келістіре билеп, көпшілікті тәнті етті. Ақ жаулықты «Әжелер» ансамблі мен вокалды топтың хормен тамылжыта шырқаған әндері жиылған жандардың құлағының құрышын қандырғандай әсерде болды. «Атамекен» әнімен қорытындыланған кеште І.Есенберлин атындағы орта мектебінің директоры Раушан Сагнаева ортаға шығып, игі шараның жалғасы ретінде іші дәмге толы тайқазанды №13 орта мектебінің ұжымына табыстады.

Альфита СЕКСЕНБАЕВА

 

 

Ескелді бидің құрметіне арналды

 

16 қыркүйек күні Үштөбе қаласындағы «Жастар» стадионында Ескелді Жылкелдіұлының 325 жылдығына арналған Президенттік тест тапсырудан  оқушылар арасында Қаратал ауданының чемпионаты өтті. Жарысқа 18 мектептен 150 оқушы қатысты. Аудан әкімі Қайрат Бисембаев сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, барша жұртшылықты спортпен айналысуға шақырды.  

Ескелді бабамыздың мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған дүбірлі дода аса тартысты өтті. Спортты серік еткен қараталдық спортшылар барын салып, жеңіске жігерлік танытты. Әсіресе, желаяқтар жарысы көптің көңілінен шығып, көрермен қауым қызу қолдап отырды. Атап айтсақ, 9-10 жас аралығында қыздар арасында 1 орынды Кәлпе орта мектебінің оқушысы Ә. Тұрсынбай жеңіп алды. Ал 2 орынды № 51 орта мектебінің оқушысы К. Орт иеленсе, 3 орынға Панфилов атындағы орта мектебінің оқушысы К. Ким табан тіреді. Сонымен бірге президенттік тест тапсыруда ұлдар арасында 1 орынды Кәлпе орта мектебінің оқушысы Е. Кикен қанжығасына байласа, 2 орынға М. Горький атындағы орта мектебінің оқушысы Н. Дмитренко, 3 орынға Елтай орта мектебінің оқушысы А. Аскер ие болды. Сондай-ақ, 11-13 жас аралығында қыздар арасында 1 орын А. Ташенбайға (М. Горький ОМ) бұйырды. Ал үзеңгі қағыстыра келген А. Цой (Р.Кошқарбаев ОМ) 2 орынға табан тіресе, Е. Кенжеғали (Ж. Молдағалиев ОМ) 3 орынды місе тұтты.  

 Бір айта кетерлігі, жастардың спортқа деген құлшынысы ерекше байқалып тұрды. Мұны біз президенттік тест тапсыруда жүгіру ғана емес, секіру, кермеге тартылу секілді сынамаларды ойдағыдай орындауынан байқадық. Мәселен, 11-13 жас аралығында ұлдар арасында Елтай орта мектебінің оқушысы С. Алтыбаев жеңіске деген жігерінің арқасында 1 орыннан көрінді. Сонымен бірге № 13 орта мектебінің оқушысы И. Қасымов 2 орынға қол жеткізсе, А. Пушкин атындағы орта мектебінің оқушысы Е. Мадығасен 3 орынға лайық болды.

  14-15 жас аралығында қыздар арасында О. Белишко (№51  ОМ) алтынан алқа тағынса, К. Кудашкина (Б. Римова ОМ) күміспен күптеліп, А. Рахымберлина (№ 13 ОМ) қолаға қол созды. Сонымен бірге ұлдар арасында 1 орын С. Рахимбековке (І. Есенберлин ОМ),  2 орын А. Сабитовке (Елтай ОМ), 3 орын И.  Смағұловқа (М. Горький ОМ) бұйырды.

16-17 жас аралығында қыздар арасында қарсыластарын шаң қаптырған А. Койайдарова (Елтай  ОМ) жеңімпаз атанды. Тиісінше 2 орынға Ф. Рыскелдинова (Қ. Байсейітов ОМ) жайғасса,  3 орынға А. Ибо-оглы (Б.Римова) тұрақтады. Ұлдар арасында Е. Нығмет 1 орынды (Елтай ОМ), А. Рамазанов 2 орынды (М. Горький ОМ),  Магомедов  (Р. Қошкарбаев ОМ) 3 орынды иеленді.

 Жалпы командалық есепте 1 орынды Елтай орта мектебі жеңіп алса, 2-орынды М. Горький атындағы орта мектебі, ал 3 орынды Кәлпе орта мектебі иеленді.

                                                                       * * *

Дәл осы күні «Жастар» стадионында «Отбасы күні» мерекесіне арналған «Әкем, анам, мен – біз біргеміз спортпен» атты аудандық спорт жарысы өткізілді. Сайысқа  9 команда қатысып, спортқа жаны құмар жанұялар бақтарын сынады. Нәтижесінде 1 орынды Шарипбаевтар отбасы жеңіп алды. Сондай-ақ, 2 орынға Сүндетбековтар отбасы лайық деп танылса, 3 орынды Караосманоглының отбасы иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар тапсырылып, кубокпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

А. Бақытұлы.

 

Мәңгілік ел – мәңгілік отбасы

 

Жуырда Талдықорған қаласындағы «Ерасыл» демалыс орнында Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы, Алматы облысының жастар ресурстық орталығы, «Жас Отан» ЖҚ Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» партиялық жобасы аясында «Мәңгілік ел – мәңгілік отбасы» атты жас отбасылар байқауы өтті.

Биылғы жылы «Мәңгілік ел –мәңгілік отбасы» облыстық жас отбасылар байқауы жетінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Байқаудың мақсаты жастарды отбасылық құндылықтарды құрметтей білуге шақыру, қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын сақтай отыра, достығы ұйыған отбасыларды жан-жақты насихаттау, болашақ жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беруге, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға бағытталған.
Аталған байқау шарты бойынша әр аудан орталығында ұйымдастырылған іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен жас отбасылар облысқа жолдама алды. Жыл сайын сайысқа қатысуға ниет білдіретін жас отбасылардың саны артуда. Өткен жылы 9 отбасы қатысса, осы жылы 16 отбасы қатысуға өтініш білдірді. Байқаудың салтанатты рәсімін облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік пен адал жеңіс тіледі. Қатысушылар «Отбасылық эстафеса, «Кәнекей балақай», «Жүйрік болсаң, озып көр», «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» «Таныстыру», «Өнерліге өріс кең» секілді сынға түсіп,  өз бақтарын сынады. Жарыстың нәтижесі бойынша жас отбасы Какимовтар жанұясы өзгеден озық шығып, бас жүлдені иеленді. Отағасы Балтабек Какимов пен жары Айнұр Тусивхан ұлдары Керіммен бірге өнерлерін сан қырынан көрсетіп, жүзден жүйрік екендерін дәлелдеп, отбасыларының ғана емес аудан даңқын асқақтатты. Жеңіс тұғырынан көрінген үлгілі жанұя арнайы диплом мен ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар жас отбасы Астана қаласында өтетін Республикалық «Бірге өмір сүру» атты жастар фестиваліне жолдама алып, бақтарын сол сында сынайтын болды. Какимовтар отбасын қараталдықтар құттықтап, алдағы сыннан да сүрінбей өтіп, жүлделі оралуларына  тілектестік білдіреді.

Нұржан РАҚМЕТҚАЗЫНОВ, Қаратал ауданының жастар ресурстық орталығының жетекшісі.

Бар мейіріміміз – балаларға

 

 

     Тағдыр тәлкегіне түскен жарымжан жандарды қоғамға бейімдеп, олардың еңсесін тіктеп, өзгелер секілді қолайлы жағдай жасауды басты мақсат тұтып, облыс, аудан басшылығының қолдауымен осыдан бір жыл бұрын балғындарға есігін айқара ашып, Ирина Байғазақованың басшылығымен сапалы қызмет атқара жүрген Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ММ-нің «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Қаратал күндізгі болу орталығы» ұжымы бүгінде тағы бір жағымды жаңалықтарын біздермен бөлісті.                                                           

      Ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбек және әлеуметтік-құқықтық сынды жеті түрлі арнаулы қызметтер алуларына мол мүмкіндік жасалған мекеме балалардың денсаулығын нығайтуға пайдасы зор су бассейні орналастырылған арнаулы бөлмемен толықты. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 400 мың теңге қаражат бөлінген. Арнайы бөлме сапасы жоғары су бассейні және қажетті құрал жабдықтармен жабдықталған. Енді орталықта қызмет алушы 60 баланың барлығы дерлік қажетінше емдеу терапиясы нұсқаушысы Айдос Тұрспековтың көмегімен ем-домдарын алуларына барынша жағдай жасалған. «Бірқатар балалардың еміне су терапиясы ауадай қажет. Олар суға шомылу барысында денелерін босату арқылы, көптеген іс қимыл жасай отыра пайдасы мол ем алары сөзсіз», - дейді мамандар.                                                                                                  

Осындай қуанышты сәтке орай орталық ұжымының ұйымдастыруымен «Бар мейіріміміз – балаларға» атты мерекелік шара өтті. Мерекенің куәгері болған аудан әкімінің орынбасары Қ.Қасымов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы С.Амандосов, Талдықорған қаласындағы «Қамқор» балалар үйі мен «Үміт» күндізгі болу орталығының өкілдері Қаратал күндізгі болу орталығы ұжымына, ата-аналары мен балғындарына ізгі тілектерін жеткізсе, жүздері бал-бұл жанған балғындар жырдан шашу шашты. Артынша ем алушы балалар су бассейнімен танысып, жеміс-жидектер, сусындар мен тәттілер қойылған мол дастарханнан дәм алып, мәре-сәре болысты.

          Альфита ОРАЗБЕКҚЫЗЫ

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Шілде 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31