Әлемді жүрегіммен сеземін

  • 13 қараша – халықаралық зағиптар күні

 

    Қараша айының 13 күні Үштөбе қаласындағы «Қаратал күндізгі болу орталығы» мекемесінде халықаралық зағиптар күніне орай «Әлемді жүрегіммен сеземін» атты тағылымы терең іс-шара өтті. Кешке аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қасымов, облыстық соқырлар қоғамы басқармасының төрағасы Аликен Даркебаев, басқарма мүшесі Сарболдақ Мустапанова, республикалық мүгедектер қоғамы қауымдастығының төрағасы Элла Ким және мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың ата-аналары қатысты. 

     

  Осынау қым-қуыт тіршілікте қолда барды бағалай алмай, күллі ғаламды жаратқан Алланың берген нығметтерінің кереметтігін сезіне бермейміз. Иә, күн сайын жарқыраған күннің алаулаған шапағын, көгілдір аспандағы мамық бұлттарды, жазда жайқалған ағаштар мен көздің жауын алатын гүлдер мен көбелектерді көрудің өзі зор бақыт екенін түсінбейміз. Қыстағы аппақ ұлпа қардың ұшқынын, желдің лебін сезгенмен, бір көруді армандап жүргендер қаншама. Десек те, жер бетіндегі сұлу табиғатты көрмесе де, түйсігімен сезініп, алақанымен аялап, өмірге құштарлығын жоғалтпаған жандар арамызда жүр.

   Аудан әкімінің орынбасары Қ. Қасымов зағип жандарды төл мерекесімен құттықтап, мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көмек көрсетілетінін айтты. Жергілікті атқарушы билік тарапынан жарымжан жандардың мәселелеріне баса назар аударылып, зағип жандардың қоғамда өзіндік орын алатын тұлға ретінде сезінуге барлық жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етті.  Іс-шара барысында қазіргі таңда зағип жандардың көру мүмкіндігі болмаса да, Брайль шрифтімен арнайы жазуға, оқуға көмектесетін құралдар бар екені айтылды. Олар жарық дүниені көре алмаса да, олар қоғамдық өмірге араласып, ән салып, музыкалық аспапта ойнап, өлең оқиды.

   Кеш барысында мүмкіндігі шектеулі жандар өнерде шектеу болмайтынын ұғындырды. «Біз бақытты баламыз» атты халықаралық фестивальдің жүлдегері Диана Дәулет «Аққудай арман» әнімен баурады. Бір айта кетерлігі, көз жанарынан айырылған Рэй Чарльз, Стиви Уандар, Андреа Бочелли секілді әлемге әйгілі тұлғалардың шығармалары тыңдалды. Сондай-ақ, бүгінде жаһанға белгілі отандық фортепианист, музыка академигі Саида Қалықова, «Сәт триосы» тобының әндері экран арқылы көрсетілді.

   Шара барысында басқа түскен қиындыққа мойымай, өмірге деген іңкәрлік пен құштарлық арқылы өнерді серік еткен Айгерім Көпбаева, Алғысбек Дәурен, Нұрдана Арғын, Айгүл Иманберлинова, Сабина Орналы секілді азаматтар көпшілікке рух беріп, сабырға шақырып, ой салды. Адамдық пен адалдықты ту еткен жандар сырымен бөлісіп, өмірдің әрбір күні үшін қуану қажет екенін айтты.  Әнді жан-жүрегіммен сезіне білген Айгерім Көпбаева көпшілікті елжіретсе, Дәурен Алғысбек сезімтал саусақтармен музыкалық аппаратурада айна-қатесіз күй шалқытты.

  «Көздің соқырлығынан емес, көңілдің соқырлығынан сақта» деп халқымыздан қалған тәмсілді тұмар тұтқан «Қаратал күндізгі болу орталығының» директоры Ирина Байгазакова алтын уақыттарын бөліп келген азаматтарға «Көңілдеріңіз ашық, көкіректеріңіз ояу болсын!» деген ізгі ниетпен ризашылығын білдіріп, сый-сыяпат көрсетті.

А. Өмірбаев.

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Желтоқсан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31