Әз наурыз, елге нұр жауғыз!

 

* Репортаж

 

   22 наурыз - Ұлыстың үлы күні Үштөбе қаласының орталық алаңында кең көлемде тойланып өтті.

     «Көктемнің жан сергітер самалы есіп, келді ғой Наурызымыз қағып есік. Қырандай қиырларға қанат сермеп, жасай берсін туған елім – алтын бесік» деп жырлаған жұрттың көңілі көтеріңкі болды. Алаңда ақ боз үйлер тігіліп, жұртшылыққа наурыз көже таратылды. Қазақы қөлөнер бұйымдары мен зергерлік заттар көрмесі жұрт назарын аударып, көз қуанышына айналды.

   Әуелі «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын!» деген қағиданы ұстанған аудан әкімі Рауан Рақымбеков, аудандық мәслихат хатшысы Бақыт Смаилов, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Тұрсын Оспанов, Талдықорған өңірі бойынша күрді этно-мәдени орталығының жетекшісі Али Момуч-оглы, аудандық шешен этно-мәдени бірлестігінің басшысы Омар Давлетбаев және басқа да азаматтар шырша егіп, жастарға үлгі-өнеге көрсетті.

   Мерекелік құттықтау лебізін жеткізген аудан әкімі Рауан Рақымбеков барша аудан тұрғындары мен қонақтарын ұлыс күнінде әр шаңыраққа бақыт пен шаттық, көл-көсір қуаныш тіледі.

   Сондай-ақ, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Т. Оспанов, славян этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі В. Спиридонова көктемнің шуақты мерекесі, күн мен түн теңелген наурыз мейрамымен құттықтады.   

  Наурыз тойында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары жұртшылық назарына «Жаршылар», «Ұйқыашар» «Селт еткізер» рәсімін жасап, қазақтың ұлыс күінінде жасалатын салт-дәстүрін ұсынды. «Амандасу» әдеп-ғұрпы бойынша ерлер төс қағыстырып, аналар құшақ айқастырып, осынау әз мейрамға, көкөзек шақ - көктемге жеткеніне қуанып, сағына көрісті. «Ағаш отырғызу» рәсімінде жігіттің көшетіне әжелер ақ бүркісе, «Киелі қазан» рәсімінде жұртқа наурыз көже таратылды. Көріністе күнге сәлем берген жұрт, қолында адыраспан, аршаны темір ыдысқа салып, түтін түтетіп, бәле-жалны аластаған аналар образы сәтті шықты. Ұлыс күнінде Қыдыр ата бата беріп, халыққа ырыс-береке, молшылық пен тыныштық тіледі.

   Мерекелік концерттің шымылдығы халықтық «Қаратал әуендері»   ұлт аспаптар ансамблі орындаған «Жылқышы» күйімен ашылды. Сүйінбай атындағы филармония әншісі, мәдениет қайраткері Бақытгүл Әбенова «Ұлыс күнім Наурыз», «Келді жыл басы», «Қазақ елі» әндерін құйқылжыта шырқады. Анар Байгөбек «Әнші дауысы», Шынар Дүйсенбекова «Алматым жүрегімде» шығармалары да көпшіліктің көңілінен шықты. «Алтынай» би ансамблі қазақтың «Домбыра сазы», «Көңілді ару», «Шашу» биін мың бұрала биледі. Жарықтық, аспан шайдан ашылып, күн сәулесі мереке көркін еселей түсті. Наурыз тойында асық ату, күрес, гір көтеру, арқан тарту, тоғызқұмалақ, дойбы секілді спорттық ойындар халықтың делебесін қыздырып, сайыскерлерді демеп отырды. Бұл күні алаңда ән мен күй толастамай, құлақ құрышын қандырды. Жұрт көтеріңкі көңіл-күймен бір-бірін мерекемен құттықтап, ізгі тілек тілеп жатты.

А. Өмірбаев.

    

 

 

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Маусым 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30