41 МЫҢ ТОННА ҚЫЗЫЛША ЖИНАЛДЫ

Күзгі жиын-терім

 

Ауданда егін жинау жұмыстары өз мәресіне жетті. Жыл өткен сайын егістік көлемінен алынатын өнім көлемі артып, диқандар бейнетті еңбегінің зейнетін көруде. Әсіресе, қант қызылшасын өсірген  ауыл еңбеккерлерінің мерейі үстем.

Биылғы жылы аудан бойынша 1100 гектар жерге тәтті түбір егілген болатын. Диқандар көктемде еккен егінін күтіп-баптап, ала жаздай бел жазбай еңбек етті. Шүкір, еселі еңбек еш кеткен жоқ. Шүмектеп аққан маңдай тердің өтеуін күзде алынған мол өнімнен-ақ байқауға болады. Нақтырақ айтсақ, ауданда 41 мың тонна астық жиналып, гектар берекелігі 388 центнерден айналды. Балтамыр егілген сегіз қала, ауылдық округ шаруалары әр күнді қалт жібермей сәтті пайдаланып, егінді шашау шығармай жинап алды. Алынған өнім көліктерге тиеліп, «Көксу» қант зауытына жөнелтілді. Аудандағы қызылша өсіруде алпауыт саналатын Жолбарыс батыр ауылдық округінің шаруалары 602 гектарға дән егіп, әр гектары 445,6 центнерді құрап, 26822 тонна өнім жинады.  Айту би ауылдық округі еккен 207 гектар қант қызылшасы тегістей жиналып, 5796 тонна астық алынды. Бастөбе, Елтай, Ескелді ауылдық округтерінен алынған қызылшаның орташа өнімділігі 350-370 центнерді құрады.

Ерекше айта кетерлігі, Балпық ауылдық округіне қарасты «Орлёнок» шаруа қожалығы 12 гектар жерге қызылша егіп, 967 тонна өнім жиналып, гектар өнімділігі 805,8 центнерге жетіп, аудан үшін рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Ринат Төлеубеков басшылық жасайтын аталмыш шаруа қожалығы егістік жерді игеруде жаңа технологияларды тиімді пайдаланып, мол табысқа жетіп отыр.

Жалпы қызылша ғана емес, өзге де өнім түрлерінен өсім қарқыны байқалады.  Мәселен, аудан бойынша егілген 1068 гектар жерден  8224 тонна жүгері жиналып, әр гектарға шаққандағы өнім 77 центнерді құрады. Тастөбе ауылдық округінің шаруалары 338 гектар жерге еккен жүгеріден 3817 тонна өнім алса, Айту би ауылдық округінің диқандары 270 гектар жерден 1769,2 тонна астық жинады. Аудан бойынша 1120 гектар жерге картоп егіліп, алынған өнім 22019 тоннаға жетіп, 196,6 центнерді құраған. Сондай-ақ, 505 гектар жерге дән себіліп, 20674 тонна бақша дақылдары алынып, өнімділік 409,4 центнерге жеткен. Көкөніс өнімі де көңіл көншітерліктей. Айталық, 1722 гектар алқапқа егілген көкөністен  50850 тонна астық жиналып, өнімділік көрсеткіші 295,3 центнерді құрады.

Айта кетерлік жайт, аудан бойынша 15 коопертив құрылып, құжаттары толық рәсімделіп, әділет басқармасынан өтті.  Нақтырақ айтсақ, шаруа қожалықтары – 6, үй шаруашылығы бойынша 9 кооператив жұмыстарын бастап кетті.

Диқандар мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерді ұтымды пайдаланып келеді. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарына пайдаланған гербицидтерді субсидиялауға 89 шаруа қожалықтарының құжаттары қабылданып, 12,4 миллион теңгеге облыстық ауыл шарушылығы басқармасына өткізіліп, тиісті қаражаттарын алды.

Осылайша, аудан диқандары қара жерден мол өнім жинап, зор табысқа кенелді. Еңбек еткеннің еңсесі биік, көңілі шат болды.

А. ӨМІРБАЕВ

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Желтоқсан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31