ҚАРАТАЛДЫҚТАРҒА РУХ БЕРДІ

«Рухани керуен» шарасы

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған айрықша міндеттерді, маңызды бағдарламалар мен берері мол жобаларды халыққа жеткізу мақсатында Алматы облыстық Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жетісу өңірінің орталығынан бастау алған «Рухани керуен» қасиетті Қаратал өңіріне атбасын бұрды. Жоба негізінде арнайы құрылған жұмыс тобы қараша айының 9 күні ауданымызда болып, бір күннің ішінде 15 іс-шара өткізді. Құрметті қонақтардың қатарында Алматы облыстық дін істері басқармасының басшысы Р. Есдаулетов, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, Алматы облысының «Құрметті азаматы», «Тақиялы періште» фильмінде Тайлақтың рөлін сомдаған Әлімғазы Райымбеков, ақын, сазгер Қамнұр Тәлімов, Олимпиада ойындарының жүлдегері, балуан Нұрбақыт Теңізбаев, сонымен қатар Алматы облыстық дін істері басқармасы өкілдері, облыстық жастар ресурстық орталығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, қоғамдық денсалықты сақтау департаментінің өкілдері, облыстық бұқаралық ақпарат өкілдерінің басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары мен байланыс және ақпараттық түсіндіру жұмысын  ұйымдастыру бөлімі, оңалту және кеңесшілік бөлімі және тағы басқа сала өкілдері мен елімізге танымал басқа да азаматтар бар.

«Рухани керуен» мүшелері ең алдымен Ескелді баба кесенесіне барып, батыр рухына зиярат етті. Кездесуде кесене шырақшысы Бақберген Жүнісбаев бабаның ел мен жерді қамын ойлаған, елдің татулығы мен бірлігіне сіңірген еңбегі жайында сөз қозғады. Үштөбе қаласының имамы Ерік Бөлекбаев әулие баба рухына арнап құран оқыды. Осыдан соң көпшілік орталық алаңға бет бұрды. Аудан әкімі Қайрат Бисембаев делегация өкілдеріне «Рухани жаңғыру» аясында әзірленіп, өңірдің мәдени-рухани тыныс-тіршілігінен сыр шертетін көрмені көрсетті. Қонақтар алаңда тігілген ақ шаңқан киіз үйлердің төріне еніп, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдеп ғұрыптары дәріптеліп, сөрелерден орын алған аудан өнерпаздарының қолынан шыққан өнер туындыларын тамашалады. Сондай-ақ, іс-шара аясында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Артын ала аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан активімен кездесу өтті.

Аудан әкімі Қ. Бисембаев төрағалық еткен келелі кездесуде облыстық дін істері басқармасы ұйымдастырған «Рухани керуен» жобасы қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін ілгерілету, дінімізді насихаттау, рухани құндылықтарды жеткізу, деструктивті діни ағымдарға қарсы күресу, тұрғындардың санасын жаңғырту және туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылғаны айтылып,  алдағы жұмыстың мән-жайы түсіндірілді. Кездесуден соң қаламыздағы М. Горький атындағы орта мектебінің базасында ақын, сазгер, Талғар ауданының «Құрметті азаматы» Қ. Тәлімов пен облыстық «Жетісу» телеарнасының журналисі Ж. Жайлаубаевтың қатысуымен «Қаратал әулиелер мекені» атты конференция өтті. Оған мәдениет және кітапхана қызметкерлері, аудан мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, тарих, әдебиет, өнер пәндерінің мұғалімдері мен жоғары сынып оқушылары қатысты. Шара барысында ата-баба дәстүрі рухани мәдениетті дамыту, дәстүрлі діни құндылықтарды жаңғырту, туған өлкені қадір тұту, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерді арттыру жайлы маңызды мәселелер көтеріліп, тағылымды ойлар айтылды. Ал аудандық мәдениет үйінде білікті дінтанушы ғалымдардың қатысуымен «Ақпараттық түсіндіру жұмысы – діни сауаттылықты арттырып, рухани байлығымызды дәріптейді» айдарымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Оған БАҚ-мен байланыс және ақпараттық түсіндіру жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айгүл Әлі, «Ұлы мұра» қорының директоры, дінтанушы, заңгер Тимур Нүсіпханов және ақпараттық түсіндіру тобы бас қосты. Басқосуда бүгінгі күннің өзекті мәселесі –  деструктивті діни ағымдардың алдын алу, бөгде бағыттағы жастармен оңалту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу мәселесі қозғалды. «Рухани жаңғыру: ел ертеңінің бастауы» айдарында жастардың патриоттық, ұлттық санасын ояту мақсатында зиялы қауым өкілдерімен өрбіген сұхбат А. Пушкин атындағы орта мектебінің базасында өтті. Оған ерікті, маригиналды жастар қатысты. «Рухани жаңғыру: жарқын істердің бастамасы» тақырыбында деструктивке шалдыққан отбасы мүшелерін қоғамға бейімдеу бойынша әлеуметтік мәселелерін шешу жолдарын қарастыру мақсатындағы кездесу аудан жұртшылығының қатысуымен аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында ұйымдастырылды. Әр жерде сан алуан тақырып көтерілген кездесулер ұйымдастырылып жатқан уақытта аудандық орталық ауруханада «Денсаулық - болашақ кепілі!» тақырыбында діни себептермен екпе, қан құюдан бас тартқан азаматтармен тиісті жұмыстар жүргізілсе, орталықтағы «Жетісу» базарының аумағында «Рухани жаңғыру: туған жер – алтын бесік» тақырыбында сурет және кітап көрмесі ұйымдастырылып, жергілікті халыққа флаерлер, үлестірме қағаздары таратылды. Сондай-ақ аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан, қала, ауыл округтерінің ардагерлер ұйымы, Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңестері мүшелері, ҮЕҰ, ЭМБ, Саяси партиялар жетекшілерінің қатысуымен «Ұлттық рух рухани жаңғырудың негізі» тақы-рыбында және «Дінаралық татулық – болашаққа нық қадам» айдарында діни бірлестік жетекші-лерімен кездесу өтті. Деструктивті діни ағым ықпалына түскен азаматтармен оңалту жұмыстары қала әкімдігінің мәжіліс залында жүргізілді. Ал № 13 орта мектебінің базасында «Қазақ халқының ұлттық дәстүрлеріне және мәдени мұрасына сәйкес сананы қалыптастыру» тақырыбында балалар мен жастарды отбасылық құндылықтар рухында тәрбиелеуге бағыттай отыра, жат ағымнан, теріс пиғылды іс-әрекеттерден сақтаудағы «Аналардың рөлі» атты кездесу болды. Түстен кейін Б. Римова атындағы орта мектеп-гимназиясының спорт залында «Дін бірлігі – ел тұтастығының кепілі!» деген атпен діни бірлестік жетекшілерімен спорттық жарыс өтті. Аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ә. Забиев сайысқа қатысушыларға ақ жол тіледі. Жарысқа құрметті қонақ ретінде Олимпиада ойындарының жүлдегері, балуан Нұрбақыт Теңізбаев қатысты. Волейбол жарысы өте тартысты өтіп, жанкүйерлер қызу қолдап отырды. Нәтижесінде 1 орынды Үштөбе қаласының мешіт жамағаты командасы жеңіп алды. 2 орынды «Надежда» діни бірлестік ұйымы командасы иеленсе, 3 орынға Алматы облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының өкілдері табан тіреді. Шараны қорытындылай аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуде аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қасымов осы күні «Рухани керуен» шарасы барысында өткізілген 15 шараға ауданнан 1000-нан астам адам қатысып, белсенділік танытқанын атап өтті. Ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірге келіп, жұртшылық арасына кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізген облыстық делегация өкілдеріне ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттар табыс етті. Сөз алған БАҚ-пен байланыс және ақпараттық түсіндіру жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айгүл Әлі «Біз сіздерді «рухани жаңғыртуға келсек, сіздер керемет көрмелеріңіз, іс-шараларыңыз арқылы өзіміз талай нәрсені үйрендік» дей келе, Қаратал ауданында Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша іргелі істер атқарылып жатқанын айтып, оң бағасын берді. Қонақтар мен аудан өнерпаздары жұртшылыққа тамаша концерт ұсынды. Жыршы, әнші, термеші Әбіш Әбілбеков бастаған өнерпаздар мәдениет үйінің сахнасын өз өнерлерімен әрледі. Осылайша, Рухани жаңғыру жұмысы  жоғарғы деңгейде өтіп, қараталдықтарға ерекше рух сыйлады.

«Қаратал-ақпарат»

 

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Желтоқсан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31