САМҒАТҚАН САН ҚЫРАНДЫ - АЛТЫН ҰЯМ

Мерейтой

 

Қараша айының 3 күні аудандық мәдениет үйінде № 13 орта мектебінің 80 жылдық мерей тойына арналған «Самғатқан сан қыранды - алтын ұям» атты салтанатты кеш өтті. Осынау игі шараға білім ордасының байырғы түлектері, ардагер ұстаздар мен аудан жұртшылығы қатысты. Алтын ұя мектебін бітіргелі ондаған жылдар болған түлектер балалық шақтың бал күндерінен сыр шертетін көрмені тамашалады. 

Иә, мектеп қабырғасында өткізген баяғы, аяулы балалық шақтың балғын күндері баршамызға ыстық. Сыңғырлаған қоңыраудың үнімен мектепке асығып, әр сабақ сайын тыпыршып отыратын қимас сезімдер мен риясыз күлген ақкөңіл күндер әр түлектің жадында мәңгі сақталары анық. Мұны іс-шара барысында мектептің алған асулары мен шыққан белестері, тарихи жолы таныстырылған слайдтан байқадық. Тіпті, 1944 жылы 4 «в» сынып оқушысы болған Галина Шахованың естелігі де жүрекке тәтті мұң ұялатты. «80 жылдық тарихы бар қаттаулы, әрбір жылы шежіредей сақтаулы. Үштөбеге тартылғанда темір жол, есік ашқан мектебіміз мақтаулы» деп ашылды кеш шымылдығы.

Қойнауында талай тарихты бүгіп жатқан білім ордасы осы жылдар ішінде мыңдаған шәкірттің жүрегіне нұр құйып, түлетіп ұшырды. Солардың жеткен жетістіктері, шыққан биіктері, атқарған игі істеріне сүйсініп, жұрт мақтанып жүрген жайы бар. Тарихы терең, шежіресі мол білім шаңырағы жайлы аталмыш мектептің түлегі «ҚР білім беру ісінің үздігі» Айтжан Оспанованың қаламынан туындаған «Толқын» атты сезім лирикалық өлендер жинағынан оқушылар әдеби монтаж ұсынды.

Көпшілік алдында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қасымов № 13 орта мектебінің ұжымы мен түлектерін мерейтойымен құттықтады.

-  Армысыздар, құрметті ұстаздар қауымы, оқушылар, ата-аналар! Бүгінгі мерейтойға жиналған қонақтар! Бүгін барлығымызға қызығы мен қиындығы мол, әрбір оқу жылының қайталанбас тарихқа толы мектеп мерекесі - № 13 орта мектебінің 80 жылдық мерейтойына жиналып отырмыз. Бүгінгі мерекелеріңіз, тойларыңыз құтты болсын! – деді Қайрат Саханұлы.

Ол  бала кезінде Қаратал ауданы мектептерінің қара шаңырағы саналатын аталған білім ордасында оқуды армандағанын айта келе, аяулы мектебін ұмытпай келген түлектердей болуға шақырды. Сондай-ақ, мерейтойға орай № 13 мектептің ұстаздары А. Қосанова, Қ. Құрсабаев, Ж. Нүгербекова, С, Есбергенова, Ж. Мәдібекова, Л, Солғынова және басқаларға Алғыс хаттарын табыстады.

Іс-шара барысында мектеп шәкірті Айерке Дәулеткелді «Ұстазым» әнін әуелетсе, музыка пәнінің мұғалімі Құмдаулет Құрсабаев арнау өлеңін тарту етті. «Түлектердің қоштасу вальс» әніне ырғалып билеген ата-әжелер, жастық шақтарын есіне түсіріп, бір жасап қалды.

Сөз тізгінін алған мектептің бұрынғы директоры Назкен Игенбаев «Қаратал өңіріндегі байырғы білім ордасында мұндай педагогикалық команда 80 жыл бұрын қалыптасқан. Сонау 1937 жылы ашылған № 16 орта мектептің алғашқы педагогикалық ұжымының ауызбірлікті, оқушыға деген қамқорлық, нағыз педагогикалық шеберлік, шынайы құштарлық сезімде алғашқы Советтік Қазақстанды аяғына тұрғызу кезеңінде директоры Омаров Есенкелді, оқу ісінің меңгерушісі Амербаев Расим, тағы басқа  ұстаздардың ұлағатты істерінен қалыптасқан» дей келе, «Ұстаз» деген биік атаққа ие болып, шәкірттерінің алғысына бөленіп жүрген азаматтарды атап өтті.

«Тарихта ұстаз деген ұлы адам бар» атты қанатты сөзді жадына түйген мектеп ұжымы жас ұрпақтың санасына сауле түсірген, сапалы білім мен тәлім тәрбие беріп, үлкен өмірге қанаттандырып ұшырған ауданымыздың оқу-ағарту саласында жемісті еңбек еткен ардагер ұстаздар құрметпен ортаға шақырылды. Ел құрметіне бөленген, шәкірттер жанының бағбаны атанған жандардың қатарында С. Тоқбергенова, Қ. Бегасилова, Н. Уалиева, З. Каріпова, К. Бөлекбаева, Р. Досболова, Т. Арыстанбекова, Х. Әжікешова, К. Шайықова, Б. Найзабаева, Г. Дусбаева, Р. Шахатовна, С. Шіркінбаева, А. Темірбекова, Т. Жиенбаева, К. Суранчин, О. Алпаровалар бар екенін атап өткен ләзім.

Мектеп қабырғасында білім алып еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі салада жемісті еңбек етіп жатқан, ғылымның қия жолында жүрген мектеп мақтаныштары сахна төріне шақырылды. Елімізге белгілі азаматтар Айтжан Тыналиев, Аманғайша Тасболатова секілді түлектер ұстаздарын көргенде толқып, көздеріне жас алғанын жасырмай, жүрекжарды өлеңдерін оқыды. Түлектер атынан мектеп ауласына көрік пен сая беретін таңдаулы тал-терек тарту ететінін айтты. Мектеп ұжымы түлектерге фотошежіре ретінде естелік сыйлықтарын сыйлады. Сонымен бірге экран арқылы ардагер ұстаздардың және шетелдерде оқып жатқан мектеп түлектерінің құттықтауы қуанышты еселей түсті. 

Мерейтой соңында мектеп директоры Шынар Шарипбаева алтын ұя мектебін ұмытпай осынау айтулы шараға келген түлектерге алғысын білдірді.

Асхат БАҚЫТҰЛЫ

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30