КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ

Білім ордасында

 

Қараша айының 6-жұлдызында қаламыздағы № 13 орта мектебінің базасында география ғылымдарының докторы, ҚР «Құрметті туризм қызметкері», Халықаралық балалар мен жасөспірімдер туризмі және өлкетану академиясының «Алтын компас» иегері, Оңтүстік полюске бағытталған тұңғыш қазақстандық автокөліктік экспедициясының ұйымдастырушысы, бүгінде Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет атқарып жүрген профессор Орденбек Мазбаевпен кездесу ұйымдастырылды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Қ. Қасымов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н. Игенбаев, № 13 орта мектебінің директоры Ш. Шәріпбаева, Б. Римова атындағы мектеп-гимназиясының директоры Ғ. Дихамбаев және аудан мектептерінің ұстаздары мен оқушылары қатысты.

«Атың барда желіп жүріп жер таны, асың барда беріп жүріп ел таны» деген жақсы сөз бар қазақта. Бұл мақал, Орденбек Білісбекұлына арналғандай», - деп алғашқы сөзді бастаған Қайрат Саханұлы Үштөбе қаласында туылып, № 262 аралас мектепте оқып-жетілген жерлесіміздің Жер шарының Оңтүстік полюсі мен Азияның кіндігінде, бас-аяғы 30-ға жуық елде болып, 350-ден астам ғылыми еңбек жазғанын мақтанышпен баяндап, сәті түскен кездесу жастардың болашағына азды-көпті септігін тигізеріне сенім білдірді.

Жиын барысында Орденбек Білісбекұлы жалпы еліміздегі туризмнің бүгінгі таңдағы және келешектегі жоспары жайлы айтты. Оқушыларға әсіресе Оңтүстік полюске барған автокөліктік экспедициясы қызықтырды, сан алуан сұрақтар қойылды. Ғалымның ең басымырақ айтқаны - Қазақстан Антарктида келісім-шартына кірмегені, бүгінгі таңда оған бірнеше елдердің тіпті ТМД ішіндегі Эстония, Белоруссия, Украина секілді елдерінің кіріп үлгергені туралы айтылды. Сонымен қатар Шоқанның жүрген жолдары Қашқар саяхаты «Қазақстан аңыздары» деп аталатын сапарында автокөлікпен неше күнде шарлап шығуға болатындығы жайлы қызықты әңгімелеп берді. Артынша көпшілік тарапынан қойылған сауалдарға толықтай жауап берді. Кездесу қатысушылары саяхатшының оқушы кезін, географ болуына не ықпал еткенін және туризмге қалай бет бұрғанын, әлемнің қандай жерлерін аралағанын, соның бәріне уақытты қайдан табатынын, бойындағы күш-жігерінің сыры мен ендігі арманы, алдағы жоспарларынан мол мағлұмат алды.

Өз кезегінде сөз алған Назкен Игенбайұлы мен Ғалымжан Тортбайұлы әрбір жас азамат алдында келешектің басты өмірлік құндылығы – Отанымыздың тағдырына ерекше жауапкершілікпен қарап, оның мүддесін қорғауға әзір болып, халқымыздың мәдениеті мен дәстүрін құрметтеу міндетінің тұрғанын тілге тиек етті. Кездесуден ерекше әсер алған мұғалімдер мен оқушылар қонақтарға алғысын айтып, естелік суретке түсіп, тарқасты.

Альфита ОРАЗБЕКҚЫЗЫ

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Қараша 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30