ОТАНСҮЙГІШТІККЕ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ТИІМДІ ҚҰРАЛЫ

 

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың таяуда жариялаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық сипаттағы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Мемлекет басшысы отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен бастала-тынын қадап айтты. «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» - деп көрсетті Елбасымыз.

Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында аудан әкімінің орынбасары Қ. Қасымов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н. Игенбаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А. Оңғаров, қаламгер Қараша Қараман Көкпекті ауылының байырғы тұрғыны, көргені мен көңілге түйгені мол, абыз ақсақал Балтабай Ғалиевпен жүздесіп, өңір тарихына қатысты мол мағлұматқа қанықты.

Жастайынан еңбекке араласа жүре, ауыздан ауызға жеткен, көпті көрген көнекөз қарияларлардан естіген шежіре мен тарихи оқиғаларды қалт жібермей құлағына құйып алған Балтабай атаның айтары жетерлік. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында дүниеге келіп, еңбекпен есейіп, саналы ғұмырын мал шаруашылығына арнаған қария өткен-кеткен тарихты жаңылмай баяндай отыра сөз арасында: «Қазағым өсіп-өніп, көбейе берсін. Ұлдарымыз батыр, қыздарымыз дана болсын. Елімізден береке, әр шаңырақтан мереке кетпесін деген тілегін де жеткізді. «Елбасымыз «Туған жер» бағдарламасының мәнін түсіндіре келіп білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына назар аударды. Орта мектепте туған жердің тарихын оқыту ісіне көңіл бөлді. Бұл Отансүйгіштікке тәрбиелеудің тиімді құралы дер едім. Сондықтан мен де бұл істі қолдаймын. Қажет болған жағдайда ұстаздар мен оқушыларға өлке тарихынан сыр шертіп, билердің нақыл, даналық сөздерін айта беруге қашан да әзірмін», -  дейді ақсақал.

 «Жер жаннаты Жетісудың құрамдас өңірінің бірі Қаратал ауданы әулие, би, батырлар мекені саналады. Қазір туған жерде мәңгілік мекенін тапқан қасиетті жандардың есімдері де танымал, ерлік даңқтары да Тәуелсіздіктің арқасында замандастарымызға белгілі болды. (Тәубә). «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегендей сол даңқты бабаларымыздың бүгінгі ұрпақтары өз заманында дана болғандардың рухына сыйынып, аманатын ақтап, зор құрметке бөленіп келеді. Қаратал – көреген көсем Ескелді, Балпық, Жолбарыс, Қарымбай әулие мен Мықтыбек пен Тілеуғұл, Кәшке мен Бақай батырдың, Жөлмеңде, Айту, Майлыбай бидің, Пышан сазгердің, Қошым болыстың мәңгілік тұрағын тапқан жері. Даңқты бабалар кейінгі ұрпаққа, бабадан балаға мұра болып  «Қадірін білсең ар қымбат, бағалай білсең бар қымбат», «Ел бірлігі – менің тірлігім», «Ерінбегеннің еңбегі жанады, үйіне қызыр қонады» т.б. аталы сөздер қалдырған», - дейді Балтабай ата. Қазақ өнерінің майталмандары, сахна саңлақтары, Қазақстанның халық әртістері Қанабек Байсейітов, Бикен Римова, Шолпан Бәкірованың өшпес өнерлерінің қалған жері де осы Қаратал мекені екенін тілге тиек еткен ақсақал бақытын еңбектен тапқан көптеген Еңбек Ерлері мен кеудесін оққа төсеген Кеңес Одағы батырларының есімін ұлықтады. Сонымен қатар, киелі мекенде өсіп-өнген ақындар мен қаламгерлерді де тізбектеп, өз замандастары жайлы естеліктер айтты. «Тілімізді, өнерімізді, дініміз бен салт-дәстүрімізді насихаттап, болашақ ұрпақты халықтық тәрбиемен сусындата өсіреміз десек, өңір тарихы мен бабаларымыздың даналық сөздерінің маңызы ерекше екенін ұмытпай, бар мағлұматты жас ұрпаққа жеткізудің тиімді әдіс-тәсілдерін қарастыру біздің мақсатымыз екендігін естен шығармауымыз керек», - деді абыз ақсақал.

Альфита СЕКСЕНБАЕВА

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Желтоқсан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31