Баба рухы асқақтады

 

     Қыркүйек айының 26 күні қашан да ұрпағына ұран, даласына дана да, пана да болған, шашақты найза қолға алып жердің тұтастығын, елдің амандығын сақтаған даңқты қолбасшы, топ арасынан суырылып сөз сөйлеген шешен, әділдікті қақ жарған би, сәулегей әулие – Ескелді Жылкелдіұлының 325 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтті.

  Жарықтық, бұл күні қоңыр күздің тұнжыраған аспаны шайдай ашылып, күлімдеп алтын күн шуақ шашқанда бұл да бабаның бір қасиеті шығар ойладық. Таң бозынан Ескелді би кесенесінің алдына дүйім халық жиналды. Жұртшылық емен-жарқын жүздесіп, бір-бірін мерейтоймен құттықтап, ниет қабыл болсын деп, төс қағыстырып, арқа-жарқа болысты.

   Игі шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсенбінов, Қаратал ауданының әкімі Қайрат Бисембаев, Ескелді ауданының әкімі Бағлан Тәнекеев, Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстан Республикасы сыйлығының лауреаты, жазушы Жұматай Шаштайұлы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерасыл Әбілқасымов, сондай-ақ бабаның тікелей ұрпақтары, аудан жұртшылығы көптеп қатысты. Халық Ескелді би кесенесі мен айналасына заманауи үлгіде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сәні мен салтанаты астасып тұрғанына риза болысты. Бір айта кетерлігі, мемлекет қорғауына алынған тарихи ескерткішке жергілікті бюджеттен 27 миллион теңге қаржы бөлініп, көктемде кесене алдына төсеніштер төселген болатын. Кесененің жан-жағы қоршалып, айналысына 700 түп ағаш отырғызылды. Ескелді бидің шырақшысы Бақберген Жүнісбаев баба рухына тағзым етушілерге бидің өмірбаянын, қызықты оқиғалар жайында сыр шертті. 2015 жылы Ескелді би ұрпағы Еділ Ергожин бір топ іскер азаматтың қолдауымен кесенеге заманауи келбет берген болатын.      

    Жұртшылық кесене ішіне кіріп, Ескелді Жылкелдіұлының аруағына тәу етті. Ауданның бас имамы Әбудардан Таласбай құран оқып, баба рухына бағыштады. Бұл күні қайырымды іс те қалыс қалған жоқ. Жаны жомарт жандар Алла тағала ризалығы үшін бір ірі қараны құрбандыққа шалып, етін мүгедек, тұрмысы төмен 20 отбасыға таратты. Жұртшылық шатыр астында жайылған дастарханнан дәм татты.

    Осыдан соң баба тойы Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында жалғасын тапты. «Ер Ескелді» атты бейнефильм көрсетіліп, батыр бабаның ерен ерліктері қалың көпшілікке таныстырылып, «Ерлігі елге мұра – Ескелді» атты республикалық ғылыми тәжірибелік конференция өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ж. Омар төрағалық етті. Мінбеге көтерілген М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты қолжазба және текстология ғылыми инновация бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты Тоқтар Әлібеков, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Күлімкөз Сантаева,  осы оқу орнының тарих ғылымдарының магистрі Динара Қаратаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының  докторы, профессор, Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының  ректоры Өмірәлі Жалайыри Ескелді  бидің сұңғыла саясаткер, көреген басшы, қол бастаған батыр, әділ билігі жөнінде тың әрі қызықты мәліметтермен қанықтырды. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлы Ескелді бидің өмір тарихын терең зерттеу мақсатында мемлекет тарапынан арнайы іс-шаралар жоспарының құрылуына баса мән берсе, ақын Сайлаубай Тойлыбаев батыр баба жайында өз өлеңін оқыды.

   Одан әрі «Салтанат сарайы» мейрамханасында Ескелді бидің рухына бағышталып ас берілді. Мерекелік дастархан үстінде облыс әкімі Амандық Баталов сөз алып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткізіліп отырған  баба тойы жалпы қазақтың тойы екеніне баса назар аударды. Өйткені, жоңғар шапқыншылығы кезінде Ескелді би бастаған қазақ халқының көрнекі тұлғалары Жетісу жерінің ғана емес, елдің тұтастығы мен ынтымағының сақталуына өлшеусіз үлес қосқанын айтты. Сондай-ақ, Ескелді атаның есімін дәріптеп, халыққа танытып жүрген бірқатар азаматтардың иығына шапан жабылды. Солардың қатарында қараталдық өлкетанушы-қаламгер Қараша Қараман да бар.  

  Түстен кейін І. Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында «Ерлігі мұра Ескелді» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Елімізге танымал суырып салма ақындар қатарында Балғымбек Имашев (Алматы облысы), Айнұр Тұрсынбаева (Астана қаласы), Сара Тоқтамысова (Семей қаласы), Сырым Әуесхан (Қостанай облысы), Жандарбек Бұлғақов (Алматы облысы), Талғат Мықи (Батыс Қазақстан облысы), Арзыгүл Қайынбек (Алматы қаласы), Сырымбек Сәрсенбай (Атырау облысы), Әсет Дүйсебаев (Жамбыл облысы), Жалғас Садыр (Жамбыл ауданы) қыз бен жігіт, жеңге мен қайын, аға мен іні арасындағы қағытпа арқылы әдемі айтыс жасап қана қоймай, Ескелді бидің ұлылығын жыр шумақтарымен әспеттеді. Ұтқыр ой, тапқыр шешім, қарымта жауап арқылы көрермендердің күлкіге көміп, айтыс өнеріне шөліңкіреп қалған халықтың айызын бір қандырды. Ақындар бірде шабыттанып Жетісу өлкесін жырласа, енді бірде әсерлене қоғамдағы келеңсіздікті айтып, шындықтың туын жықпады. Ақындар айтысына  «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ахмет Кендірбекұлы, облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасары, ақын Нүсіпбай Әбдірахым, айтыскер ақын, «Алатау» газетінің редакторы Айтақын Бұлғақов, «Қазақстан-Заман» газетінің тілшісі, жазушы Нұрила Бектемірова төрағалық етті. 

   «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, айтысқа қатысқаны үшін Әсет Дүйсебаев, Балғымбек Имашев, Сырым Әуесхан, Арзыгүл Қайынбек, Жалғас Садыр 300 мың теңге сыйлықпен марапатталды. Ескелді бабамыздың атындағы арнайы жүлде Талғат Мықиға бұйырып, 400 мың теңгені қанжығасына байлады. Сырымбек Сәрсенбай 3 орынға қол жеткізіп, 500 мың теңгені еншіледі. Аламан айтыста 2 орынға Айнұр Тұрсынбаева лайық деп танылып, 600 мың теңгені иеленді. 1 орын Жандарбек Бұлғақовқа бұйырып, 700 мың теңгенің иесі атанды. Ескелді бабамыздың 325 жылдық мерейтойына орай өткізген ақындар айтысының Бас жүлдесін Сара Тоқтамысова жеңіп алып, 1 миллион теңгені еншіледі. Жүлдегерлер сыйлығын қазылар алқасының мүшелері тапсырса, Бас жүлде иегеріне сый-сияпатты Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар салтанатты жағдайда табыстады. Осылайша, таң сәріден басталған баба тойы күн еңкейгенше толастаймай, Жетісу өлкесін дүбірге бөлеп,  дүркіреп тойланып өтті.  

Асхат Өмірбаев

   

 

 

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Желтоқсан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31