Бар мейіріміміз – балаларға

 

 

     Тағдыр тәлкегіне түскен жарымжан жандарды қоғамға бейімдеп, олардың еңсесін тіктеп, өзгелер секілді қолайлы жағдай жасауды басты мақсат тұтып, облыс, аудан басшылығының қолдауымен осыдан бір жыл бұрын балғындарға есігін айқара ашып, Ирина Байғазақованың басшылығымен сапалы қызмет атқара жүрген Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ММ-нің «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Қаратал күндізгі болу орталығы» ұжымы бүгінде тағы бір жағымды жаңалықтарын біздермен бөлісті.                                                           

      Ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбек және әлеуметтік-құқықтық сынды жеті түрлі арнаулы қызметтер алуларына мол мүмкіндік жасалған мекеме балалардың денсаулығын нығайтуға пайдасы зор су бассейні орналастырылған арнаулы бөлмемен толықты. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 400 мың теңге қаражат бөлінген. Арнайы бөлме сапасы жоғары су бассейні және қажетті құрал жабдықтармен жабдықталған. Енді орталықта қызмет алушы 60 баланың барлығы дерлік қажетінше емдеу терапиясы нұсқаушысы Айдос Тұрспековтың көмегімен ем-домдарын алуларына барынша жағдай жасалған. «Бірқатар балалардың еміне су терапиясы ауадай қажет. Олар суға шомылу барысында денелерін босату арқылы, көптеген іс қимыл жасай отыра пайдасы мол ем алары сөзсіз», - дейді мамандар.                                                                                                  

Осындай қуанышты сәтке орай орталық ұжымының ұйымдастыруымен «Бар мейіріміміз – балаларға» атты мерекелік шара өтті. Мерекенің куәгері болған аудан әкімінің орынбасары Қ.Қасымов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы С.Амандосов, Талдықорған қаласындағы «Қамқор» балалар үйі мен «Үміт» күндізгі болу орталығының өкілдері Қаратал күндізгі болу орталығы ұжымына, ата-аналары мен балғындарына ізгі тілектерін жеткізсе, жүздері бал-бұл жанған балғындар жырдан шашу шашты. Артынша ем алушы балалар су бассейнімен танысып, жеміс-жидектер, сусындар мен тәттілер қойылған мол дастарханнан дәм алып, мәре-сәре болысты.

          Альфита ОРАЗБЕКҚЫЗЫ

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Қазан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31