Менің таңғдауым - балаларға

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауының бірінде: «Бүгінгі таңдағы ауыртпашылықтар - біздің үлесімізге тиген алғашқы сынақ емес, барлық қазақстандықтардың өркендеуі, қауіпсіздігі мен әл-аухатын жақсарту аса маңызды міндет болып қала береді. Сондықтан қазақстандықтарды аталған іс-шараларды жүзеге асыруға, еңбексүйгіштікке және қайсарлық танытуға, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесуге және қамқорлық көрсетуге шақырамын» деп атап көрсеткен болатын. «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген балалардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жаңа әлеуметтік саясатты іске асыру мақсатында бастау алған «Мектепке жол» республикалық акциясы биылғы жылы «Менің таңдауым – балаларға көмек!» атты ұранды алға тартуда.

Оқумен қамтылмаған мектеп жасындағы балаларды анықтап, аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан, сондай-ақ, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мектеп оқушыларына уақытында  материалдық қолдау көрсетіп, әлеуметтік себептер бойынша олардың мектепке келмеуінің алдын алу мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде бірінші тамыздан басталған екі айлық «Мектепке жол» акциясы аудан көлемінде де ұйымдастырылды. Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен 21 тамыз күні орталық алаңда өткен игі шараға аудан басшылығымен қатар мекеме, бөлім басшылары, мектеп ұжымдары, жеке кәсіпкерлер мен көптеген демеушілер, мектеп жасындағы балалар мен олардың ата-аналары қатысты. Табиғат аясында өткен шара барысында мектеп өнерпаздары ән-жырларынан шашу шашып, өңір халқына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Акцияға жиналған аудан жұртшылығы балаларына мектеп формаларымен қатар, басқа да құрал-жабдықтар алуларына мол мүмкіндік болды. Ондағы оқушылар киімі мен кеңсе тауарларының бағасы өзге дүкендермен салыстыра қарағанда төмендеу екендігі көзге бірден түсті. Киімдердің сапасы да жаман емес.

Аудандық білім бөлімі мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, орта білім беру мекемелері бойынша ағымдағы жылдың тамыз айының есебімен алғанда аз қамтылған, жетім, жартылай жетім, көп балалы отбасындағы балалар саны – 552-і құрап отыр. Дәстүрлі шара бастау алғаннан бері аудан азаматтары «Мектепке жол акциясына» бірауыздан үн қосып, әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың балаларына жан-жақты көмек көрсетуде. Нақтырақ айтар болсақ, «Қаратал» АҚ директоры Серікжан Жексенбинов көмекке зәрі балаларға 600000 теңге көлемінде қаражат бөлді. Елтай орта мектебінің 2 және К. Тоқаев ОМ-нің 3 оқушысы «Уштобе Кирпич» ЖШС директоры Алтай Смаиловтың қолдауымен мектеп формасы және қажетті құралдармен (114000 мың теңгеге) қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, № 55078 әскери бөлімі 5 балаға 50000 теңге, № 301310 әскери бөлімі 9 оқушыға 60000 қаражат бөлді. «Тастөбе АгроФуд» ЖШС директоры Сабит Ахметов Жамбыл орта мектебінің 4 оқушысына 40000 теңге жұмсады. Былтырғы оқу жылында демеушілер тарапынан 319 балаға 3413800 теңгеге көмек көрсетілсе, биыл 3736370 теңге көлеміндегі қаражатқа 246 бала мекеме, бөлім басшыларымен қатар кәсіпкерлердің қолдауымен мектепке дайындалды, - дейді жоғарыда аталған бөлім мамандары.

Оқушыларды жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсетуге бағытталған дәстүрлі акция 30 қыркүйекке дейін жалғасын табатындықтан алдағы уақытта да көмекке зәру балаларға жан-жақты қолдау көрсетіле бермек. Сондай-ақ, акция қаржылай немесе заттай көмек көрсетумен ғана шектелмейтінін ұмытпайық. Мектепке бармай жүрген баланы көрген әр адам, дабыл қағып, жас ұрпақтың оқумен қамтылуына көмек жасап, аудандық білім бөліміне немесе білім ошақтарының назарына ұсынғаны жөн болар. Сонда біз өз тарапымыздан акцияның нәтижелі өтуі мен бір баланың болсын тағдырына өз үлесімізді қосқан боламыз.

Альфита СЕКСЕНБАЕВА