Елбасы мақаласы - жастарға бағдар

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын насихаттау, Елбасының жүргізіп отырған саясатын, іскерлік қабілеті мен ұшан-теңіз еңбегін жас ұрпаққа жеткізу мақсатында мамыр айының 16-жұлдызында аудан жастарымен кездесу ұйымдастырылды.

Аудан әкімі Қайрат Бисембаевтың төрағалығымен Бастөбе сервистік-техникалық колледжінде өткен жиынға «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жандос Теңелбаев, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, өңір жастары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиынды ашқан өңір басшысы Қайрат Әшірәліұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы соңғы күндерде ел өміріндегі қоғамдық-саяси маңызы зор оқиғаның бірі болғанын атап өтті. Онда Елбасы экономикалық және саяси жетістіктерімізді дамытудың рухани бағдарламасын ұсынып отырғанына тоқталды. Көпшілік алдында алғашқы сөз кезегін алған Әміре Әрін жұртшылық талай талқылаған Елбасы мақаласы - ордалы еңбектерінің табиғи жалғасы екенін алға тартады.

«Біздің эрамыздың төртінші ғасырының соңында-ақ кәрі құрлықты тұлпар тұяғының шаңына бөлеген ғұн-түріктердің тілдік экспансиясының басым түскені бар. Кейінгі Бумын бабамыз құрған Түркі қағанаты қанатын жайған тұста бұл үрдіс тіптен етек алды. Сол себепті де, латын, ағылшын, герман, парсы, славян тілдерінде түркі тілінен енген сөздер жетерлік. Бір мың жылдан астам уақыт бойына Еуразия құрлығында халықаралық тіл, яғни бүгінгі ағылшын тілінің рөлін атқарған түркі-қазақ тілінің айбыны өз сәтінде қалайша асқақтамасын.

Қазақстан халқын біртұтастыққа алып келетін латын әліпбиіне өтуіміз өрісімізді кеңейтіп, әлемдік қауымдастықтағы бет-әлпетіміздің одан әрі ажарлана түсуіне серпін берері сөзсіз. Оның үстіне жұмыр жердегі елдердің сексен пайызы еркін пайдаланып отырған әліпбиден бүгін қалыс қалсақ, ертең бізді өскелең ұрпақ түсінбей қалары хақ»,  -  дейді «Жетісу» газетінің бас редакторы. Артын ала мінбеге көтерілген Ғалиасқар Төлендіұлы қоғамдық сананы жаңғыру жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеясы - еліміздегі конститутциялық, экономикалық реформалардың заңды жалғасы екенін тілге тиек етіп, мақалада жаңа заман көшіне ілесіп, өркениетті ел болу үшін ұлттық сананы сақтау мен өрістетудің нақты жолдары ұсынылғанын жеткізді. Сондай-ақ өз ой-пікірін облыстық мәслихат депутаты Базархан Байтаев білдірді. Өңір жастары да Елбасы мақаласы мәні мен мазмұны, маңызы мен мағынасы қоса өріліп, өзіндік өміршеңдігін көрсеткен көлемді туынды болғанын баяндап, тарихтың толқындарын таразылаудан басталып, ұлт болмысын барынша бағамдаумен байланысып, мемлекеттік атқаруы тиіс міндеттерін межелеп берген мақала жастардың да тебіренуіне түрткі болғанын айтып, құптарлық істі бірауыздан қолдайтындарын жеткізді. Шара барысында жастар тарапынан сауалдар қойылып, тиісті жауаптар қайтарылды.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы:

- Бұл бағдарлама ұлтымыз үшін маңызы терең, ауқымы зор, өнегесі мол, халқымызға рухани азық болатын айтулы дүние. Бұл мақалада өткен тарихи кезеңдерге сындарлы баға беріліп, ой елегінен өткізіліп, рухани даму бағытымыз айқындалған. Ел Президенті қоғамның рухани жаңғыруына халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті негіз болуы тиіс екенін айтты. Мұндай бағытты ұстану кешегі күн мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғастырады. Сондықтан біздің міндетіміз Мемлекет басшысының тапсырмасын орындай отырып, мақалада көрсетілген жобаларға басты назар аудару,  - деп атап өтті.

Альфита СЕКСЕНБАЕВА

 

 

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Желтоқсан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31