Ұлы жеңіс ұмытылмайды

9 мамыр - Ұлы Жеңіс Үштөбе қаласының орталық саябағында кең көлемде тойланды. Бейбіт күннің қадірін білген жұрт осынау мәні асқақ мерекені ерекше ықыласпен атап өтті. 

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран. Жеңіс күні арада 72 жыл өтсе де көмескіленбей, ұлы қасіреттен құтылып, қуанған халықтың жүзіндегі шаттық шырайы айқын сезіледі. Сұрапыл соғыс, қандықасап қантөгістен оралмаған әкелер мен бауырлардың орны толмас өкініш, аһ ұрған аналардың көздеріндегі ыстық жас бекер болмағанын жас ұрпақ жадында ұстаса игі. Иә, ешқашан соғыс болмасын деген, омырауы орденге толған ардагерлердің шынайы тілегі де осы. 

Әуелі аудан әкімі Қайрат Бисембаев бастаған аудан басшылары Ұлы Отан соғысының батыры, марқұм Иван Косенковтың зиратының басына барып, құрмет ретінде гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Үштөбе қаласының орталық саябағында жалғасын тапқан шарада соғыс және тыл ардагерлері, әскери комиссариат пен әскери және ішкі істер бөлімдерінің қызметкерлері, сондай-ақ ауған соғысы ерлерінен құралған топ қалалық саябақтағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минуттық үнсіздік жарияланды.

Салтанатты жиында аудан әкімі Қайрат Бисембаев ел басына қара түнек күн туғанда Отан соғысының қан майданында жаужүрек аталарымыз бен әкелеріміз ерлік пен қайсарлыққа толы биік рухтарын күллі әлемге паш еткенін айта келе, аға ұрпақтың төзімділігі мен табандылығы, қайраты мен қаһармандығы және жанқиярлық еңбегінің арқасында жеңіске жеткенімізді тілге тиек етті. Сондай-ақ, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Ақназар Усербаев, ауған соғысының ардагері Талғат Нұрғазин отан үшін от кешкен әкелеріміздің даңқы асқақтай берсін, тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деген тілектерін жеткізді. Аудан өнерпаздары ерлік пен елдікті дәріптеген патриоттық сарындағы әндерді әуелетті.  

Одан әрі аудан басшысы Ұлы Отан соғысының ардагерлері Тұрарбек Ахметшенов пен Шертай Шукеновтың үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтады. Сонымен бірге ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың, республикалық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М. Құлмұхамедтің құттықтау хаттары мен облыс әкімі А. Баталовтың және К. Тоқаев атындағы қоғамдық қордың қаржылай сыйлықтарын тапсырды. Мереке соңында майдангерлер «Бақыт и К» мейрамханасында бас қосып, ғибраты мол естеліктер айтты.

Асхат  ӨМІРБАЕВ

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Қазан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31