Корей елшілерін қабылдады

 

 

   22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні аудан әкімі Қайрат Бисембаев жеке кабинетінде Оңтүстік Кореядан келген бір топ делегация өкілдерін қабылдады.  Қиыр шығыстан келген қадірлі меймандар Наурыз тойы тамашалап, үлкен әсер алды.


Емен-жарқын  делегация өкілі, Чонсон уезі мэрінің орынбасары Шин Джу Хо мырза бұл жолғы іссапардың мақсаты – Қазақстан корейлерінің депортацияға ұшырауына 80 жыл толуына арналған іс-шара жоспарын талқылау әрі Наурыз мерекесіне арнайы келіп, жергілікті халықтың салт-дәстүрімен етене танысу екенін мәлімдеді.

Кәріс ұлты өкілдерінің қасиетті Қаратал топырағына табан тіреуі бекер емес. Сонау ХХ ғасырдың 30 жылдары репрессия кезінде Қаратал жеріне Қиыр шығыстан кәріс ағайындар отбасымен бірге күштеп қоныс аударылған болатын. Сол кезде өзі аштық пен қуғындаудан көз ашпаған қазақ халқы осынау қиын-қыстау кезеңде жат жерліктерді бауырына басып, бір үзім нанымен бөлісіп, екі бөлмесінің бірін босатып беріп, паналатқан еді. Бұл жанарға жас іркілтер жақсылықты ұмытпаған кәріс ұлтының өкілдері Үштөбеге жиі келіп, осындағы қандас бауыр-ларымен қарым-қатынас жасап тұрады. Ал тумысынан қонақжай әрі мейірбан қазақ жұртының құрметіне «Қазақ халқына мың алғыс» атты ескерткіш те орнатты.

Чонсон уезі мэрінің орынбасары  Шин Джу Хо мырза жылы жүздесу үшін алғысын білдіріп, наурыз мерекесіне шақырғанның өзі үлкен мәртебе екенін айтты. «Қазақстанда кәріс диаспорасы емін-еркін, бақ-қуатты өмір сүріп жатқанын жақсы білеміз, өзім Қазақстанға алғаш рет келсем де, өз отанына келгендей сезінемін. Қос мемлекеттің арасы қанша алыс болса да, осындай жылы қабылдаулар халықтар арасын жақындатады» деді. Корейден келген қонақтар «Қазақстан корейлерінің депортацияға ұшырауына 80 жылдығына іс-шараға концерттік бағдарламамен келуге бола ма?» деген сауалына аудан әкімі Қайрат Әшірәліұлы: «Әрине, келуге рұқсат және келуге міндеттісіздер» деп көңілдерін бір марқайтып тастады. 

Чонсон мэрінің ынтымақтастық жөніндегі бөлім бастығы Ким Су Бок, бөлім бастығы Со Гон Хви, Чонсон уезінің кеңсе бөлімінің қызметкері Чхве Сын Чжа, «Ариранг» бөлімінің қызметкері До Сан Хви, «Ариранг» музейінің директоры Чин Ен Сон екі ел арасындағы ықпалдастық пен мәдени, тарихи байланыстардың тамыры тереңде жатқанына баса назар аударды. Делегация өкілдері аудан басшыларына 2018 жылы Пхенчанда өтетін Олимпиада ойындары тақырыбында жасалған сый-кәделерді табыстады. «Орамал тон болмайды, жол болады» деген ниетпен қараталдықтар да қонақтарға ұлттық кәдесыйлардан  тарту-таралғы жасады. Осыдан кейін қадірлі қонақтар алаңда өткен наурыз мерекесін тамашалады.

 

А. Бақытұлы

 

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Желтоқсан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31