«ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН» ПОЙЫЗЫ Үштөбе бекетіне аялдады

Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерекесіне орай еліміздің алыс-жақын бекеттеріне аялдап, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалымен танысып, дәрігерлік, кәсіпкерлік, әлеуметтік, құқықтық, ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша қабылдау өткізіп, жұрттың сан сауалына тұщымды жауап қайтарып, кеңестер беріп келе жатқан пойыз құйқалы Қаратал топырағына табан тіреді. 

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында 1 қараша күні Астана қаласынан шойын жолмен жүйіткіп шыққан пойызы елді мекендерге аялдап, желтоқсан айының 8-і күні Үштөбе бекетіне келіп жетті. Қаратал ауданының әкімдігі мен аудан тұрғындары қадірлі қонақтарды ән-жырмен, ақ дәммен қарсы алды. Мей-мандар жыл өткен сайын көркейе түскен Жетісу өңірінің киелі өлкесімен танысып, көңілге әсерлі ой түйді.     

                                                         

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызын қарсы алуға арналған салтанатты іс-шарада аудан әкімі Қайрат Бисембаев сөз алды.

- Құрметті «Тәуелсіз Қазақстан» үгіт-пойызының қатысушылары! Сіздер жер жаннаты – Жетісу, біздің тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кіндік қаны тамған өлкенің ішіндегі қабырғалы аудан, қасиетті Қаратал әулиелер мекені деп аталатын үлкен ауданға келдіңіздер. Бүгінгі қасиетті Қаратал әулиелер мекеніне басқан қадамдарыңызға нұр жаусын! Ежелден Қаратал өңірі – жеріне қалқан болған ерімен, елінің ынтымағы болған биімен танымал. Қаратал бойында ел ардақтылары: Ескелді мен Балпық, Жолбарыс пен Қарымбай әулие, Айту, Жәлменде би мен Пышандай сазгер-ақын, өмір кешкендігі біздің ауданымыздың бір ерекшелігі. Қазақ өнерінің майталмандары, сахна саңлақтары Қанабек Байсейітов, Бикен Римова, Шолпан Бәкірова мен Мәскеудің Үлкен театрының күміс көмей әншісі атанған Людмила Нам, қазақ әдебиеті детектив жанрының көшбасшысы Кемел Тоқаевтың кір жуып, кіндік кескен жері, - деді өңір басшысы Қайрат Әшірәліұлы. Өңір басшысы «Тәуелсіз Қазақстан» ақпараттық үгіт-насихат пойызы жақсылықты жеткізген алғашқы қарлығаштай барша жұртты қуантып жүргеніне баса назар аударды. Қаратал жерін мекендейтін 43 этнос өкілдері, аудандағы 6 бірлестік өкілдері тарихтан тағылым алып, емін-еркін еңбек етіп, бақ-қуатты өмір сүріп жатқанына айрықша тоқталды. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты, Л. Н. Гумилев атындағы Евразия Ұлттық Университеті Халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры Әміржан Әлпейісов өз сөзінде Қаратал өлкесіне тізгін тартып, берекелі елмен қауышқа-нына қуанышты екенін білдірді.

- Тәуелсіздік күні санаулы күндерден кейін болмақшы. Осындай үлкен мерекемен сіздерді құттықтап, арнайы Елбасының сәлемін алып, 1 қараша күні Астанадан шықсақ, енді бүгін сіздерге жетіп отырмыз. Елбасының құттықтау сәлемін қабыл алыңыздар!  Қашан да Қазақстанның қай жерінде болсақ та бізді ақ көңілмен, ақ нанымен, сүтіменен қарсы алған кең пейілді халқымызды көріп келеміз. Мұның өзі біздің тәуелсіздікті аңсағанымызды, Елбасының саясатын қолдағанымызды, елдігімізді, бірлігімізді, біз ұлы халықтың ұрпағы екенімізді көрсетеді. Бұл игі шара халық пен билік арасындағы алтын көпір болып, ширек ғасырда Қазақстан жүріп өткен жолдардың жетістігін насихаттаудан бөлек, арнаулы мамандардың халықтың әлеуметтік, құқықтық мәселелерін шешуге көмегін тигізеді. Делегаттар құрамында жеті министрлік пен үш ұлттық компанияның жауапты қызметкерлері осы мақсатқа жұмыс жасауға әзір, - деді «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының басшысы Әміржан Әлпейісов.

Облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оралбек Жақиянов Елбасымыз Н. Назарбаевтың шешімдері мен саяси ерлігінің арқасында еліміз өзін барша әлемге зайырлы, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танытып, бүгінде қазақ елі өз алдына шаңырақ көтеріп, көк тудың астында бақытты өмір сүріп жатқанын айтты. Осынау пейілі кең, достығы дархан қазақ халқының арқасында бүгінде тәуелсіз қазақ жерінде ұлт пен ұлыстар бір атаның баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп отырғанын баяндады. Жетісу өлкесіндегі өткен ғасырдың зобалаңы кезіндегі қазақ халқының көрсеткен көмегінің арқасында көптеген ұлт өкілдері аштық пен суықтан аман қалып, бүгінде олардан тараған ұрпақтары тамырын тереңге жайған бәйтеректей жайқала өскенін тілге тиек етті.

Қонақтарға тарту ретінде аудандық мәдениет үйі бишілерінің орындауында «Достық» би композициясы ұсынды. Өнерпаздар әсем әнмен әспеттеді. Концерттік бағдарламадан соң білікті мамандар жергілікті қызметкерлермен бірге қоғамдық қабылдау өткізді. Құрамында ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, медицина және әлеуметтік сала мамандары, заңгерлер мен өзге де мамандардан құрылған меймандар қала, ауыл тұрғындарымен кездесіп, әр сала бойынша туындаған сауалдар бойынша жауап қайтарды. Ақ желеңді білікті дәрігерлер қауымы тұрғындарды қабылдап, кеңес берді. Бұл пойызды күтіп жүрген халық көп екен. Әсіресе, аудандық ауруханаға ағылған жұрт қаралуға ерекше ынталы болды. Жергілікті медицина шеше алмайтын түйткілді мәселелерді шешуге жәрдемдесті. Нақтырақ айтсақ, емдеу мүмкін болмаған 15 науқасқа республикалық клиникаларға квота бөлу мәселесі шешімін тапты. Сонымен бірге «Нұр Отан» партиясы қоғамдық қабылдауында халық көкейіндегі өзекті мәселелерін қойды. Іс-шара барысында № 51 мектебінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің облыстық ҚХА-ның ғылыми-кеңесінің және этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесу, сонымен қатар, аталған мектепте білім беру саласындағы мәселелерді талқылауға арналған семинар-кеңес жиындары болып өтті. 

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі Ә. Әлпейісов бірде-бір мәселе жерде қалмай-тынына сендірді. Оның айтуынша, жергілікті жерде шешілуі қиын мәселелер хатталып, Қазақстан Президенті Әкімшілігіне жолданады. Әрқайсысының орындалу мерзімі белгіленіп, өтініш-арыз бергендерге тиісті жауап қайтарылады. Аудан бойынша жүздеген адам әр сала бойынша қабылдауда болып, көпшілік қанағаттанарлық көңіл күймен шықты. 

Қадірлі меймандардың қатысуымен аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында брифинг өткізілді. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының басшысы Әміржан Әлпейісов кездесуден үлкен әсер алғанын айтып, Қазақстан халқы Ассамблеясы шығарған құнды кітаптарды тарту етті. Аудан әкімі Қайрат Бисембаев он сегіз әулие жатқан қасиетті Қаратал өлкесіне келіп, әр сала бойынша аудан жұртына мейлінше көмек берген қонақтарға алғысын білдірді. Кеш түнге ауысқан тұста «Тәуелсіздік пойызы» Үштөбе стансасынан келесі бекетке аттанып кетті.

Асхат ӨМІРБАЕВ.

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Маусым 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 14 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30