Жаңа орталық ашылды

Қазан айының 18 күні Үштөбе қаласының орталығында «Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Қаратал күндізгі болу орталығы» мекемесінің ашылу салтанаты өтті. Оған аудан тұрғындары мен мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары көптеп қатысты.

    

Елбасы Н. Назарбаев «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс. Ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуі тиіс. Бұл өзіміздің және қоғам алдындағы парызымыз» деген еді. Міне, осынау жанашырық міндет еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асып келеді. Аудандағы орталықтың ашылуы ел ағаларының жүрек жылуы мен қолдауының арқасы дегеніміз ләзім.  

    Күрделі жөндеуден өткен ғимараттың ашылу салтанатында Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қаныбек Айтжанов пен аудан әкімі Қайрат Бисембаев лента қиып, тұсаукесер рәсімін жасады. Көпшілік алдында сөз алған Қаныбек Құлжабайұлы барша Қаратал тұрғындарын зәулім ғимаратты орталықтың ашылуымен құттықтап, игі лебізін жеткізді.

 

- Қадірменді аудан тұрғындары! Бүгін ашылып отырған ғимараттарыңыз құтты болсын! Бұл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында аудан халқына үлкен сый болып отыр. Өйткені, Елбасымыздың берген тапсырмаларының ішіндегі аса көңіл бөлетіні – бұл қоғамдағы қамқорлыққа зәру адамдар болып табылады. Олардың қатарында көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, ардагерлер және басқа да көмекке мұқтаж жандар бар. Біздің облысымызда осындай балаларды оңалтуға бағытталған екі орталық бар, міне бүгін сіздерде үшіншісі ашылайын дап жатыр. Әрбір сәбидің денсаулығын жақсарту мақсатында жасалып отырған осындай қамқорлықты ел ертеңі үшін жасалған қамқорлық деп білеміз. Өйткені дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Осы ұжымға ауызбіршілік, еңбектеріңе жеміс тілеймін! - деді Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қаныбек Айтжанов.

    Облыстан келген өкілдің айтуынша, бүгінгі күні Алматы облысында 61,3 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтар тіркелсе, соның 7 мыңнан астамы 16 жасқа дейінгі балалар. Облыс бойынша үйде қызмет көрсететін 24 бөлімше арқылы 319 әлеуметтік қызметкер 1597 балаға үй жағдайында әлеуметтік қызметтер көрсетуде. Осы балалар қоғамнан шектеліп қалмас үшін мемлекет тарапынын барлық жағдай жасалуда. Ол оңалту орталығының ашылуына мекеме ғана емес, балалар мен ата-аналар да қуанышты екенін айтты. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар педагогикалық және психологиялық көмек алып, тренажерлерде жаттығып, массаж қабылдап, үйдегі төрт қабырғамен шектелмей, бір-бірімен жақсы қарым-қатынас жасай алатынына баса назар аударды. Ағымдағы жылы оңалту орталығының іске қосылуына облыстық бюджеттен 74.0 млн. теңге қаржы бөлінсе, соның 26 млн. теңгесі ғимаратты жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалған. Аталмыш мекемеде 18 жасқа дейінгі 60 балаға әртүрлі оңалту шаралары көрсетілетін болады. Психолог, педагог, логопед, дефектолог  секілді тәжірибелі мамандар жүйелі жұмыс жасайды. Жалпы орталықта 58 қызметкер жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Орталыққа көргені мен көңілге түйгені мол, өмірлік тәжірибесі толысқан Ирина Байгазакова басшылық жасайды.

     Іс-шарада игі лебізді жалғаған аудан әкімі Қайрат Бисембаев:

- Халқымыз «Ел боламың десең, бесігіңді түзе» деп айтады. Осы қағиданы Елбасымыз ылғи алдына ту етіп ұстап отырады. Жастар – біздің болашағымыз. Біз бала дегенде мүмкіндігі шектеулі болсын, мүмкіндігі бар болсын, бөле-жара қарамауымыз керек. Барлығын қоғамнан тыс қалдырмай, тәрбиелеуміз қажет. Қазір теледидардан мүмкіндігі шектеулі жандардың жасап жатқан керемет жұмыстарын көргенде, біздің қолымыздан келмей жатыр деп айтқан әңгімеміздің өзі бекер екенін көресіз. Бүгін ауданымызда осындай орталықтың ашылуына облыс әкімі Амандық Ғаббасұлына алғыс айтуымыз керек. Өйткені, былтыр Үштөбе балалар үйі жабылған кезде мүмкіндігі шектеулі жандардың көп ата-аналары бізге келіп, бізге баламызды оқытып, тәрбиелейтін осындай бір орталық ашып берсеңіз деп өтініш айтып еді. Міне, сол арман бүгін орындалып отыр, - деген өңір басшысы Қайрат Әшірәліұлы Президент Жолдауларында жастарға ерекше көңіл бөлініп, олар жақсы білім алып, қалаған мамандығын игеру үшін барлық жағдай жасалғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, «100 аурухана, 100 мектеп», «Ұлт Жоспары – 100 нақты» қадам» бағдарламаларында да жастар мәселесі назардан тыс қалмағанына айрықша тоқталып өтті.

   Мүмкіндігі шектеулі жандардың ата-аналары атынан тебірене сөз алған Әсел Серікқызы: «Осындай қуанышты күні ең алдымен алғысымды Елбасыға айтқым келеді. Өйткені, Елбасымыздың арқасында осындай тәуелсіз елде тұрып жатырмыз. Осындай мекеменің ашылуына көмек көрсеткен облыс, аудан басшыларына да рахметімді айтамын. Өйткені, сіздер біздің өтінішімізді аяқсыз қалдырған жоқсыздар. Біз бұл мекемені күткенімізге көп болды. Біздің жан-дүниемізге қарап, ата-ананың көз жасын жерге тастамағандарыңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз, - деді.

    Қуанышты күнде кішкентай бүлдіршіндер ананың аялы алақаны, мейірімділік пен қайырымдылық жайында жүрек қылын шертер ән салып, көпшілікке тарту етті. Осыдан соң қонақтар мен ата-аналар әсем ғимараттың ішін аралап көріп, көңілі толды. Мұнда балалар үшін қажетті оңалту залдары, жатын бөлмелер, асхана, барлық бөлмелер заманауи үлгіде жасалған екен. Жарымжан жандарды қоғамға бейімдеп, олардың еңсесін тіктеп, өзгелер секілді өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау – қоғамның басты талабы. Сондықтан бұл орталық қамқорлық пен бақыт жолы тоғысқан көпшіліктің үміті боларына сенім мол.

Асхат Өмірбаев        

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Қазан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31