Берері мол бағдарлама

                                 

         Әрбір ата-ана балаларына жақсы білім алуға мүмкіндік жасап, кейін сол "білімді баласының" жақсы қызметке орналасуын армандайды. Бірақ, қолына дипломын алған жас маманның кез келген еңбек жолын қаладан бастағысы келетіні анық. Бәріне бірдей қалалы жерден жұмыс табыла бермесі анық. Содан әйтеуір күн көрудің амалы үшін екі қолға бір күрек табуға тырысады. Нәтижесінде диплом сандықтың түбінде шаң басып қалуда. Осы жағдайға байланысты Ауыл шаруашылығы министрінің қолдауымен 2009 жылдан бері “Дипломмен ауылға” жобасы қолға алынды. Мақсат – жұмыссыз жүрген мамандарды елді мекендерге жұмысқа орналастырып, ауылдың жағдайын көтеру болатын. Аталған бағдарлама төңірегінде көптеген жастар жұмысқа тұрып, көтерме жәрдемақы мен баспана алуға пайызсыз несие алып шарапатын көріп жатқандар баршылық.

 

        Солардың бірі - Есбосынова Жазира Бақытқызы. Ол 1991 жылы Көксу ауданына қарасты Жамбыл ауылында отбасында 10 перзенттің 9-шысы болып өмірге келген. Көпбалалы отбасынан шыққан Жазира 1997 жылы Жамбыл атындағы орта мектебінің табалдырығын аттап, 2008 жылы оны тәмәмдаған. Сол жылы С. Ж. Асфендияров қазақ ұлттық университетіне «Жалпы медицина» мамандығына түсіп, 2015 жылы «Интернатура» маманы атанған.

      Жазира Бақытқызы оқуының соңғы курсында жүргенде жолдасы Маратпен танысып, арада бір жыл өткен соң шаңырақ көтереді. Арада көп уақыт өтпей жас отбасының құрамы Жібек есімді қыз баламен толығады. Үш айға толмаған сәбиін ата-енесі қолына алып, ал жас маман 2016 жылы «Жаңаталап ауылдық амбулаториясына»  жалпы тәжірибедегі дәрігер болып жұмысқа орналасады. Мамандығын сүйген Жазира бар ынта-жігерімен жұмыс жасап, 2017 жылдың сәуір айынан бастап аталған амбулаторияның меңгерушісі қызметіне тағайындалады.  Жаңаталап ауылына жұмысқа тұрған уақыттан бастап, «Дипломмен-ауылға!» бағдарласын естіп, сол арқылы баспаналы болған. Жазира мемлекеттің барлық көмегін көріп отырғандығын айтады.

                      Жазира Бақытқызы:

-         Біз - өте бақыттымыз. Осылай жас отбасы болып, үйлі болып жатқанымызға ризамыз. "Дипломмен ауылға" бағдарламасы біздерге жұмыс жасап, үйлі болуымыз үшін өте тиімді. Өзім де баспаналы болдым. Жастарға айтарым, сіздерде аянбай еңбек етіңіздер. Біз мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекке қуаныштымыз.

 

         Міне, осылайша оқу бітірген жас түлектер «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ауылға келіп, туған жердің өркендеуіне сәл де болса ықпалын тигізіп жатыр. Олардың саны жыл санап артып келеді. Өйткені, мемлекет тарапынан ауылға барып жұмыс істеуге және тұруға ниет білдірген мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Бұл бағдарлама жұмыс іздеген жастарға да, ауылдық жердегі кадр тапшылығын жолға қоюға да тиімді болды. Аталған бағдарлама ясында түлектерге жүктелер үміт үлкен, сенім мол. Жас мамандар үмітті ақтап, сенімді селкеу түсірмеуі парыз. Бұл жастар қауымының еліміз еркіндік алғалы бергі елді дамытуды көздеген алғашқы қарқынды қадамы болмақ. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында жастардың ойып тұрып орын алуға тамаша мүмкіндігі туды. Ауыл қайнаған тіршіліктің ортасы, сезіне, түсіне білген адамға үлкен мектеп. Демек, ел ертеңін ерекшелейтін құн­дылық ауылдағы білімнен бастау ала­рын байқаймыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған же­р­ге туыңды тік» деген сөзін ескерсек, ауылға келіп еңбек ету ел үшін де, ер үшін де пайдасы мол екені айтпаса да түсінікті. Біз  Жазира Бақытқызының  отбасына амандық, еңбегіне жеміс, ауылдың өсіп-өркеуіне өз үлесі қосуына тілектеспіз!

 

Әлия ИСКЕНОВА

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Қазан 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31