Ескелді биге - 325 жыл АУЗЫ ДУАЛЫ АҚЫНДАР БАБА ЕСІМІН ҰЛЫҚТАДЫ

 

Айтыс – ықылым заманнан күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан қазақ халқының төл өнері. Қаймағы бұзылмаған төл мәдениетіміздің бірі ретінде әспеттеліп келеді. Ескелді бидің 325 жылдық тойында Талдықорған төріндегі І. Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында ел айта жүрерлік ғаламат айтыс өтті. Залда ине шаншар орын болмаған дүбірлі доданы тамашалаған қараша халықтың айтыс өнеріне шөліңкіреп қалғаны байқалды. Аса тартысты өткен айтысты Қазақстанның мәдениет қайраткері, ақын Жұматай Әміреев жүргізді. Есімі елге таныс Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашев, Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов, Талғат Мықи, Сырым Әуесхан, Талғат Мықи, Арзыгүл Қайынбек, Әсет Дүйсебаев, Сырымбет Сәрсенбай секілді 10 ақын сөзбен семсер сілтесіп, сахнаны сөз майданына айналдырды. Үш сағаттан астам айтысты тамашалаған жұрттың әбден айызы қанып, бір жасап қалды. Біз осы айтыста Ескелді бабамыз жайлы айтылған ұтқыр ой, кесімді сөз, кестелі жыр шумақтарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

  Ең әуелі сахна төріне шыққан Алматы облысының жас қыраны Жалғас Садыр мен Арзыгүл Қайынбек өзара мықтыны анықтады. Жалғас жастығына қарамай: «Жастар» спорт сарайының алдында Сүйінбайдың ескерткіші тұр. Екі ақында Тезек төреге барған саңлақтар еді. Сүйінбайдың қасына Бақтыбайдың ескерткіші тұрса, нұр үстіне нұр болар еді» деп басшыларға ой салды. Арзыгүл болса, «Ескелдінің асында сауын айтам, мың алғыс ақ көкірек бауырларға» деп ақ сәлемін жолдады.

  Жалғас:

Елім үшін еңіреп,

Көздің жасын сығатын.

Кешегі өткен бабамның,

Ескелдідей бабамның,

Балпық бидей бабаның,

Көксегенің ұғатын,

Мен бір маңғаз ұлыңмын, - деп тектілердің тұяғы болуға татыр-лық ұлан екенін аңғартты.

    Қостанайдың намысын қорғап келген Сырым Әуесхан мен  Оралдың оғланы Талғат Мықи арасындағы айтыс тіпті тартыс-ты болды. Әу дегеннен бір-бірін қыңыр сөзбен түйреген екі ақын бір-біріне лайықты жауап тапты. Бірін қоян, бірін  тышқанға теңеген қос ақын Ескелді биді ұлықтауды да ұмыт қалдырған жоқ.

Сырым:

Ескелді бабам тойына келген кезде,

Көсіліп бір шабайын қарап қалмай,

Сіздер де қиқу салып отырыңыздар,

Бабаларың жау қуып бара жатқандай, - деп залды дүрліктіліп әкетсе, енді бірде:

Тілге ғана аян ғой тістің күні,

Шайырдың шын жүректен шықсын жыры.

Тақырыпты айтайық тышқанды айтпай,

Аңғарылсын ойыңның ұшқырлығы.

Заңғарынан түскен жоқ үш ғасырда,

Заманының сайраған құс бұл-бұлы.

Екінің бірі емес қой Ескелді би,

Төле биден бата алған үштің бірі.

Оның бірі – даңқты хан Абылай,

Халқым деп ілгерілеген іс-тірлігі.

Тағы бірі – Өтеген батырым ғой,

Жұртқа аңыз найзасының үшкірлігі.

Үшеуі де Төле биден бата алғандар,

Ағайын тектілік деп ұқсын мұны.

Ал Ескелді биің ғой тіліп айтқан,

Қымырандай тілінің қышқылдығы.

Дәл осы күн жұрты үшін Жетісудың

Зор үлгіні көрсеткен  істің күні.

Ерлеріңді ескерсең байқалмайды,

Ұрпақтың жағдайының мүшкілдігі.

Шаңқан күні шайқалтпас дауылда да,

Ұстаның мықты болса ұсқындығы.

Ей, ұлыларды ұлықтай алар болсақ, 

Ұлтымның сол емес пе күш-бірлігі, - деп аталы сөз айтқан Сырым көсіле түсті:

Ей, бабамды айту бізге заң сияқты,

Қандай теңеу айтсақ та тән сияқты.

Ескелді атам оты өшкені жоқ,

Өмірі мазмұн болған, мән сияқты.

Аңырақайда шайқасқан өр арыстай,

Ерлерге ерлік қана тән сияқты.

Құлымбет, Тәттімбетпен тізе қосқан,

Тұлғасы бабамыздың тау сияқты.

Өзі би, өзі шешен Ескелдінің

Есті сөзі ұлтының ары сияқты.

Халқының қамын жеген қай кезде де,

Артық салмақ артатын нар сияқты.

Сол бабасын елдер де ұмытқан жоқ,

Төбесіне көтерді хан сияқты.

Ескелді еңсесін тіктеп тұрған

Есімі ұмытылмайтын жан сияқты.

Әйтпесе, қаншама адамдар жүр пайдасы жоқ,

Шегірткелер жеп кеткен дән сияқты.

Қара басының қамын жеп жүр талайлар,

Тауық қорға шашылған тары сияқты.

Ей, тірі жүрсе де, жоқ сияқты,

Біреулер бар болса да, жоқ сияқты,  - деп көсіледі Сырым. Ол ол ма, тарихтан сыр шертіп, ұлылардың жүріп өткен ізін шендестіре қояды.

Жетісу  әлемге аян аймақ бопты,

Қазақтыің бетіндегі қаймақ бопты.

Бір заманда Ескендір Зұлқарнайын,

Жер жүзін билеп, жоймақ бопты.

Бірақ та қаншама жаулағанмен,

Одан да айбын кетті, айбат кетті. 

Жетісуға жете алмай, көзді жұмып,

Өлгенде өзі бармақ шайнап кетті.

Талайға қоныс болған Жетісуға

Жалайырлар жайнап кепті.

Қолында Балпық пенен Ескелдінің

Байтақ жерге тігілген байрақ кепті.

Аталарға ілесіп аймақ кепті,

Боталарға ілесіп тайлақ кепті.

Жерұйыққа келген соң Жалайырдың

Тынымсыз тіршілігі қайнап кетті.

Ескендір жаулай алмай кеткен жерге

Ескелдінің ұрпағы жайнап кепті, - деп дана бабалардың жаугершілік заманда Сыр бойынан елді көшіріп әкелген еңбегін әспетеп, жырға қосты.

Бабамыз дауды шешіп, билік айтқан,

Менің көзім тарихтан жетті бұған.

Әрқашан сыйынғаны бір Алла боп,

Әрқашан сүйенгені бопты құран.

Жастанып жүргені екен жастары елдің,

Ауызында дуасы бар текті, ұлыдан.

Әйтпесе, қарап тұрсаң айналаңда,

Қазақтың қатын-даулары көп құрылған.

Некесіз бала туған бұл қазақтың,

Қыздарынан, ар-намыс кетті ұлынан.

Еркек емес еркектер көп,

Маймыл құсап айтып жүрген топ құрып ән.

Соларға еліктесең кім болсаң да,

Садаға кет қазақтың көк туынан.

Иманы осыншалық азғандығы,

Нәпсінің шамадан тыс тоқтығынан.

Есі кеткен жастардың көп болғаны,

Ескелдідей қарттардың жоқтығынан, - дей келе, қазіргі таңда ақсақалдар институтының құлдырап бара жатқанын меңзеді.

Осыдан кейін сахна төріне көтерілген, арқа төрінен келген Айнұр Тұрсынбаева мен Жетісудың жампозы Жандарбек Бұлғақовтың жыр сайысын тамашалаған көпшілік «көптен бері мұндай айтыс көрмеп едік» десіп жатты. Жандарбек «Оу, тойына келген кезде Ескелдінің, бабым-ның байқатпайын еш кемдігін» деп, бабы келіскен сәйгүліктей шаба жөнелді:

Елдерің Сырдарияның сағасынан

Жетісу жағасына көшкен бұрын.

Жаңғабыл Жетісудың үлкен биі,

Білетін қазағымның қастерлігін.

Қазыналы Қабылиса жырау шалдың

Ешқашан шығармаймын естен жырын.

Сөзбен елді балқытқан Балпық бидей,

Екі ауыз сөзбен шешкен ердің құнын.

Туған соң осылардың ізін жалғап,

Ағайын, қай айтыста дес берді ұлын.

Бүгінде туған жердің туын жықпай,

Текті елде мәдениетке жетсем бұрын.

Тұяғынан от шашып шапсын енді

Тұлпарлардың ерлігіне өскен ұлын, - деп бір көсіледі. Сондай-ақ, Ескелдінің ел бірлігін ойлаған дана екендігін мына жыр шумақтарымен аңғартады.

Бір ұлының Арғын деп атын қойған,

Құт-береке түлетіп тірлігіне.

Екінші ұлын Найман деп атын қойған,

Таңғалдым Ескелдінің ірілігіне.

Тек қана Жалайыр деп ұрандамай,

Жалпы ұлттың алаңдапты бірлігіне.

Қос ұлға қос атаның атын беріп,

Үш жүзге көрсетіпті үлгі-өнеге.

Ескелді өз қолымен канал қазып,

Диқанның жәрдемдескен тірлігіне, - дей келе, бүгінгілер канал қазбақ түгіл, бір-біріне ор қазып жүргенін сынға алады. Айнұр болса Талдықорғанға кіре берісте Ескелді, Балпық, Қабылисадай даналарға ескерткіш орнатқан халықтың өз ерлерін ескергендігін жырға қосты:   

Даналық деген осы ғой,

Қаладан келген мейманды,

Үш бабам күтіп алады.

Рухына мәңгі қорғаным,

Жасай бер, Талдықорғаным!

Қазығын қаққан тереңге,

Қазақтығының хабары, - дейді. Айнұр қарсыласына «Әйелін босанайын деп жатыр, сен болсаң мында жүрсің?» дегенде, Жандарбек іркілмей:

Мен түгіл Ескелдінің әкесі де,

Ел деп тыным таппаған ғой.

Қаншама дауды шешіп, елді кезіп,

Халықты жаудан аман ап қалған ғой.

Ұланбике анамызбен құшақтасып,

Жылкелді жылы жерде жатпаған ғой.

Ескелдінің кеп тұрсам айбынына,

Жанды сынақты көрдім деп мақтанам ғой.

Ескелдідей бар ұлын болсын деген,

Елімнің батасымен аттанам ғой, - деп жаугершілік заманда Ескелдінің әкесі де ел қамын ойлаған адам болғанын айтады. Жандарбек Төле би жұрт бір кісіні жерлеп жатқанда, мына адам тірі ме, әлде өлі ме деп сұрапты. Сонда топ ішінен біреу «Тірі адамды көмгенді кім көріпті?» дегенде, Төле би артында іздеушісі, құран оқитын жоқшысы болса, ол адамды өлді деуге болмайтынын айтады. 

Ендеше, Ескелді де мәңгі тірі,

Тыңдасаң Төле бидей ұлы адамды.

 Лайым қабыл етсің Ескелдіге,

Ел жұрты бағыштағын дұғаларды...

Ұлдарың Ескелдідей есті болсын,

Қыздарың Үлбикедей асыл болсын!

Жылкелді атам кезінде жүз жасапты,

Бізге де бұйырғаны ғасыр болсын! – деп түйіндейді.

 Жетісудың тарланбозы Балғынбек Имашев пен Атырау облысының үмітін үкілет келген Сырымбет Сәрсенбайдың айтысы да айта жұрерліктей болды.

Ескелді мен Балпығым,

Алашорда халқының,

Ес бабамның бұл тойы,

Мерекесі Жамбылдың.

Больница ашып бабалар,

Жоққа берген артығын.

Елге канал қаздырып,

Жерге егін салдырып,

Алып қалған жанды, ұғын!

Ескелдідей еңкейіп,

Балпық бидей бүкірейіп,

Бүгінгі күннің шенеунігі

Қамын жесін халқының, - деп Балғынбек қазіргі би-бағландардың тура жолдан тайқып кететінін сын садағына алса, Сырымбек те қалыс қалмай:

Мен бүгін бір ерлікті жасайыншы,

Жетісу қол соқса балаңыздай.

Ей, қан майданда ешкімге же-ңілмеген,

Қалмақтың басын кескен бабаңыздай, - деп қазіргі қазақ қоғамында баспанасыз жүрген қазақтың мұңын айтты. Балғынбектің  «әскерге бармадың» деп айтқан уәжіне Сырымбет:

Жауды қырып, жүндей түткен Ескелді атам,

Ел деген еңіреген азамат дәл.

Балпық бабам, Қабылиса, Орақ батыр,

Жұлынғанда талқандаған жамағаттар.

Ей, осылардың барлығы мен сияқты,

Армияға бармаған азаматтар,  - деп тапқыр шешім тауып кетті. Өлең мақамына салып сарнаған Балғымбек «Қазір бізге Ескелділер жетпей тұр, бір сөзіне бүкіл халық тоқтаған» деп ауызы дуалы ақсақалдардың азайып бара жатқанына кейістік білдіреді.

  Айтыстың көрігін қыздырған Семейлік Сара Тоқтамысова мен Жамбыл облысының жампозы Әсет Дүйсебаев нағыз жеңге мен қайынның айтысы болды. Әсеттің «Күйеуінің орнында болғанда бойдақпен айтысуға өлсем де жібермес едім» деген қағытпасына Сара:

Бақтыбай атам еліне,

Қабылиса атам жеріне,

Жақұттан жырды халқына,

Тағып кел, деп жіберді.

Ұлбике мен Сараның,

Ардақты асыл анамның,

Жыр шырағын сөндірмей,

Жағып кел, деп жіберді.

Айтысқа қырын қарайтын,

Ескілікке балайтын,

Мәңгүрттердің ауызын,

Жауып кел, деп жіберді.

Біз үшін мұнда кеп тұрған,

Сара қызым деп тұрған,

Ақ батасын халқымның

Алып кел, деп ей, жіберді, - деп қазақтың дана билерін жырына арқау етті. Айтыста әзіл-қалжың, қағытпа да айтылды. Әсет те қалыс қалмай, үзеңгі қағыстырып:

Есіңе салып өткенді,

Есті сөзді айтар ақын ек.

Ескінің көзі болмаса,

Ел үшін болар ақырет.

Есімі елге белгілі,

Ескелді бабам асыл асыл ед.

Ескеріп жатқан бабасын,

Есті жұрт, саған рахмет.

Ескеріп дана екенін,

Ескеріп дара екенін.

Абылай хан қасына,

Уәзір етіп қосып ед.

Көмекші болған патшаға,

Бойынан кетпей қасиет.

Тілекші болған патшаға,

Тілемей қайғы-қасірет.

Халық пен халық арасын,

Жарастырған досы боп

Қалдырған бізге өсиет.

Үкіметтің басына,

Елбасымның қасына.

Ескелді бидей, я Алла,

Он уәзірді нәсіп ет, - деп ақ тілегін арнады.

    Осылайша, Ескелді бидің 325 жылдық мерейтойына арналған айтыста жұртшылық құлақ құрышын қандырып, айтыс десе ішкен асын жерге қоятын өлең-құмар қауымды бір желпінтіп тастады. 

 Жазып алған Асхат ӨМІРБАЕВ

Біздің журнал

FacebookTwitterMixxVimeo

Күнтізбе

« Желтоқсан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31