Өзекті мәселе
АМАНБЫСЫҢ, САЯЛЫ БАҚ?
Түрксіб темір жол құрылысшылары негізін қалаған саялы бақтың жағдайынан бір үзік сыр
Ардагерлер Үштөбе қаласындағы саялы бақтың тұсынан өткенде «Аманбысың, саялы бақ?» деп тарихи мұраға — бабалар аманатына тағзым етеді. Ал жаз бойы суғарылмаған темір қоршаудағы жалғыз демалыс орны қалың шөп басып, қорғансыздың күйін танытады. Бірнеше жылдан бері құзырынан айрылған. Ол да «жылайды» десек те, шынымен солай ма? Жоқ. Табиғатты да Құдай жаратқан. Оның да Құдайы бар… халықтың тілегімен үндесетін… Ия, ия.
Түрксіб құрылысшылары өз қолдарымен егіп, болашақ ұрпақтарға аманаттаған ағаштардың да құдайы бар екеніне 2013 жылы 4 маусымда қараталдықтардың көзі жеткен болатын. Оған халық куә, сол күнгі 20 минуттық ерекше табиғат құбылысы куә. Бұл ауданды Сұлтан Мырзабекұлы Дүйсенбінов басқарып отырған кезде болған тылсым оқиға. Оны жергілікті тұрғындар ұмыта қойған жоқ әлі…
Енді 2013 жылы 13 маусымда облыстық «Жетісу» газетінде жарияланған «Қара бұлт, отты аспан» атты мақаламыздан шағын үзінді келтірейік («Жетісу», № 71, 13 маусым, 2013 жыл): «Маусым айының 4 жұлдызында қараталдықтар кешкілік ерекше табиғат құбылысының куәсі болды. Батыстан қара бұлт түйдектеліп, дәл төбеге келгенде жер көкті қараңғылық жайла-ды. Жыланша ысқырып, қатты жел соғып, құстар шиқылдап, иттер үріп, талдар теңселіп, басын жерге иіп, тағзым етіп жатты. Дала азан-қазан болып, себелеген жауын, бармақтай-бармақтай бұршаққа ұласты. Аспанда найзағай ойнап, дүние жарқылдап, отты қамшылар ғарышты оңды-солды тілгіледі-ай кеп. Кенет электр жарығы сөнді.
Ертеңіне бұл табиғат құбылысының 20 минутқа созылғаны анықталды. Оның зардабы қандай болды десеңізші. Орталық саябақтағы жарты ғасыр тапжылмай өсіп тұрған зәулім теректер түп тамырымен қопарылып құлаған. Бірқатар үйлердің шатыры сынған. Бағаналар құлап, байланыс үзілген. Жойқын дауыл 9 электр линиясын істен шығарып, ол 47 сағат бойы облыстық ұйымдардың көмегімен жөнделген еді. Мына қызықты қараңызшы! Теректерді тамырымен қопарған қара бұлттың қара дауылынан Ақ Ордамыздың төбесінде желбіреп тұрған көк Туымызға ешбір зақым келген жоқ. Сонда бұл ненің нышаны?
Мен таңертең аудан әкіміне кіріп өз пікірімді айттым. Бұл табиғаттың құпиясы — Алланың нышаны. Саябақты қаржы тауып, жөндеп, нағыз тамаша демалыс орнына айналдырсаңыз нұр үстіне нұр жауар еді, — деп аудан әкіміне баспасөз өкілі ретінде ел тілегін жеткіздім. Сол кезде аудан әкімшілігінің ғимараты жөнделіп жатқан болатын. Орталық алаңды жөндеп пайдалануға берген Сұлтан Мырзабекұлы Дүйсенбінов еді. Көп кешікпей ел талабы ескеріліп, саябақ темір қоршауға алынып, жөнделе бастады. Паркті суғару мәселесі жоспарланған еді. Басталған істі сәтті аяқтағысы келген әкім Сұлтан Мырзабекұлы Дүйсенбінов арманын жүзеге асыра алмады. Облыс жауапты қызметке алып кетті. Қазір облыстық мәслихаттың хатшысы.
Өкінішке орай оның ісін кейінгі басшылар бұл өзекті мәселенің оңды шешімін табуға ықпал жасай алмады. Сөйтіп орталық демалыс орны – саябақ қорғансыздың күйін кешті. Бірнеше жылдан бері бірде-бір рет суғарылған емес. Арам шөбі уақытылы орылмайды. Бағаналы электр шамдарын жасөспірімдер сындырып біткен. Енді ескерткіштерді қиратып жа-тыр. Ең болмаса еңбек биржасынан адам бөліп, сыпырып, күл-қоқыстан да тазартылмайды. Анда-санда бағзы біреулердің шөп орып жүргені байқалады. Одан парктің жағдайы жақсара ма?
Қаратал әулиелер өлкесі саналады. Қасиетті сөзі Қараталға үнемі тіркеліп айтылады. Халқында да бір ерекшелік болса керек. Әйтеуір өлкемізге басшылыққа келгендер 2-3 жылдан соң абыройлы болып өсіп кетеді. Ел «трамплин» деп аталатын жерімізде әкімдерден жарқын із қалса деп тілейді жергілікті тұрғындар. Сондықтан да «АМАНБЫСЫҢ, САЯЛЫ БАҚ?» деп, оның жеке кәсіпкерге меншікке беруін қаламайды, тарихи мұраның халықтың меншігі болғанын, таңғажайып демалыс орнына айналғанын қалайды. Бұл тілекке осыдан 9 жыл бұрын табиғат та үндескен еді.
Ауданға жаңа басшы тағайындалды. Тағдыры қиын орта-лық саялы бақ ұзақ жылдардан бері түйіні шешілмей келе жатқан өзекті мәселенің бірі. Әрине, ол да қаржы мәселесіне тірелетінін ел-жұрт біледі де. Ал барды ұқсатып, көздің қарашығындай сақтауды нарық билеген заманның өзі талап етіп отыр. Ендеше бұл өзекті мәселе алғы күндерде оңды шешімін тауып жатса халық қуанбай ма? Нұр үстіне нұр жаумай ма! Жазушы жерлесіміз Кемел Тоқаевтың туған жерінде – аудан орталығы Үштөбе қаласында халық демалатын парк – саялы бақ – мәдениетті демалыс орны жоқ дегенге кім сенеді?
Мәкен ӨСЕРБАЕВА,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here