3 тамыз күні Жаңаталап ауылында жаңа стадионның ашылу салтанаты болып өтті. Шараға аудан әкімі Қайрат Бұлдыбаев, аудандық мәслихат хатшысы Бақыт Смаилов, ауданның құрметті азаматы, Қажымұрат Үсенов, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Ең алғаш аудан әкімі Қайрат Найманбайұлы сөз алып:
— Бүгін есігін ашқан спорт кешені ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін, жастарды бұқаралық спортқа тартатын тәрбие ошағы болатынына күмән жоқ. Ошағынан от, белдеуінен бесті ат кетпеген бұл ауылда елге үлгі боларлық бірлік бар. Бұл еңбектің барлығы ауылым – алтын бесігім деп туып-өскен жерін ардақтаған, жеке мүддесінен ортақ игілікті жоғары қойған нағыз азаматтың ерлігі, таза қамқорлығы. Жастар жылы аясында қолға алынған бұл спорттық стадионды «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, «Сантехстройсервис» жеке шектеулі серіктестігінің ұйытқы болуымен бой көтерді,-деді.
Одан соң, аудандық мәслихат хатшысы Бақыт Жексембіұлы ауыл тұрғындарын жаңа стадионның ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Өз кезегінде сөз алған ауданның құрметті азаматы, ауылдың демеушісі Қажымұрат Қанытбайұлы:
— Ауылымызға жасап жатқан жұмыстарымыздың ең негізгі мақсаты – перзенттік парызымызды өтеу. Ауылдастарыма барынша қолдау көрсету. Ал жаңа спорт кешені – ауыл балаларының бос уақыттарын тиімді өткізіп, оларды білімге, имандылыққа бастайды деп ойлаймын. Олар болашақта елдің үмітін арқалар азамат болса деген ой. Мүмкін дәл осы ауылдан талай чемпиондар өсіп шығар,-деді. Сондай-ақ, Қажымұрат Қанытбайұлы аудан әкімі мен мәслихат хатшысына Шыңғысханның тарихы туралы кітапты табыстап, жаңаталаптық жас спортшыларға спорттық киімдерді сыйға тартты.
Салтанатты шара барысында «Буккроссинг» кітап алмасу сөрелері, ақпарат алаңы тұрғындарға қызмет көрсетті. Ал белгіленген ойын алаңдарында түрлі спорттық ойындар ойнатылып, ән мен жырдан шашу шашылды.
Алдағы уақытта жастар жылына орай бекітілген кестеге сәйкес «Белсенді болашақ» жобасы барлық ауылдық округтерде іске асырылатын болады.
Әлия ӘЛІБЕК

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here