Қарбыз жейтін мезгіл де келіп қалды. Соған орай, бұл жемістің биыл ауданда қай аймаққа себілгенін анықтап, жолға шықтық. Айту би ауылдық округіне қарасты Көкпекті ауылы атам заманнан бақша дақылдарын егумен айналысатын құнарлы жерлердің бірі. Ауылдық әкімдік ғимараты алдынан ауыл әкімі Бопы Батырбаев бізді күтіп алып, Бақытбек Әлімбаев шаруашылығына қарай жол бастап барды. Аталған орынға барғанымызда шаруашылық қожайыны бір күн бұрын жиналған қарбыз бен қауынды Талдықорған қаласына алып кеткендігін естідік. Егістік орнында жұбайы Гүлмира Орунбаева бізді жылы қабақпен қарсы алды.
Гүлмира Орунбаева, кәсіпкер:
— Біз Кішітөбе ауылының тұрғындарымыз. Биыл бірінші рет бақша дақылдарын егумен айналысудамыз. Бір ұл, бір қызымыз бар. Олар — біздің көмекшілеріміз. Жолдасым екеуіміз ақылдаса келе осы шаруаны қолға алдық. 17 сәуір күні 1,5 гектар жерге тұқым септік. Оның 1,30 сотық — қарбыз, ал 20 сотық — қауын. Тұқымдарды Талдықорған қаласынан алдық. Қауын сұрпы «Прима», ал қарбыздікі «Холлер» деп аталады. Жалпы түсім жаман емес. Осы жерде барлық уақытымыз өтуде.
Аталған шаруашылық осымен екі рет жиналған өнімді Талдықорған қаласына өткізуде. Шамамен бүгінгі күнге 8 тонна өнім жиналған. Еш қоспасыз жиналған жергілікті өнімдер алдағы уақытта да қарбалас тіршілікті күтіп тұр. Кішігірім отбасылық кәсіпке айналған жұмысты шаруалар өздері дөңгелетіп отыр. Қарап отырсаңыз, шаруалардың бүгінге жинағаны жаман көрсеткіш емес. Пайдаға белшеден батып қалмаса да, күнкөріске жарап-ақ тұр. Ағымдағы жылы бақша дақылдары аудан бойынша 505 гектарға егілген.
P.S.: Табыс түспейді, дұрыс өнбейді, түк өспейді деген ой-пікірлерді өзгертіп, еңбектерімен тамам жұртты таңғалдырып отырған Әлімбаевтар отбасының алдағы уақытта жоспарлап отырған қадамдары баянды болсын.
Әлия ИСКЕНОВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here