Қазақстан Темір жолы – ел экономиканың күретамыры. Шойынжолдың үстімен ауыл-аймақ, қала мен облысты жалғап өтіп жатқан пойыздарды көргенде қалай жүретіндігі кімге болса да қызық. Сырт көзге өздігінен жүретін сияқты көрінгенімен пойыздың қозғалысын машинист сынды мамандық иелері тізгіндейді. Ел игілігі үшін күн-түн демей үлкен істер атқарып жүрген машинистердің өнегелі істері кімге болса да үлгі-өнеге. Осындай мамандықтың иегері — Руслан Алимжанов.
Ол 1963 жылы Алматы қаласында 4 тамыз күні туылған. Оның балалық шағы үлкен шаһар Алматы қаласында өткен. 1971 жылы 8 жылдық № 1 арнайы теміржол мектебінің табалдырығын аттап, оны 1979 жылы бітірген. 1981 жылы № 14 Үштөбе айналым депосына слесарь болып жұмысқа орналасады. Одан соң 1985 жылы машинистің көмекшісі, 1988 жылы тепловоз машинисі болып тағайындалады. Жұмыс жасап жүріп, кешкі бөлімде теміржол саласы бойынша 2 жыл білімін жетілдіреді. 1985 жылы үштөбелік Сания есімді аруды кездестіріп, отбасын құрады. Екеуінің көз қуаныштарына айналған (1986 жылы) өмірге Әсел есімді қыз бала, (1988 жылы) Эльдар есімді ұл бала келеді. Міне, осылайша отбасымен мамандықты қатар алып жүрген Руслан Советұлы 16 сағат бойы тепловоздың ішінде ел игілігі үшін қызмет етуде. Әр ауысымға түскен сайын тепловоздың артына тиелген 80 вагондардағы тасымалданатын 3600-3800 тонна жүктерді діттеген жерлеріне уақытында дұрыс жеткізу аса маңызды. Сол мыңдаған тонна жүк тиелген пойыз құрамаларын сүйрейтін отарбаларды басқаратын машинистердің міндетінің мәні мен мәртебесін айтып жеткізу қиын. Оның ішінде қатты отын, сұйық отын, халық қызметіндегі әр түрлі жүктер кездеседі. Кейіпкеріміз тепловозды тізгіндер алдында жұмыс барысына кіріспес бұрын жарты сағат бұрын ерте келіп, алдымен дәрігерлердің тексеруінен өтеді. Денсаулықтары жарап, жұмысқа дайын болса станция кезекшісі құжаттарын тексереді. Егер денсаулықтары жарамай қалса, басқа топ ша-қыртылады. Сондықтан машинистер кез келген шақыртуға дайын жүруі тиіс. Негізінде пойыз жүргізушісі ауырып тұрса, 3 сағат бұрын депо кезекшісіне ескерту беруі керек. Руслан Советұлы Алматы-Үштөбе, Үштөбе-Матай, Үштөбе-Сарыөзек бағыттарына қатынайды.
Руслан Советұлы, тепловоз машинисі:
— Осы депоға келіп жұмысқа орналасқанымда 18 жастағы жігіт едім. Әрине, алғашқыда машинистің көмекшісі болдым. Жұмыстың қыры мен сырына әбден қанығып алған соң емтихан тапсырасың. Сынақтан сәтті өтсең ғана машинистің орнына отырғызады. Қазір мен 2-сыныпты машиниспін. Біздің заманымызда жастардың осы салаға қызығушылықтары басым болатын. Ал қазір жастар мұнда келгілері келмейді. Жұмыс ауыр. Пойыз жүргізу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан қиындығы көп жұмыста шыдамдылық танытуың керек. Әр пойыздың міндеті әртүрлі болғандықтан, жан-жақты болу да маңызды, — деді.
Руслан Советұлымен әңгіме барысында машинистер сөзге құмар емес екендігін аңғардық. Қойылған сұрақтан, әңгімеден қашқақтай беретіндігі көрініп-ақ тұрды. Аталған салаға 18 жасында қадам басқан жігіт 38 жыл өмірін арнаған. Оның жүріп өткен еңбек жолы кейінгі жастарға үлгі болары хақ.
Әлия ИСКЕНОВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here