Ұят-ай! Іргемізде күндіз — күміс, түнде — алтын болып Қаратал өзені ағып жатқанда ағын судың өзекті мәселеге айналуы ұят екені даусыз. Бірақ ащы болса да ақиқат қымбат. Далада 40 градуске шейін аптап ыстық болып тұр. Жеміс-жидек пісті. Бірақ құны қымбат. Ол ешқашан арзандамайды Үштөбеде. Ешқашан. Неге дейсіз ғой? Сырт жақтан тасымалданады.
— Өйткені қаладағы тұрғындардың үй іргесіндегі баубақшасы ағын суға зәру болып шөлдеп тұр. Мотормен суғарылған суды қанып іше алмайды екен. Оның үстіне электр қуатымен жұмыс істейтін моторды екінің бірі ала ала ма?, — дейді ардагер, бұрынғы ішкі саясат бөлімінің басшысы Иманғалиева Сағира Таңатарқызы.
— Талдықорғаннан келер жолдың бойында балалар шомылып жататын жерде су бөлетін арнайы қондырғы бар. Үш жаққа — Үштөбеге, Тәжірибе шаруашылығына, Фрунзе атындағы ауылға баратын арнаға су жіберіледі. Қалаға баратын су арнасын таба алмай бекер жайылады. Бұл мәселені он шақты жыл бұрын көтергенбіз. Қаланың су жүретін арнасы бітеліп қалған. Көктемде де тазаланбайды. Кейбір арна күл-қоқысқа толы, жалпы қаланың ағын суға арналған жүйесі бақылаусыз қалған, — дейді бұрынғы аудандық су шаруашылығының бастығы, облыстық мәслихатқа төрт мәрте депутат болған Тұрсын Оспанов мырза.
— Қалаға ағын су керек. Менің бақшама бірде жетіп, бірде жетпейді. Базардағы азық-түлік өте қымбат, — дейді танымал қаламгер Қараша Қараман.
Мен пікір сұрағандардың бәрі — Қаратал ауданының Құрметті азаматтары. Халық жанашырлары. Патриоттар. Бұл мәселені баспасөздер көтереді. Оған ешкім мән бермейді.
Кеңес дәуірін аузыңа алсаң «Қылышынан қан тамған заман» деп жұрт кірпіше жиырылады. Оу, ағайын, сол заманда да қала басшыларының нұсқауымен, СЭС-тің қадағалауымен, көше комитеттері сияқты қоғамдық ұйымның ұйымдастыруымен, аудан әкімшілігінің бақылауымен көктемде ағын су ағатын арықтан әркім өз үйіне тән аумағын тазалап отырған. Су бөлінетін қондырғыны да, жүйесін қала басшылары қалыпқа келтірген. Көздің қарашығындай сақтаған. Кеңес өкіметі 70 жыл өмір сүріп құлағанша қалаға су келіп тұрған. Ағын су ең тегін болған. Саябақ та, үй маңындағы баубақша да суғарылған. Ендеше өз билігіміз өзімізге тигенде не болды? Мына заман өз күніңді өзің көр деп ұран тастаған жоқ па?
— Ол ол ма, қалаға жол салынды. Ішкі жолдар пайдалануға берілді. Енді мына айғаққа қараңызшы. Төлебаев көшесіндегі Морозовқа, көлденең көшеге баратын жолдың астында су жүретін дәу трубалар жататын еді. Соны алып тастап су жолын бекітіп тастады. Мұны құрылыс басшылары, қала әкімі неге бақыламаған? Болашақта қалаға ағын су берілсе, су жүретін мұндай қондырғылар аса қажет емес пе?, — дейді аудандық ардагерлер қоғамы басшысының орынбасары Шара Қаймульдина.
Бұған кім кінәлі? Ағын су ағатын жүйені қатаң бақылауға алмаған қала басшылары ма? Әлде жоғарыдан бұйрық күтіп, арығына күл-қоқыс тастап, бекітіп тастаған тұрғындар ма? Ащы шындық сол: баубақша да, саябақ та шөліркеп тұр. Көшеде таксимен жүреміз, алақандай бақшаны электр моторымен суғарамыз (шүкір, ішетін ауыз суымыз бар, әрине). Ал Қараталдың ең тегін суы бақшамызға жете алмай бей-берекет жайылып жатыр.
Үштөбе қаласының бұрынғы арық жүйесін қалыпқа келтіру үшін тағы да жаңа бағдарлама қабылдап, бюджеттен қаржы талап етіле ме? Білмеймін. Менің білетінім: қала тұрғындарын толғандыратын бұл өзекті мәселе шешімін таппай жеміс-жидек арзандамайды, қымбатшылық қысымындағы халықтың тұрмыстық жағдайы да жақсармайды. Табиғат сыйлаған тегін байлықты дұрыс пайдалана алмай отырған біз кімбіз осы?!
Мәкен ӨСЕРБАЕВА,
ардагер-журналист.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here