Жиын-терім

Қазіргі таңда аудан көлемінде егін жинау науқаны қарқын ала бастады. Қараталдың жер емген диқандары алқаптардан өнім жинауға кірісті. Көктем шығысымен егістік басында білек сыбанып, аса жауапты науқанға бел шешіп кіріскен диқан қауымының еңбегі өтелер осы шақ. Сондықтан ауа-райының қолайлылығын тиімді пайдаланып, егінді шашау шығармай жинап алуға жанталасып-ақ жатыр.
Ауданда алғашқылардың бірі болып егінге орақ салған «Бақыт-Қаратал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шаруалары бітік өскен бидай алқаптарынан жиналған биылғы дән қамбаны еселеп толтырады деп үміттеніп отыр. Аталмыш шаруашылық 1000 гектар жерге жуық алқапқа дәнді дақылдар сепкен екен. Соның 200 гектары күздік бидай, 200 гектары жаздық бидай, 400 гектары майбұршақ және 200 гектары жоңышқа болып отыр.
Қазіргі таңда «Бақыт-Қаратал» ЖШС жас та болса білікті, ауыл шаруашылығының қыр-сырын жақсы білетін Серікжан Жексембиев басшылық жасайды. Егін жинауға қажетті комбайндар, жүк көліктері қырман көрігін қыздырып жүр. «Бақыт-Қаратал» ЖШС егістік жері Балпық ауылдық округінде орналасқан. Қазіргі таңда 200 гектар күздік бидай тегістей жиналып, гектар берекелігі 15 центнерден айналып отыр. Қазіргі таңда шаруашылықта жаздық бидайды ору жұмыстары қарқынды жүруде. Әр гектарға шаққандағы орта өнім түсімі 20 центнерден айналып отыр. Дала төсін дүбірге бөлеп, «Қостанай» комбайнын тізгіндеген комбайншы Виктор Лебедев таңның атысынан күннің батысына дейін егін ору жұмысына белсене кіріскен. Ал, көлік жүргізушісі Фархат Әбдірайымов комбайннің бункері астық толған кезде жүк көлігімен қамбаға астық тасиды. Бір айта кетерлігі, жұмысшыларға екі мезгіл ас-су беріледі. Арнайы асхана, жұмысшылар тынығатын орынмен қамтамасыз етілген. Ең басты міндет — орылған дәнді қамбаға жинап, игілікке жарату. Осы игі жолда шаруашылық жұмысшылары аянбай еңбек етуде. Қамба маңындағы арнайы құрылғыларда бидай ұшырылып, тазаланып жатыр. Алтын астық сұрыпталып, диірменге жол тартады. Осы шаруашылықта егілген 200 гектар жоңышқа шабылып, 200 тонна мал азығы дайындалды. Шаруашылық төрт түлік мал ұстайды. Негізінен, асыл тұқымды қой өсірумен айналысады.
Осылайша, серіктестік шаруалары егін жинау науқанына аса белсенділік танытып отыр.
А. Өмірбаев.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here