Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Біздің ата-бабаларымыз “тәні саудың – жаны сау” — деп бекер айтпаған. Тәні мен жан сұлулығы үйлескен адам қашанда позитивті болады. Спорттың қай түрімен айналысу адамның қабілетіне байланысты болады. Бұл туралы ұлы ойшыл Ибн Сина да өз шығармаларында айтқан. Ол сондай-ақ спортты мағынасына қарай жеңіл, ауыр, ұзын, қысқа сияқты бірнеше түрге бөлген. Денсаулық пен өмірді дамыту үшін кем дегенде спорттың 33 түрінен жаттығу жасау керектігін айтқан. Елбасы Н. Назарбаев өзінің “Қазақстан-2030” стратегиялық бағдарламасында халықты салауатты өмір салтына ынталандыруды басым бағыттың бірі ретінде атап көрсетті.
Расында да, бүгінгі таңда еліміздің ақсақалдарына дейін дене тәрбиесіне ерекше мән беруде. Алайда денені шынықтырып, спорт түрлерімен неше жастан айналысу керек? Әрине, буын мен бұлшық еттер қатаймаған балдырған шақтан, одан әрмен қарай жасөспірім кезден. Осындай қағиданы ұстанған өңіріміздің жас спортшылары туралы айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Олар бір үйдің қос тарландары, Б. Римова атындағы МДШО бар орта мектебінің жасөспірім спортшылары 9-сынып оқушысы Төлегенұлы Фархат пен 5-сынып оқушысы Азамат. Фархат спорттың бокс түрімен айналысса, Азамат атты інішегіміз еркін спорттан бағын сынап жүр.
Айта кететін жайт, аталған спортшылар өздерінің білім ордаларын айтпағанда одан өзге аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі турнирлерде намысты қолдан бермей, мемлекетіміздің көк туын көкке көтеріп жүр. Бірде алтыннан алқа тақса, бірде күмістен, ал енді бірде қоланы қанжығасына байлап жатады. Осы бір маңдай термен келетін еңбектің қыр сыры туралы жас спортшыларымыздың өздерімен барып әңгімелескен едік,
— Спорт сөзін алмастырып, әділдік деп айтсам да артық болмас. Барша халықтың алдында өзіңнің не жеңгеніңді, не жеңілісіңді көрсетесің. Халық – сыншы дегендей әділ түрде өтеді. Әр спортшының арманы секілді менің арманым әлемдік деңгейдегі бокс рейтингін, олимпиада шыңын бағындыру. Ата-анамыздың бізге артқан үмітін ақтауды өзіміздің перзенттік парызымыз деп ұғынамыз, — дейді Фархат.
Фархат пен Азамат көп балалы отбасының перзенттері. «Алып анадан туады» демекші, осындай спортшы балаларды тәрбиелеп отырған ата-анасының еңбегін айтпасақ та белгілі. Балалардың анасы Айман Тілеуханқызы «Күміс алқа» иегері атанған алтын құрсақты ана. Отбасының тұңғышы Мақсаттың да спорттан бірнеше жылдық тәжірибесі бар. Қос спортшының ағаларынан кейінгі Ақерке мен Ардақ атты апайлары мен Аяжан есімді қарындастары бар. Баласы бәйгеге шапқанда, анасы үйде тақымын қысар, деген аталы сөз дәл осындай берекесі мен бірлігі жарасқан отбасына айтылып тұрғандай. Олай деуіміздің себебі, ата-ана балалардың әрбір сайысқа шыққан сәтінде қобалжулы күйде жандарын шүберекке түйіп, бірге жанкүйер болып отырады. Әкелері болса, жеңсе бар жанымен қуанып, жеңіліп қалған болса, оларға демеу болып, «жеңіс бар жерде жеңілістің бар екендігін» саналарына сіңіріп отырады. Бұл орайда Жансая атты асылдай туған жеңгелерінің де жас буынға серпін беріп, олардың денсаулықтары үшін бар жақсысы мен дәмдісін аямайтыны тағы бар. Отан отбасынан басталатынындай, отбасынан осындай жылу мен мейірім көрген спортшыларымыз Отанының туын әлемдік деңгейге дейін желбірету жолында қашанда аянбай тер төгетіні хақ. Алдағы уақытта Фархат пен Азамат бауырларымызға байрақты бәсекелерде бақтары жана берсін демекпіз.
Салтанат ЖАҚСЫЛЫҚОВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here