«….Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен және сол арқылы Қазақстанды Нидерландымен де жалғастырып тұрды. Осы байланыстардың аса бір тамаша жемістерінің бірі – біздің елімізде қызғалдақтардың пайда болуы. Қазақстанның далалары мен тауларынан бұл гүл Нидерландыға жол тауып, онда ол аса маңызды сауда өніміне айналды. Қазір қызғалдақ Нидерландының жалпыға танымал экспорттық тауары болып табылады, оның үстіне, ол тіпті біздің ұлттық белгімізге айналды».
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Беласу» кітабынан.

Қай заманда болмасын Ұлы даласының қойнауы сан алуан өсімдік түрлеріне аса бай болған. Көктемде көздің жауын алып, қырларда құлпыратын қызғалдақ гүлі Қазақстаннан әлемге таралғанын білесіз бе? Орта Азия мен Қазақстан аумағында жабайы қызғалдақтардың 64 түрі анықталған, ал солардың 36 түрі тек Қазақстанда өседі. Иә, көз қызықтырар қызғалдақ гүлінің біздің жеріміздегі 36 түрдің 12-сі тек әлем бойынша тек қазақ жерінде ғана өсетін түр болып саналады. Ендеше, қазақ елінің «Қызғалдақтың отаны» аталуы да тегін емес. Алатаудың баурайы қызғалдақтың тарихи отаны екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген.
Қызғалдақ көктемде гүлдеп, кең жазира қазақ даласын ғажайып бір күйге бөлейді. Лалагүлдер тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдіктің бір кереметі — екі жыл өмір сүретін бұл нәзік гүл көктем келіп, шуақты Наурыз айы туғанда, небәрі 7 күн, кейде 15 күнге дейін гүл ашып тұрады екен. Жалпы қызғалдақ гүлі құмды, құрамы жеңіл топырақты ұнатады. Сондай-ақ, ауасы мол, жарық жерде өскенді қалайды. Тым суық немесе қатты ыстық ауа қызғалдақ жапырағының түсуіне алып келеді. Наурыздың символы ретінде әспеттеп жүрміз.
Қызғалдақ көктемгі жайылымның сәні болды, осыған орай «қызғалдақ жемеген қозы арманда, қыз құшпаған жігіт арманда» деген мақал қалыптасты. Қызғалдық гүлі кілемдей жапқан қырда жайылған қойдың сүті қою, биенің сүті құнарлы болады. Қызғалдаққа жайылған мал сүтінен шайқалған май қызғылт сары болып түсетіні баршамызға белгілі. Дәстүрлі қазақ ортасында көктемде қызғалдақ гүлдеген соң шайқалған май қойылған дастарханға ауыл әйелдерінің жиналып, шүйіркелесіп шәй ішетін «қызғалдақ май» деп аталатын көне дәстүрі болған.
Қызғалдақ республикамыздың оңтүстік-шығыс таулы аймағы мен шөлейтті даласында көптеп өседі. Әсіресе, Талас Алатауы мен Шу-Іле таулы аумақтарында, Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығында көптеп кездеседі. Қазіргі таңда әлемде қызғалдақтың үш мыңнан астам түрі бар. Оның ішінде 75-ке жуығы жабайы және кең жайылған 150 түрі кездеседі. Академик Рақым Оразалиевтің дерегіне сүйенсек, XX ғасырдың басында голландиялық (нидерландтық) мамандар Шымкенттің Сарыағаш тауларында өсетін қызғалдақ гүлінің тұқымын алып кеткен. Соны өсіріп, селекциялық және биотехнологиялық тәсілдер арқылы сапасын жақсартып, қазір атақты «голландские тюльпаны» ретінде әлемге танытып отыр. Қызғалдақты орыс тілінде «тюльпан» деп атайды. Зерттеушілердің айтуынша, «лале» (қызғалдақ) cөзі «тюрбан» (ер және әйел бас киімі) мағынасына келетін парсыша “delband” немесе “tülbent” сөзінен шыққан. Жалпы алғанда, қызғалдақты тюрбан пішінде шығыс бас киіміне ұқсатқан және осы атау берілген. Қазақ қолөнерінде қызғалдақ бейнесі ұлттық бұйымдарымызда ерекше орын алған. Атап айтар болсақ, сақина, білезік, қамзол қапсырмалары, тері белдік, ағаштан жасалған жиһаздар мен ер-тұрман бұйымдарына пайдаланылған. Гүл пішіндері текемет, кілем, алаша, сырмақ және кестелерде де бейнеленген. Ісмер шеберлердің қолымен қоржын-дорбаларға, киіз үй жабдықтары мен ұлттық киімдерге де қызғалдақтың бейнесін салып, кесте тігіп, безендірген.
Қазақ халқы көктемде туылған қызына «Қызғалдақ», «Қырмызы», «Сарғалдақ» деп ат қойды, дәстүрлі қолөнер бұйымдарына нәбәтат, көгеріс өрнегі тобына жататын «қызғалдақгүл» оюын салуды жиі қолданды. «Қызғалдақгүл» оюы кестеленген түскесте, тұскиіз, шымылдық, киім-кешек, атжабу, түйежабу, ботажабу, дастархан, тоқып салынған кілемдер, оймыштап салған ыдыстарды мұражайлардан көреміз.
Халқымыз олардың үлбіреген гүлдерінің әдемілігін адам сұлулығын теңеуге қолданып, «қызғалдақтай», «қыр гүліндей» деп бейнелі сөзге арқау етт. Жазушы Әбіш Кекілбаев «дала» шығармасында «Жаңа ғана қоңырайып жатқан күңгірт дала кенет сарғалдақ, қызғалдақ гүлге толып, құлпырып кеткендей болды» жазса, Мұхтар Әуезов «Шығармалар» жинағында «Жайқалып желкілдеді, құлпыра гүл шашты. Бөктер қызғалдақ атып, гүл шашып, көк майса шөбі иін тіресіп міне тұр» деп сипаттайды. Міржақып Дулатов болса, «Қыз байғұс ел жұртына келген қонақ. Қызғалдақтай ғұмыры шолақ…» деп қызды қызғалдақ өмірге теңейді.
Әдетте, көп адамдар Голандияны қызғалдақтың отаны санайды. Әйтсе де, бұл — жансақ пікір, себебі гүлдер Голандияға басқа аймақтардан әкелінген. Қазіргі таңда гүл сататын дүкендердегі саналуан түсті қызғалдақтардың сұрыптарын Голландияның селекционер ғалымдары қолдан будандастырып шығарған. Ертеде Шығыс пен Батысты байланыстырған Жібек жолы керуен жолымен сауда-саттық қызу жүргізілген кездерде Қазақстан жерінде өсетін жабайы қызғалдақтардың пиязшықтары мен тұқымдары Османлы жеріне, кейіннен Еуропа мемлекетеріне бұдан 400 жыл бұрын таралған. Мұндай дәйекті деректерді Қазақстандағы жабайы қызғалдақ өсімдіктерін арнайы зерттеп жүрген қазақстандық ботаник-ғалым Анна Андреевна Иванщенконың еңбектерінен кездестірдік. Ғалым көп жылдар бойы ғылыми зерттеу жұмыстарын Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығында жүргізген. Автордың қызғалдақтар мен басқа да пиязшықты өсімдіктерге арналған «Тюльпаны и другие луковичные растения Казахстана» деген кітабы 2005 жылы Алматы қаласында жарық көрді. Аталған кітапта Қазақстанда және оған көршілес Орта Азия аумағында өсетін жабайы қызғалдақ­тардың жеке түрлері туралы ғылыми көптеген құнды деректер берілген.
Қызғалдаққа ұқсас гүлдер Кавказ тауларынан табылды, алайда бұл өсімдіктер қызғалдақтардың жабайы туыстары саналады. Қызғалдаққа ұқсас әдемі гүлдерді Памир және Тянь-Шань тауларының бөктерлерінен кездеседі. Тіпті, жабайы қызғалдақтар Қытайда, Моңғолияда, сондай-ақ, Қазақстандағы Әмудария мен Сырдария алаптарында өседі. Ғасырлар ағысымен жабайы қызғалдақтар Қара теңізге, Қырымға, одан әрі Грекия, Болгария, Румыния, Югославияға тарады. Осы елдер арқылы Италия, Португалия, Египет, Алжирге жетті.
Тарихқа жүгінсек, қызғалдақтарды егу жұмыстары Түркиядағы Константинополь бақтарында бастау алған екен. Қазір бүкіл әлемді баурап алған керемет гүл шоқтарының алғашқы бумалары дәл осы бақтарда жасалды. Бір қызығы, Еуропа халықтары қызғалдақ туралы 1550 жылы Австрия елшісі Огир де Бусбектің арқасында білді. Де Бусбек бұл гүлдердің сипатын жасап, оны Австрияның астанасы Венаға жолдайды. Осы мағұлматтар белгілі ғалымдар Конрад Генсер мен Каролус Клузиустың қолдарына тапсырылған екен. Бұл уақытта Каролус Лейден униферситетінің шипалы шөптер бағын басқару үшін Голландияға кетіп қалады. Әлбетте, Каролустың өзімен бірге қызғалдақ баданасын алып кетеді. Голандиялықтар әдемі қызғалдақтарды бір көргеннен ғашық болып қалып, өсіре бастайды. Қызғалдақты Голландияда ең алғаш фламандық ботаник Карл Клузиус немесе Шарль де Леклюз (Charles de l’Écluse) 1593 жылы Лейден университетінің ботаникалық саябағында өсіреді. Нәтижесінде, 1594 жылы қызғалдақтың Нидерландыда өсіре бастауы ресми тарихи маңызға ие болған. Ботаник-ғалым К.Клузиус қызғалдақтардың көптеген жаңа түрлерін шығарған. Ол Лейденде қызғалдақтардың түрлерін одан әрі жетілдіріп, 1600-жылдары қызғалдақ Голландияда үлкен құндылыққа ие бола бастайды. 1634-1637 жылдары «Tulip Mania» ретінде қабылданған бір кезең басталды. Қызғалдақтың құны бір-ақ түнде күрт көтеріліп, әлемдегі ең қымбат гүлге айналған. Қымбат болғаны соншалық, ол валюта ретінде қабылданған. Гүл баданалары Голандиядан Италия мен Чехияға жеткізілді. Осының нәтижесінде бадана сату науқаны белсенді түрде жүргізіле бастайды. Мына қызықты қараңыз, бір бадананың өзі 4600 флорин, бірнеше ат және күймеге бағаланды. Яғни, біздің қыраттарда өсіп тұрған жабайы қызғалдақтар Еуропада үлкен қазынаға айналған. Бір айта кетерлігі, Голландиялық король отбасы, Нидерландыға фашистік шабуылы кезінде ханшайым Юлиана және қыздарына пана болғаны үшін 1945 жылы Оттава қаласына 1 млн түп қызғалдақ пиязшығын жіберген. Арада бірнеше жыл өткен соң қызғалдақтардың әртүрлі үлгілері, сан алуан пішіндері шыға бастады. Ал, 1625-1673 жылдары «Қызғалдақ айналымы» өте үлкен жетістіктерге жетті. Қызғалдақты әлеуметтік таптың кез-келген өкілі өсіретін болды. Ақсүйектер мен шеберлер, саудагерлер мен мұржа тазалаушылар, патшалар мен құлдар бір-бірінен қалыспады. Десек те, 1637 жылдары қызғалдаққа деген сұраныс күрт төмендеп, саудагерлдер мен кәсіпкерлер шығынға ұшырайды. Қызғалдаққа деген сұраныс бәсеңдесе де, көп адамдар гүл өсіруді тоқтатқан жоқ. Соның арқасында Голандия «қызғалдақтар патшалығы» атанды. Қазіргі таңда Голандияда әр жылдың сәуір айы мәресіне жетер кезеңде, Нордвейк-ан-Зе-Харлем жолында «гүлдер шеруі» өткізіліп тұрады. Аталған шеру жыл сайын қызғалдақтар мен раушан гүлдерінің барлық әдемілігі мен сымбаттылығын көрсетіп келеді.
Қызғалдық сұлулық символы болып табылатындықтан, оны мерекеге айналдырған елдер де бар. Мәселен, әлемдегі ең үлкен қызғалдақ мейрамын мамыр айы бойы канадалықтар тойлайды. Бұл шара Dows көлінен Оттава өзеніне дейін созылады. Ал Ыстамбұл тұрғындары жыл сайын «Қызғалдақ фестивалі» өткізеді. Фестивальде көшелер, саябақтар, бақшалар мен алаңдар түрлі-түсті гүлді «кейіпке» енеді. Көз тартар қызғалдақтар мен жанды концерттер адамдарға керемет көңіл-күй сыйлайды.
Бір айта кетерлігі, жабайы қызғалдақтарды ғылыми тұрғыда зерттеу жұмыстары ХVІІІ ғасырдың соңында ғана жүргізіле бастады. Қазақ даласына арнайы ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды. Мұнда өсімдіктер әлемінің түр құрамы, олардың таралу аумағы жүйелі түрде зерттелді. Бұл арада Ресейдің көрнекті ғалымдары А.Леманның П.Палластың, И.Кирилловтың және тағы басқа ғалымдардың еңбектерін ерекше атап өткен абзал. Сондықтан болар, елімізде өсетін жабайы қызғалдақ­тардың көптеген түрлерінің ғылыми атаулары тікелей сол қызғалдақтарды зерттеген ғалымдардың аттарымен аталады. Мәселен, Леман қызғалдағы, Шренк қызғалдағы, Регель қызғалдағы, Борщов қызғалдағы. Санкт-Петербургтің ботаникалық бауының бастығы болған Эдуард Регель Қазақстанда өсетін жабайы қызғалдақтардың 17 түріне ғылыми сипаттама жазды. 1981 жылы жарық көрген өсімдіктерге арналған Қазақстанның Қызыл кітабына қызғалдақтың 13 түрі тіркелген екен. Қызыл кітаптың 2-басылымына қызғалдақтың тағы 18 түрін тіркеу ұсынылған. Қызғалдақтар жайлы зерттеу жүргізген ғалым А.Иващенко Қазақстанның Қызыл кітабына жоғарыда айтылған түрлерге қосымша 3 түрді қосуды ұсынды. Демек, қызғалдақтар түрі жойылудын алдында тұр деген сөз.
Қазіргі таңда Нидерланды әлемдегі коммерциялық түрде сатылатын қызғалдақтардың басты өндіруші елі болып саналады. Қазіргі уақытта жылына 3 млрд түп қызғалдақ пиязшығын өндіреді. Олардың көпшілігі шартарапқа осы жерден экспортталады. Қазір қызғалдақтың отаны Голландия сияқты көрінеді. Бұл мемлекет әлемнің 125 еліне қызғалдақ баданасын сатып жылына 2 млрд доллар пайда түсіреді. Селекционер ғалым Р. Оразалиев дерегі бойынша Қазақстанда бар 400 мың түрлі өсімдік пен жануарлардың қалпын сақтайтын гендік қорын жасау және сақтау ісі Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынуда екен. Селекционер ғалымдардың пайымдауынша, кез келген уақытта сол гендік қор арқылы сол түрді, сортты қалпына келтіруге және сатып қыруар пайда табуға болады екен.
Тобықтай түйін. Еліміздің алмасы мен хош иісті қызғалдақтары Қазақстанның әлемде беделін арттыратын бренд өнімдер ретінде насихатталса болса нұр үстіне нұр болар еді. Жерімізде өсетін қызғалдақтардың 18 түрінің «Қызыл кітапқа» енгендігі бізді ойланту керек. Қызғалдақты қорғау, насихаттау жұмыстары нақты іс-шаралар арқылы жүзеге асқаны абзал. Мәселен, бірнеше жыл бойы Алматы қаласында «Қызғалдақтың отаны – Қазақстан» республикалық байқауы өтті. Мұнда оқушылар «Қызғалдақ гүлі туралы үздік реферат», «Қызғалдақ гүлі туралы жазылған шығарма немесе өлең», «Қызғалдақ гүлінің салынған суреті» және «Қызғалдақ гүлінің фотосуреті» аталымы бойынша бақтарын сынады. Міне, бізге ел ішінде ғана емес, шетелдер де қызғалдақтың Отаны қазақстан екенін танытатын жобалар керек. Ең бастысы, голландия сияқты қызғалдақ гүлін өсіріп, әлемге «Қазақстан қызғалдағы» деп саудаласақ, әрі насихат, әрі мол табыс көзін табар едік.
Асхат Өмірбаев

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here