Дүниеде ең бір құдіретті мамандық болса, ол адам жанының аршасышы — дәрігер дер едім. Ол адам өмірі үшін күн-түн демей қанатымен су сепкен қарлығаштай қорған болып жүреді. Осы қиын да күрделі мамандық иесі, ақ халатты Ерқасымов Олжас Азылханұлы – аудандық орталық ауруханасының тәжірибелі хирургтарының бірі. Гиппократ антына адалдық танытып жүрген азамат оқу бітіргеннен бері көптеген науқастың өмірін ажалдан арашалап, үлкен алғысқа бөленіп жүр. Қолы жеңіл хирургтің біліктілігін жоғары бағалайтын көпшілік дертке дауа іздеген сәтте шалғай ауылдардан келіп, көмек беруін өтінеді. Ондай жағдайда, білікті маман әрдайым қолдан келген көмегін аямайды. Әр жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісі медицина саласының қызметкерлері күні. Осы орайда, аталған кәсіби мереке қарсаңында ел құрметіне бөленген тәжірибелі дәрігер-хирургпен тілдесудің сәті түскен еді.
Хирург десе көз алдымызға қатал бейне елестейді. Кабинетіне кіріп, дәрігермен жақынырақ сөйлесуге бет алғанда өзі қандай денелі болғанымен оның жанарларының мейірімге толы екенін аңғардық. Оның қолы – алтын, көзі – бүркіттікіндей қырағы, жүрегі – арыстандыкіндей айбатты. Хирург болу өте қиынның — қиыны. Ол екінің бірінің қолынан келе беретін мамандық емес. Адамның қанын көру, онымен жұмыс жасау кез келген адамның қолынан келе бермейтін үлкен ерлікке татиды. Жауапкершілікті талап етеді. Адам өміріне жауапты. Дәрісін беріп, екпесін салып кететін басқа салаларға қарағанда, хирургия саласының салмағы өте ауыр.
Осындай қиын салада қызмет жасап жүрген жас та болса, өз ісінің маманы Олжас Азылханұлы. Ол 1993 жылы маусым айының 7-ші жұлдызында ШҚО Қатонқарағай ауданы, Салдатов ауылында дүниеге келген. Отбасының тұңғышы. Ал ата-анасы болса, бар өмірлерін шәкірт тәрбиелеуге арнаған білімді ұстаздар. Ата-ананың аяулы алақанын сезінген Олжас (2000-2011 жылдары) Салдатов атындағы орта мектебін тәмәмдеп, 2011 жылы Семей қаласындағы «Семей мемлекеттік университетінің «Медицина факультетіне» түсіп, оны 7 жылдан соң бітіріп шыққан. Оқу бітірген жас жігітті досы, жалпы тәжірибедегі дәрігер Артем Асқарұлы 2018 жылдың қыркүйек айында Қаратал ауданына жұмысқа шақырады. Досының шақыртуын құп көрген дәрігер сол уақыттан бері орталық ауруханада жемісті қызмет атқаруда.
-Сіз тәжірибелі хирургсыз, айтыңызшы, бұл мамандық иесінің өн бойында қандай қасиет пен қабілет болуы керек?
— Хирург кез келген қиын уақытта тез шешім қабылдай біліп, аз уақытта – теория мен практиканы қолдана отырып шебер жұмыс жасай отыра пациенттің өмірін сақтай білуі керек.
Хирург — өз біліктілігін ұдайы жетілдіріп, тәжірибесін жаңа технологиямен ұштастырып отыруы да өте маңызды. Себебі, ғылым бір орында тұрмайды.
-Өз тәжірибеңізде операция үстінде ғұмыры үзілген адамдар болды ма?
— Ондай қайғылы жағдайлар болып тұрады. Дәрігер сырқатқа өз мүмкіндігі шегінде ғана көмек көрсете алады, ал ажалы келіп тұрса, оған араша болу мүмкін емес. Әйтсе де, ауыр халде жеткізілген адамға «бәрібір өледі» деген көзқараспен емес, қалай да құтқарып қалуға бар күшімді саламын деген оймен көмектесу керек. Сонда ғана жақсы нәтижеге жету мүмкін.

Міне, адам жанына араша түсіп, адал еңбек пен білім-біліктілігінің арқасында ел азаматтарының өмірін сақтап, ауданның денсаулық сақтау ісіне үлкен үлес қосып жүрген кейіпкеріміз өз ісінің асқан шебері, үздігі. Мұның дәлелі — сәтті ота арқасында өмірге қайта оралып, аман-сау тіршілік кешіп жатқан жүздеген адамның өмірі.
Әлия ИСКЕНОВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here