Бүгін, 5 маусым – ораза айттың алғашқы күні қуанышты хабармен басталды. Таңертең аудандық орталық мешітте айт намазы оқылды. Аудан имамы Ерік Аманкелдіұлы бастаған бір топ дін қызметкерлері аудандық орталық мешіт алдында, өздерінің бір ай бойы жүргізген үгіт-насихат жұмысының нәтижесінде жиналған қаржыға Үштөбе қаласының тұрғыны Тұрғазы Дәндібаевқа пәтер кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.
Бұл ҚР мұсылмандары діни басқармасының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында беріліп отырған 73 пәтер, ал Талдықорған өңірі бойынша 28-ші пәтер болып отыр. Қаратал аудандық мешітінің имамдары рамазан айында аудандағы кәсіпкер азаматтарға өтініш-ұсынысын білдіріп, үйсіз жүрген азаматқа қол ұшын беруін сұраған еді. Міне, қайырымды жандардан жиналған қаражатқа баспана алынды. Тұрғазы ағамыз 1995 жылы Семей қаласынан көшіп келген екен. Баспанасы соңғы жылдары сын көтермей, апаттық жағдайдың алдында тұр еді. Бұл отбасы мүшелерінің өміріне аса қауіп төндіріп, күн сайын көңілі көпті болып жүретін. Енді міне, Алланың қалауымен қауіпсіз пәтерге қол жеткізіп, ораза айт мерекесінде қуанышқа кенеліп отырған жайы бар.
— Отыз күн ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Алла тағала бүкіл әлемдегі мұсылмандардың дұға-тілектерін қабыл етсін! Бүгін менің отбасыма аудандық «Зекет» қоры арқылы пәтер беріліп жатыр. Тұрмысы төмен, қиындыққа ұшыраған адамдарға қол ұшын беріп жатқан бауырларымызға Алла разы болсын! Әрқашан істеріне береке берсін! Аудандық «Зекет» қорының өкілі Қанат Сарқытбайұлына, ауданның бас имамы Ерік Аманкелдіұлына зор ризашылығымыды білдіремін. Бұл пәтер – бастамасы ғана болсын. Үйсіз, күйсіз жүрген азаматтар пәтер аларына сенімім мол, — дейді Үштөбе қаласының тұрғыны Тұрғазы Дәндібаев.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here