29 мамыр күні аудандық мәдениет үйінде Ақгүл Нұрпейісованың би өнерінде жүргеніне 15 жыл толуына орай есеп беру кеші болып өтті. Шараға ауданның тұрғындары мен ата-аналар қатысты. 2004 жылы құрылған «Алтынай» үлгілі би ансамблі халықаралық, республикалық, облыстық конкурстар мен байқаулардың жүлдегері атанып жүрген би ұжымы аудан жұртшылығына бұрыннан таныс.
Аталмыш ансамбль жетекшісі Аққүл Айтуғанқызы 2004 жылы Сарқант қаласындағы Гуманитарлық коледжін аяқтаған. Оқуды жаңа аяқтаған талантты жас қызды аудандық мәдениет үйінің директоры Светлана Маженованың арнайы шақыртып, өз қолдауымен жұмысқа алады. Сол уақыттан бері мың бұралған бишілерді баптап, қатарға қосуда. Ең алғашында «Алтынай» би тобы болып құрылып, 2008 жылы 6 би бойынша емтихан тапсырған топ ансамбль атағына қол жеткізеді. Бүгінде 6-16 жас аралығындағы балғындардан құралған 100 жуық бала би үйірмесіне қатысуда. Шара басталмас бұрын жиналғандар аудандық мәдениет үйінің дәлізінде «Алтынай» үлгілі би ансамблінің құрылу тарихынан сыр шертетін және жеткен жетістігін баяндайтын әдемі фотокөрмемен бастау алды. Шара шымылдығы «Кербез қыз» деп аталған қазақ биімен ашылды. Содан кейін, «Татар», «Үнді», «Ұйғыр», «Сыған» халықтарының билері орындалды. Ойы еркін, арманы ұшқыр Ақгүл Айтуғанқызы ансамбль мүмкіндігін ұлттық билермен ғана шектеп қоймай, қоғам мен заман талабына, сұранысына сай түрлі ізденістерге баруды да жолға қойған. Бұның бір дәлелі «Таки таки», «Василек», «Шаттану», «Бөбектер шашуы», «Еркеназ», «Аққу аңызы» тақырыбындағы билер ансамбльдің мүмкіндігі мен кәсіби шеберлігін айқын көрсететін билер болды. Өнерпаздардың өнерге сүйіспеншілігін, өмірге құштарлығын, еңбекке, іскерлікке ынтасын арттыруда жеке тұлғаның қалыптасуына би өнері ерекше әсер етеді. Алғаш би өнеріне қадамдарын аталған үлгілі би ансамблі арқылы басқан Жангүл Смағұлова сынды түлегі кеште (Бүгінде Сарқант гуманитарлық колледжінде би ұжымының жетекшісі мамандығы бойынша 3 курс білімгері, Сарқанттағы «Айкүміс» би ансамблінің бишісі) «Хорезм» биімен көптің көңілінен шықты.
Кеш соңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айбек Оңғаров ансамбль ұжымы мен жетекшісі Ақгүл Нүрпейсоваға шығармашылық табыс тілеп, «Алғыс хат» табыстады. Екі сағаттың көлемінде өткен сұлулық пен шеберлік қатар үйлескен тартымды шығармашылық кеш көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Әлия ИСКЕНОВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here