Елімізде соңғы жылдары елімізде ветеринария саласына жұмысына аса көңіл бөлініп келеді. Өйткені, осы сала мамандарына артылатын жүк өте ауыр. Академик К.Скрябиннің «Медицина – адамды, ал ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деуі тегін емес. Мұны ветеринария қызметіне берілген ең жоғары баға дегеніміз ләзім. Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Бокбасаров Әділ Әбенұлымен сұхбатымыз осы төңіректе өрбіді.
— Әділ Әбенұлы, «Малым – жанымның садағасы» деген қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малмен тікелей байланысты екенін жақсы білесіз. Қай заманда да халқымыз Ұлы даланың төсінде қоралы қой, келелі түйе, үйір-үйір жылқы өргізген. Төрт түлік ішіп-жейтін азық, киетін киім, мінетін көлік болды. Ол заманда малға ұқыптылықпен қараған. Малдың қоңды болуы, ауру-сырқаудан аман болуын қадағалаған. Қазір таңда осы үрдіс қалай жүріп жатыр?
— Иә, халқымыз төрт түлік малдың қарасын көбейтуге барынша күш салды. Төрт түлікті күтіп-баптауға, аман сақтауға жауапкершілікпен қарады. «Бақпасаң мал кетеді…» деп мақалдатқаннан бұрын «Мал-жаның аман ба?» деп құшақ жайып көріскенінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Қазақ қашанда әлжуаз малдың тұяғын қайта тіктеп, тіршілік көзіне айналдырып отырды. «Қой ақсағымен мың» демекші, ауру-сырқау малға ем-дом жасауда да алдына жан салмаған, жетік білген. Күлмен ауырған малдың жарасынан алынған қабыршақты қайта ұнтақтап, сау малдың терісіне тырнап жаққан. Сонда малдың организмінде күлге қарсы иммунитет пайда болып, мүлдем ауырмайтынын білген. Алайда жазу-сызу жоқ заманда ойлап табылған бұл ғылыми құнды жаңалық еш жерде тіркелмегенін ескерсек, қазақ жерінде мал шаруашылығы мәдениеті мен ветеринария қызметі ерте дамығанын байқаймыз.
— Сіздердің мекеменің атқаратын негізі міндеті қандай? Қанша адам жұмыс істейді? Жұртшылыққа қандай қызмет түрлерін көрсетесіздер? Жалпы мал дәрігерлері кезінде кеңшар мен ұжымшардың ең беделді қызметкерлері саналды. Мал басын аман сақтау мен көбейтуде, таза, сапалы мал өнімдерін молайтуда мал дәрігерлері ерекше рөл атқарғанын білеміз.
— Аудан бойынша аудандық ветстанцияға қарасты 10 ветеринариялық пункттерде 10 меңгеруші және 51 маман істейді. Ветстанцияның өзінде директоры мен бірге 7 маман халыққа қызмет атқарады. Барлығы басшысы мен бірге 68 маман бар. Иә, мал дәрігерлерінің еңбегі ұшан-теңіз, көзге көрінбей жатады. Көктем-күз мезгілікнде мал дәрігерлері жұқпалы ауруларға қарсы екпе жасап, жанкештілікпен жұмыс атқарады. Өйткені, дер кезінде екпе жасалмаса, ауру малдардың еті мен сүтінен, жүні мен терісінен, тікелей қарым-қатынаста болған адамдар түрлі жұқпалы және паразитарлы ауруларға ұшырауы мүмкін. Қазақ халқы «ауру – астан» деп бекер айтпаған. Сондықтан мал өнімдері сапалы болғанда ғана адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төнбейді. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін үкімет тарапынан мал дәрігерлік мамандыққа қолдау көрсетіліп келеді. Себебі, мал ауырса, ауыл шаруашылығы саласы шаш етектен шығынға батып қана қоймай, ауру адамға да жұғып, халық өміріне қауіп төндіреді. Ветеринарлар малдың ауруын емдейді. Мал дәрігерінің негізгі міндеті – белгіленген қауіпті сібір жарасы, бруцеллез, туберкулез, аусыл секілді 18 ауру бойынша профилактикалық шараларды жүргізу, яғни қан алу, ауруды анықтау, вакцина егу, ауру малдарды жою секілді жұмыстарды атқарады.
— Аудандағы мал саны қанша? Қанша төлді төлді бірдейлендірдіңіздер?
— 2011 жылдан бастап ауыл шаруашылық малдарын бірдейлендіру жұмыстары басталып, бүгінгі күнге аудан бойынша 40817 бас сиыр, 94540 бас қой-ешкі, 8726 бас жылқы, 1642 бас шошқа, 94 бас түйе бірдейленіп компьютерлік дерек қордың iszh.kam.kz Веб-порталына енгізілген. 2019 жылы 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша ауданда 36600 бас ірі қара мал, 87000 бас ұсақ мал, 8600 бас жылқы, 1600 бас шошқа, 93 бас түйе анықталған. Қазіргі уақытта АЖЖ дерекқорында 45600 бас ірі қара мал, 107000 бас ұсақ мал, 8700 бас жылқы, 1700 бас шошқа, 91 бас түйе бар. 2019 жылының басынан 9000 бас ірі қара малының, 25000 бас ұсақ малының, 470 бас шошқаның төлдері бірдейлендіріп компьютерлік дерекқорға еңгізілді. Бұл жұмыс жоспар толық орындалуына дейін жалғасуда. Жылқы және түйе төлдерін бірдейлендеру жұмыстары күзге жоспарланған.
— Әділ Қалиахметұлы, сіз басқаратын мекеме қандай мемлекеттік қызметтер көрсетеді? Сол жайында кеңірек айтсаңыз.
— Ветстанция мамандары мемлекеттік қызметтің екі түрін көрсетеді. Атап айтқанда, ветеринариялық анықтама беру және жануарларды бірдейлендіру. Мал дәрігерлерінің басты жұмысы — халықтың денсаулығын адам мен жануарларға ортақ аурулардан қорғау, ветеринариялық – санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тиісті әкімшілік – аумақтық бірліктің аумағын басқа аумақтардан жұқпалы және экзоотикалық аурулардың әкелінуі мен таралуынан қорғау жөніндегі жұмыстарды үйлестіру. Адам денсаулығы мен жануарларға зиян келтіретін аңдарды жою, мал қорымдарын соғуды және көшедегі жабайы ит, мысықтарды жою жұмыстарын ұйымдастыру. Малдарды емдеу, алдын алу, санитарлық сою, жою шаруашыларына бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты жаратылуын ұйымдастыру. Мал дәрігерлері сонымен бірге малдарды бірдейлендірумен, сырға салумен айналысады. Форма-1 — тірі малға, форма — 2 — етке, сүтке, форма — 3 жүнге, теріге анықтамалар береді. Бұл анықтамалар Қазақстан бойынша жарамды болып есептеледі. Бұл қызметтер тегін атқарылады. Сонымен бірге жылқы малына чип салады. Чипті мал иесі сатып алады. Салып беру тегін. Ауру малдарды емдеу жұмыстары ақылы.
— Ауданда ветеринар мамандарына қаншалықты жағдай жасалған?
— Ветериналар көлікпен қамтамасыз етілген. Олар мал қыстауларына барады. Тауда да, таста да жүреді. Мал дәрігерлері қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Ветеринарларға халатпен жүреді. Ауданымыздағы 10 қала, ауылдық округтерінде 10 дана «Нива» автокөлігі бар. Сондй-ақ, ветстанцияда пикап «Саньонг», УАЗ дезинфекция қондыргысымен, ауру малды шығаруға арналған «Фотон» жүк көлігі бар. Барлығы 13 бірлік техникамыз бар. Биопрепараттарды сақтау бойынша 10 округта 20 холдильник, ветстанцияда 1 арнайы төмен температуралы тоңазытқыш камера бар.
— Базардан жаңа сатып алған малдарды, жаңа туылған төлдерді тексеру қалай жүзеге асырылады? Былтыр қанша мал ауруы тіркелді?
— Біздің қаламыздағы «Құлагер» мал базары демалыс күні жұмыс жасайды. Сол күні мамандарымыз базарға әкелінген малдың пастортын тексеріп, екпе егілгенін тексереміз. Егер сырттан әкелінген мал болса, арнайы құжаты болмаса базарға кіргізбейміз. Аудан аумағында малдардың ілеспе құжаттарынсыз тасымалдауға тиым салынады. Осы ретте «Малдың ауру еместігін растайтын мал дәрігерінің құжаты болмаса, сатып алмаңыздар!» тұрғындарға жиі ескертеміз. Ауылшаруашылық жануарларымен мұндай қозғалыс жоғарыда көрсетілген аса қауіпті ауруларының таралуына себепкер болып отыр. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» заңның 22-бабының 3-тармағына 1, 2 тармақшасына сәйкес мал иелері әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігіне тартылады. Округтерден бірде-бір мал басы, «Құлагер» мал базарына, ілеспе құжатсыз шығуына тиым салынады. Сонымен қатар әкімшілік беретін анықтамада мал иесі және кім арқылы тасымалданады, қайда апарылады, мал түрі, жынысы, түсі, жасы міндетті түрде көрсетілуі керек. Егер мал басы 5 бастан көп болса, арнайы тізім жасалады. Ветеринариялық анықтамада малдың түрі, жынысы, түсі, жасы және ветеринариялық төлқұжат, сырға нөмірлері, төлқұжатта көрсетілген ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың, диагностикалық тексерулердің жасалынған уақыты, нәтижесі және малдың дене қызуы, клиникалық тексеру қорытындысы міндетті түрде көрсетілуі керек. Біз профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспарға сәйкес жүргіземіз. Өйткені, қадағалау болмаған жерде ауру көп болады. 2018 жылы аудан бойнша 21 бас ірі қара мал және 351 бас ұсақ мал бруцеллезге оң нәтиже көрсеткен. Биыл бүгінгі күні бруцеллезге оң нәтиже көрсеткен 13 бас ірі қара мал анықталды. Елді мекендегі учаскелерден бруцеллезге оң нәтиже көрсеткен жағдайда республикалық эпизот отрядқа жедел хабарлау арқылы жойылды. Аудан бойынша сарып ауруы шыққан ошақтардың нысандарында, шаршы метр көлемінде ауру мал тұрған орындары механикалық тазалаудан өткізіліп, дезинфекция жасалынады. Қаратал ауданы әкімдігінің аудандық ветеринариялық станциясы эпизоотияға қарсы алдын алу және аудан аумағындағы халықты адам мен жануарларға ортақ аурулардан сақтау жұмыстарын жүргізеді. Былтыр жыл басынан бөлім бойынша ветеринариялық санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне 9 ветеринариялық-санитариялық қорытынды берілді және аудандық ветстанция ветеринариялық мамандарымен сатылымға шығарылған мал және мал өнімдеріне 6715 ветеринариялық анықтама беріліп, 56 288 мал бірдейлендіріліп, ветеринариялық төлқұжат тапсырылды. Аудан тұрғындары арасында мал ауруларынан сақтану жөнінде ағарту жұмыстары жүргізіп келеді.
— Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау ісі қалай жүріп жатыр?
— 2019 жылының басынан 497 қаңғыбас иттер мен мысықтар ауланды. Уақытша ұстау жағдай жасау үшін 10 тор мен вольер дайындалған. Ерекше айта кетерлігі, биылғы жылдың бір жаңалығы — ауланған жануарлардың фотосуреттері Instagram парақшасына орналастырамыз. Соның нәтижесінде көптеген қаңғыбас жануарларды иелері тапты. 2018 жылы қаңғыбас иттерді жоюға 2 120 000 теңге бөлініп, 12 айда 667 ит 39 мысық жойылған болатын. Аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы мамандарының хабарлауы бойынша 2018 жылы 12 айда 92 адамды ит тістеп, иттер 10 күн аралығында мал дәрігерлерінің бақылауында болып, нәтижесі құтыру ауруынан таза болды, бруцеллезбен 8 адам ауырды. 7 адам эхинококкозбен ауырды. Аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы мамандарымен бірлесіп эхинококкозбен ауырған адамдардың ауласындағы иттеріне копрологиялық зерттеу жұмыстары жасалып, зерттеу нәтижесі таза болды. Туберкулезбен 34 адам ауырған, ауырған адамдардың аулаларына эпизоотиялық қарау жүргізіліп, ауылшаруашылық малдары туберкулезге тексеріліп, нәтижесі аурудан таза болды.
— Ауданда мал өлексесін тастайтын қорымдар бар ма? Брюцелез аурына қарсы қандай шаралар қабылдануда?
— Аудандағы 10 округте 9 типтік үлгідегі мал өлекселерін тастайтын қорымдар бар. Үкіметтің эпизоотияға қарсы бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылық малдарына 14 түрлі мал ауруларына қарсы егу және 24 түрлі мал ауруларына серологиялық, аллергиялық тексерілу және энзоотияға қарсы 2 түрлі мал ауруларына егу жұмыстары жүргізілді. Бруцеллез ауруына мүйізді ірі қара малдарынан 56 991 қан сынамасы алынып, оң 21 нәтиже көрсетті. Сонын ішінде 19 бас «Рауан» ЖК қайта өңдеу цехына өткізіліп, сойылды, қалған 2 бас 24 сағат ұсталынып, өз қажеттілігіне пайдаланылды. Мүйізді ұсақ малдардан 133 055 қан сынамасы алынды, 242 бас және ошақ ашылып, сауықтыру кезінде оң нәтиже көрсеткен 109 бас, барлығы 351 бас «Рауан» ЖК қайта өңдеу цехына өткізіліп, сойылды. Ауыл шаруашылық малдары арасынан бруцеллез ауруы шығуына байланысты мүйізді ірі қара малдарынан 1 ошақ (Тастөбе ауылдық округі Жазылбек учаскесінде орналасқан «Бачеев» ШҚ) және мүйізді ұсақ малдарынан 5 ошақ (Айту би ауылдық округі Бүлдірген тоғай учаскесінде орналасқан «Кимадиева Д.» ШҚ, Бастөбе ауылдық округі, Жылыбұлақ ауылы, Мира, Молдағұлова, Қабанбай батыр көшелерінен шығатың №5 отары, Балпық ауылдық округі, Жаңаталап ауылы, Усенов, Ильин көшелерінен шығатың № 2 отары, Ескелді ауылдық округі Сарыкөл учаскесінде орналасқан «Муратова» ШҚ, Жолбарыс батыр ауылдық округі, Кәлпе ауылы, Рысқұлов, Дәулетяров көшелерінен шығатың № 1 отары) ашылып, шектеу қойылып, сауықтыру іс-шаралары жүргізілді.
— Кез келген жұмыстың жауапкершілігі, талап-тәртібі болады? Бұл мәселеге қаншалықты көңіл бөлесіздер? Ветеринар маман қандай болуы керек? Қай мамандарды ерекше атап өтер едіңіз?
— Дұрыс айтасыз. Талап барлығына ортақ. Әр ауылдық округке мал басының санына қарай жоспар берілген. Қазір барлық жұмыс базаға енгізу арқылы атқарылады. Сондықтан, оның атқарған жұмысын ашық көріп отырамыз. Ветеринар маманының жұмысы дұрыс жолға қойылған. Мамандар қазір малдардан қан алып, уақтылы вакциналарын салып, емдеп жатыр. Мал дәрігері жұмысты тазалықтан бастауы керек, халықпен тіл табысып, дұрыс қарым-қатынас жасай білуі тиіс. Ветеринар маман күн-түн демей еңбек етеді. Соған төзе білуі керек. Мәселен, біреудің күнкөрісі болып отырған жалғыз сиыры түнде ауырып қалды дейік. Оған маманның шұғыл көмегі керек. Ветеринар хабарды ести салысымен көмек көрсетуге дайын болуы керек. Ветеринар маманы өз ісіне атүсті қарауына болмайды. Малдың кеселі – адам денсаулыған кесірін тигізуі әбден мүмкін. Сондықтан өз ісін сүйетін, жауапкершілік қасиеті жоғары мамандарымыз, ауылына, халқына, Отанына жаны ашитын жастарымыздың, азаматтарымыздың көп болуы саладағы мәселенің шешілуіне негізгі себеп болмақ. Аудандағы мал дәрігерлерінің барлығы өз ісін жақсы біледі. Шетінен сайдың тасындай іріктелген жігіттер, бірнен бір өтеді. Десек те, 3 ветпункт меңгерушісін ерекше атап өтуге болады. Атап айтқанда, Балпық би ауылдық округінде қызмет атқаратын Е. Копбаев, Елтай ауылдық округінде еңбек етіп жүрген Е. Заханов, Үштөбе қалалық округінің меңгерушісі Н. Идрисовты айрықша атап өтуге болады.
— Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңыз жемісті болсын!
Сұхбатты жүргізген Асхат Өмірбаев

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here