Үштөбе қаласындағы «Қаратал күндізгі болу орталығы» мекемесінде 1 маусым — халықаралық балалардың қорғау күніне арналған «Біз — өмірдің гүліміз» атты мерекелік шара өтті. Жиынға мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналары қатысты.
Мереке шымылдығы алтын күннің нұрымен жылу шашқан балалардың гүлдер биімен басталды. Ғимарат алдындағы сәні мен салтанаты астасқан сахнадан аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қасымов балаларды мерекемен құттықтап:
— Өмірде баланың күлкісінен қымбат ештеңе жоқ, балалардың денсаулығы мықты болып, солардың қызығына тоймай жүре беріңіздер, — деп ата-аналарға ақ тілегін арнады. Сөз тізгінің алған Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім меңгерушісі Ақзира Нұрдоллаева жаз мезгілінің алғашқы жарқын мерекесі – балалар күні екенін айтып, әр адамның өмірінде балалық шақ тұлға болып қалыптасатын ерекше кезең екенін айтты.
— Елімізде әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемі артып келеді. Алматы облысында мүгедектерді оңалтуға биылғы жылы 3 млрд. 300 млн. теңге қаражат бөлінді. Біздің басқарманың тармағында арнайы әлеуметтік орталықтар жұмыс істейді. Соның 5-уі балаларға арналған. Осындай орталықтарда 400-ден астам бала бар. Үкіметтік емес ұйымдар арқылы да әлеуметтік өмек көрсетіледі. Мемлекеттік тапсырыс аясында мемлекет пен жекеменшік мекемелер арасында 13 келісім-шарт жасалған. Оларда 200-ден астам бала қызмет алуда. Жартылай стационар жағдайында қызмет көрсететін Қаратал күндізгі болу орталығында 55 бала қызмет алуда. Мұнда барлық жағдай жасалған, — деді Ақзира Нұрсәулетқызы.
Балалар келген қонақтарға «Көңіл толқыны» күйін, «Қуыршақтар» биін орындап тәнті қылды. «Ұлан» тобының тәрбиеленушісі Наргиз Сатай «Көңілді күн», «Өркен» тобының бүлдіршіні Диана Дәулет «Аққа арман» әнін әуелете шырқады. Орталық мамандары балаларға «Ақшақар мен жеті гном» ертегісінің желісімен театрландырылған көрініс көрсетілді. Балалар түрлі мультфильм кейіпкерлері мен сайқымазақтармен бірге ойын ойнап, шаттыққа бөленді. Мемлекетік, банк, мекемелері мен қоғамдық қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіпордағының Талдықорған қаласындағы Алматы облыстық филиалының төрағасы Ержан Дүйсенбаевтың демеушілігімен келген «Кішкентай әлем» цирк ұжымының өнерін тамашалаған балалар әбден қызыққа батты. Қолға үйретілген құстар, кедергілерден секіретін иттер, тіпті кесіртке мен салақұлаш жыландар, суырлардың өнерін көріп, қуанышқа кенелді. «Үштөбе аудандық электр торабы» мекемесінің басшысы Рғайбек Жапарқұлов балаларға түрлі ойыншықтарды сыйға тартып, бір қуантты. Аудандық аурухана басшысы Б. Құмаров, жеке кәсіпкер Нүгербеков, «Үштөбе-айдын» ЖШС, «Апорт», «Қамқор» «Сұлтанова» секілді жеке кәсіперлік мекемелері де демеушілік көрсетті. Балаларға тәттілер дастархан жайылып, шаттыққа бөленді. Мереке өте көңілді әрі қызықты өтіп, мүмкіндігі шектеулі жандар мерекені естен кетпестей етіп тойлады.
Асхат Бақытұлы.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here