31 мамыр күні орталық саябақта қараталдықтар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, жазықсыз жапа шеккендердің аруағына құран бағыштап, гүл шоқтарын қойды. Солақай саясаттың құрбандарын еске алуға жиналған жұрттың қатары қалың болды. Шараға қуғынға ұшыраған азаматтардың ұрпақтары, ардагерлер, мекеме, бөлім басшылары қатысып, қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын ұжымдары жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Ең алғаш сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қасымов: «Нәубетті жылдары елімізде 103 мыңнан астам адам солақай саясаттың құрбанына айналды. Алашорда көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев бастаған қазақтың марқасқа азаматтарынан 25 мыңдай адам ату жазасына кесіліп, жазықсыз атылған еді. Биыл Қазақстан тәуелсіздігіне 28 жыл толды. Осы ширек ғасырдағы біздің жадымызды жаңғыртуға, тарихи әділдік орнату арқылы ұлттық рухты көтеруге септік еткен, маңызды қадамның бірі — 31 мамырды саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп тану» деді. Одан соң, Үштөбе қаласының тұрғыны, еңбек ардагері, Қаратал ауданының құрметты азаматы, саяси қуғын-сүргін құрбаны болғандардың ұрпақтары Валентина Спиридонова, Бастөбе ауылының тұрғыны Абдул-Оглы Дурсын сөз алып, бүгін солақай саясаттың құрбаны болған барлық азаматтарымыздың рухын еске алып, тарих тағылымына тағзым етуді, одан тиісті сабақ алуды ұрпаққа парыз санаймыз-деді. Артын ала еңбек ардагері Марина Хайбулина үлкен тебіреніспен құрбандарды еске алып, жүрекжарды жыр шумақтарын оқып, қазақ халқына алғыс білдірді. Митинг соңында №51 С. Морозов атындағы орта мектеп гимназиясының оқушылары арнайы дайындағын әдеби монтажды тамашаланды.
Әлия ӘЛІБЕК

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here