Қазіргі таңда «Туған жерге туыңды тік» деген тәмсілді жадында ұстап, өсіп-өнген өңірді ұмытпай, өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтар бар. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасының аясында Қаражиде ауылында «Нұр» дәмханасы ашылды.
Ауыл жұртының игілігіне беріліп отырған нысанды аудандық мәслихат депутаты, «Нұр» шаруа қожалығының басшысы Алтай Смаилов ашып отыр. Жалпы, Смаиловтар әулиеті туған өлкені дамыту тұрғысында іргелі істер атқарып келеді. Нақтырақ айтар болсақ, 7 мешіт салып, Ескелді бабамыздың кесенесінің құрылыс жұмыстарына қол ұшын берді. Ауданның малы жайылу үшін Тентек өзеніне көпір салып, өрісті кеңейтті. Жиында сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Бақыт Смаилов қолынан келгенше елге көмектесіп, жетім-жесірлерді жебеп, ел игілігі үшін жұмыс жасап жатқанын айтты.
— Құрметті жерлестер! Елбасы Н. Назарбаевтың арқасында қазақ азамттары туған елге еңбегін сіңіріп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, осы ауылдан шықтық. Әке-шешеміз 12 бала тәрбиелеп, қаршадайымыздан еңбекке үйретті. Рамазан айында ашылып жатқан дәмханамыз құтты болсын! Біз сыртта жүрсек те, осы ауылдан шыққанымызды ұмытпаймыз. Баууырымма рахмет айтамын. Қолынан келгенше ауылға жақсылық жасап, ас, той өткізетін орын ашып берді, — деді Б. Смаилов.
Осыдан соң ауыл тұрғыны Жебеген ата «Уа, халқым! Өскен жер – туған жерім — Сарыбұлақ. Талдықорғанан бері қарасаң, Мойнақ деген белім бар, Мойнаққа асылып жататын Мырза деген елім бар, Елтай-Сарыбұлақ деген елім бар» деп жұртты бір желпіндіріп алып, «Дастархан мереке мен берекеге, бірлік пен тірлікке, молшылық пен тоқшылық болсын!» деп ақ батасын берді.
Аудандық мәслихат хатшысы Бақыт Смаилов, аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Оңғаров пен Бекқали Құрманғалиев, Тұрсын Оспанов секілді ел ағалары халық игілігіне беріліп жатқан дәмхананың салтанатты лента қия рәсімін жасады. Ақ жаулықты аналар тәттіден шашу шашып, жұрт ауылға көрік кіргізген әсем ғимарттын ішіне кіріп, жайылған дастарханнан дәм татты.
А. Өмірбаев

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here