23 мамыр күні №25 балабақшада даярлық тобын тәмамдаған балалардың «Біз мектепке барамыз!» атты ертеңгілігі өтті. Қоштасу кешіне тыңғылықты дайындалған бөбектер өздерін түрлі қырларынан көрсетіп, көрермен көңілінен шықты. Ән-күй, бимен қатар сергіту ойындарында да олар алғыр, зерек екендіктерін байқатты.
Атап айтар болсақ, бүлдіршіндер «Есіңде ме?», «Тәрбиеші», «Біз мектепке барамыз!» атты әндерді тебірене шырқады. Ал «Талпын» сәбилер тобының бүлдіршіндері ересек топтарды шығарып салуға, олардың ақ тілектері мен жарқын сәттері¬мен бөлісуге келіп, жырдан шашу шашып, көрерменнің есінде қалды. Сахнаға шыққан әр бір кішкентайлар керемет билерімен, әсерлі жыр шумақтарымен қатар, оркестрде ойнап, ұлттық аспаптарда тамаша орындады. Бүлдіршіндерден құрлырған оркестірді тамашалай отырып, балабақшада балдырғандарды өнерге баулитын үйірмелер жұмыс жасайтындығына көз жеткіздік. Сонымен қатар, балалар «Қоштасу вальсін» биледі. Одан соң, балабақша меңгерушісі Алмагүл Елдеева мектеп табалдырығын аттағалы тұрған балаларға сәт-сапар тілеп, олардың әр қайсысы білімді бала боларына сенім білдірді.
Аталған кешті тамашалауға келген ата-аналармен тәрбиешілер ерекше толғаныста отырды. Балабақша табалдырығын тәй-тәй басып, кіп-кішкентай болып келген сәбилер 4-5 жылды артқа тастап, қолдарына қалам ұстауды үйреніп, сандарды да танып алды. Міне, жаңа оқу жылында сөмкелерін де өздері жинап, білім алуға аттанды. Кеш соңында балалар жұдырықтарындай ғана жүректеріндегі армандарын ойлап, аспанға қызыл түсті шарлар ұшырды. Алтыға толып, ақыл тоқтатқан түлектер алдағы күзде мектеп табалдырығын аттамақ. Барлығы дерлік балабақшада не үйренгенін көрсетіп, ата-ана алдында есеп берді. Тәрбиешілеріне алғыс айтып, балабақшамен қимай қоштасты.
Әлия ИСКЕНОВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here