Мамыр айының 23 күні Қанабек ауылындағы Қанабек орта мектебінде ауыл тумасы, жаны жомарт азамат, «Құрмет» орденінің иегері, аудандық мәслихат депутаты, іргелі шаруа қожалығының басшысы болған Исатай Молжігітов атындағы алма бақтың ашылу салтанаты өтті.
Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» кіші бағдарламасының аясында жүзеге асып отырған осынау игі шараға ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары, жалпы ауыл тұрғындары, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Мектеп жанындағы учаскіге 200 түп күздік алма көшеттері егіліп, бүгінде жапырағы жайқалып, өніп үлгерді. Мектеп директоры Әлия Тұрлыбекованың айтуынша, 2-3 жылдан кейін алма бағы жеміс берген кезде апта сайын алма күні ұйымдастырылмақ. Алма арнайы қоймаға сақталып, оқушыларды дәруменмен қамтамасыз ету мақсатында алма берілмек.
Мерекелік шарада оқушылардың туған жер, алма бақ жайлы өлең оқуымен басталды. Осыдан соң марқұм Исатай Төлеубекұлы атындағы алма бақты ашу рәсімі өтіп, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Назкен Игенбаев пен марқұм Исатай Төлеубекұлының анасы Шөже әже салтанатты жағдайда лента қиды. Ақ жаулықты әжелер тәттіден шашу шашып, ауылдықтар бір-біріне құтты болсын айтып жатты. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н. Игенбаев:
— Құрметті Қанабек ауылының тұрғындары! Мектеп директоры Әлия Кенжеғұлқызының ұйымдастырумен ауылдан шыққан атпал азаматты есте қалдыратын үлкен шара құтты болсын! Исатай Төлеубекұлымен біз біраз жыл аудандық мәслихатта, 5-ші шақырылымда депутат болып қызмет атқардық. Елінің, ауылының әлеуметтік жағдайына жанашырлықпен қарап, өз үлесін қосып келе жатқан жақсы азамат еді. Сұм ажал арамыздан ерте алып кетті. Мұны Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында сол кісіні есте сақтау мақсатында жасалып жатқан үлкен шара деп ойлаймын. Бақтың алмалары мәуелеп өсе берсін! Бұл балаларды еңбекке, табиғатты аялауға, үлкенді құрметтеуге үйретеді, — деді.
Марқұмның анасы Шөже әжеміз «Исатай ағамыздың алмасы деп мына балалар жеп жүрсін. Аман болыңыздар, менің бейнетімді берсемін, жасымды берсін!» деп, қуаныштан көңілі босап қоя берді.
Іс-шара мектеп ішінде жалғасын тауып, Исатай Молжігітовке құран бағышталып, акт залында «Әке рухына адалдық» атты еске алу кеші өтті. Ардақты әке, асыл жар болған Исатай Төлеубекұлының көзі тірісінде жасаған игі істерін келешек ұрпаққа дәріптеген бейнебаян көрсетілді.
Сөз тізгінін алған Жолбарыс батыр округінің әкімі Сержан Андасбаев ердің ерлігі ісіне, жасаған жомарттығына байланысты ел есінде қалып отырғанын айтты. Ол өз ісіне аса сүйіспеншілікпен, жауапкершілікпен қараған азамат болғаны жайында әңгіме өрбітті. Жер жыртса, тұқым сепсе тереңдігін қарап, әр күн сайын егілген тұқымды алақанымен аялаған диқан болғанына баса назар аударды. Әртүрлі жиындарда ауыл мәселесін көтеріп, тартынбай, ойын еркін жеткізетін азамат ретінде есте қалғанын жеткізді.
Мектеп директоры Алия Тұрлыбекова Исатайдай азаматтың мектепті көркейтуге үлес қосқанын, ауыл балаларына қамқорлығы алабөтен болғанын айтты. Исатай Молжігітовтің ұлы Саятқа әкесінің атынан мектепте алма бағын отырғызуды ұсынғанда бірден қолдап, «Атадан тал қалғанша мал қалсын» дегендей, соңынан саналы ұрпақ өрбігенін айтты. Жас жеткіншектер алма бағының жемісін жеген кезде абзал, ақкөңіл азаматты еске алатынын айтып, мектеп ұжымының атынан Молжігітовтер отбасына алғыс хат табыс етті. Мектеп оқушылары ән мен күйден шашу шашып, бар өнерлерін ортаға салды. Осылайша, алма бағы, ауылдастары барда Исатай Төлеубекұлының есімі өшпек емес.
А. Өмірбаев

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here