Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні – бұл еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін мереке. Аталған мерекеге орай 6 мамыр күні аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын болып өтті. Шараға аудан әкімі Рауан Рақымбеков, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары мен қатар әскери комисариат пен әскери және ішкі істер бөлімдерінің қызметкерлері қатысты. Ең алғаш аудандық мәдениет үйінің дәлізінде аудан мектептері 7 мамыр Отан қорғаушылар күніне арнайы дайындаған көрмесімен басталды.
Одан соң, әнұранымыз аспанға әуелей шырқалып, оң қолын жүрек тұсына қойған азаматтар Отан алдындағы жауапкершілікті сезінгендей күй кешті. Аудан әкімі Рауан Рақымбеков барша қараталдықтар мен Отан қорғаушыларды айшықты мерекемен құттықтап, 1992 жылдан бері Елбасы Жарлығымен Қазақстан Қарулы күштері құрылып, сарбаздар еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етіп келе жатқандығын жеткізді. Артын ала Үштөбе гарнизонының бастығы полковник Дауыр Бакиров сөз алып, жаңа әскери доктрина негізінде Қазақстан армиясы өз шекарасын қорғау үшін қазіргі заман техникасының озық үлгілерімен жабдықталып, кәсіби толысқан,ұрысқа қабілетті, ұлттық рухы жоғары, Отанның нағыз патриоттары жасақталуда екенін тілге тиек етті. Құттықтаулар аяқталысымен бірқатар азаматтарға аудан әкімінің алғыс хаттары табысталып, сонымен қатар , «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталып, «Ефрейтер» атақтары берілді. Олардың қатарында № 55078 әскери бөлімінің подполковнигі Камилжан Құрбанов, №55078 әскери бөлімінің подполковнигі Руслан Исаев, Қаратал аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің инспекторы Нұрғайша Қалдыкулова бар. Осыдан кейін жүртшылыққа Отан, туған жер тақырыбын арқау еткен мерекелік концерт қойылды.
Әлия ӘЛІБЕК

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here