Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығында «Адамның бақыты — балада» деген сөз бар. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын «Бақыт» деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермеуі де мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі. Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек.

Адам өмірінің мәні өз ұрпағы деп санайтын бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз — Жаминтиков отбасы. Отағасы Азамат Жаминтиков Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Құндызды ауылында 1971 жылы 25 қаңтар күні дүние есігін ашқан. Ал отанасы Назым Мукамбаева Шығыс Қазақстан облысы Бүрлітөбе ауданы, Ақтоғай станциясында 1981 жылы 29 қаңтар күні дүниеге келген. Екеуі 1999 жылы танысып, отбасын құрған. 2000 жылы Әйгерім, 2003 жылы Салтанат, 2008 жылы Нұржамал, 2010 жылы Аяулым, 2013 жылы Ұлжан атты қыз балалар өмірге келсе, 2015 жылы көптен күткен Әнет пен 2017 жылы Әз-Жәнібек атты ұл балалар туған. Осылайша жас отбасы көп балалы, бақытты отбасыға айналды. Азаматтың мамандығы «Электрик» болса да өз мамандығымен жұмыс табу қиындыққа соққан. Сондықтан қазір отағасы отбасын жалдамалы жұмыстар жасап, күніне азын-аулақ тиын-тебен тауып, отбасын асырауда. Ал Назым үй шаруасымен айналысады. Үлкен қыздары Әйгерім Алматы қаласында «Алматы Полиграфиялық колледжде» 1 курс білімгері. Қалған Салтанат, Нұржамал, Аяулым үшеуі №13 орта мектептің оқушылары. Назым 2017 жылы Әнет есімді ұл баланы туғанда мемлекеттен «Күміс алқа» алса, биыл 1 мамыр күні Әз-Жәнібекті босанғаны үшін «Алтын алқа» иегері атанды. Көрсең көзің тоймайтын отбасы балалардың бақытына толы. Бәрі кішкентай 2 жастағы Әз-Жәнібекті айналып, толғанып отырғанына риза боласың. Бауырмалдық қасиет балаларға жақсы дарыған дерсіз. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол әрине — бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Біз барғаннан қатты назар аудартқан дүние ол балалардың тәрбиесі. Дәл осы сауалды Назымға қойған едік.
Назым Әділханқыз, алтын алқа иегері:
— Ия, сауалыңыз өте орынды. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке-шеше «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Менің ойымша, баланы жұмсап үйреткен абзал. Біздің балалар кейде әкесі екеуіміз үйде болмай қалсақ, бірін-бірі қарап отыра береді. Балаларым көз қуанышым.
Ананың мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды. Көп балалы ана болу оңай емес. Көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көп балалы отбасында дүниеге келген. Сондықтан да Азамат пен Назымның көз қуанышымен бақыты айналған балалар ертеңгі ел қорғайтын батыр, бесік тербетер ана болсын дейміз.
Әлия ИСКЕНОВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here