Тегінде ата-әжелеріміз ер бала дүние есігін ашқаннан-ақ отбасы алдындағы, Отан алдындағы борышын сезінуге тәрбиелейтінін естіп, көріп біліп жүрміз. Бесіктен бастап «Сен — отбасыңның тірегісің, сен — еліңнің қорғанысың» деген тәрбиемен өскен жігіттің бойынан қамқорлық сезімі есіп тұрады. Еліміздің тарихында да жаугершілік заманда елін жерін жаудан қорғаған батыр бабаларымыз ел есінде. Білектің күшімен, найзаның ұшымен күрескен ата-бабамыздың ерлігі — бүгінгі бізге өшпес мұра. Міне, осындай ержүрек бабаларымыздың ұрпағына аманат еткен кең байтақ қазақ жерін күн-түнімен қорғап жүрген бүгінгі заманның батырлары да баршылық.
Олардың қатарында Азиз Мұрадилов бар. Ол 1975 жылы 4 сәуірде Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Ақтам ауылында туған. 1982-1992 жылдары Ақтам орта мектебін тәмамдаған. Арман қуған жас түлек 1992 жылы үлкен шаһар Алматыға жол тартады. «Дене шынықтыру» институтына түсіп, «Спорт бойынша жаттықтырушы» мамандығын алып шығады. Ең алғашқы еңбек жолын 1996 жылы Ұйғыр ауданындағы, Шонжы ауылындағы спорт мектебінде жаттықтырушы болып орналасады.
Одан соң, 2001 жылдың шілдесінде Алматы қаласындағы № 51809 әскери бөлімінде рота командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық орынбасары болады. Сол жылдың тамыз айында Жаркент қаласындағы № 96672 бөліміне ауысып, аталған бөлімде алты жыл бойы қызмет атқарады. 2007 жылы Алматы қаласындағы № 78460 бөліміне ауысады. Одан соң 2017 жылы «Қызыл ту» ауылында № 97612 әскери бөлімде дивизион командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып жұмыс жасайды. 2018 жылдың мамырынан бастап Қаратал ауданындағы № 30131 әскери бөліміне ауысып, бір жылға жуық қызмет жасауда.
Азиз Тохтахунұлы, кейіпкеріміз:
— Мен 23 жыл бойы осы саладамын. Маған жұмысым ұнайды. Балалық арманымның орындалғаны деп білемін. Жолдасым Мадина да Алматы қаласындағы № 78460 әскери бөлімінде «Радиотелеграфист» болып қызмет жасайды. 5 баламыз бар. Олардың төртеуі ұл болғандықтан патриоттық тәрбие беруге тырысамыз. Ұлтым — ұйғыр. Қазақтарға көп рахмет. Қазақтан қыз алып, ұрпақтар сабақтастығын жалғап отырмыз. Біздің міндетіміз — келешек ұрпаққа аманат еткен жерді, елді тапсыру. Біз — ел тыныштығының кепіліміз.
Бейбіт күннің бесігін тербеткен батырларымыз ел амандығын алдыңғы орынға қойса, Азиз сынды әскери қызметшілеріміз барда болашағымызға иненің жасуындай қауіп-қатер жоқ деп ойлаймыз. Елімізге қорған болған жауынгерлеріміздің білек күші берік, білімі жоғары, Отанға деген ыстық ықыласы молынан болғай. Сап түзеген сарбаздарымыз Отан алдындағы азаматтық борыштарын адал атқарып, елімізді бар күш-қайратымен қорғаса дейміз. Бұл — халықтың оларға артқан сенімі.
Әлия ӘЛІБЕК

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here