Сәуір айының 24 күні Елтай ауылдық округінің Қаражиде ауылында «Ауылым – алтын бесігім» атты мәдениет үйлері арасындағы облыстық байқау өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар — рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Елтай орта мектебінің алдында құрылған әсем сахна төрінде ауыл өнерпаздары меймандар алдында өнер көрсетті.
Бұл күні Қаражиде ауылына көктен жауын себелеп тұрған; сахнадан ән қалықтап, күй мен жыр төгіліп еді, әп-сәтте күн шайдай ашылып сала берді. Алаңда тігілген ақшаңқан киіз үйдің жанында ақ жаулықты әжелер күбі пісіп, ұршық иіріп, қонақтарға қымыз ұсынды. Қазақы дастархандағы құрт-ірімшік, асылған ет, қызыл бауырсақ берекелі ауылдың тірлігін көз алдымызға әкелді. Мектеп оқушылары жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары, өздері жасаған қолөнер бұйымдары, қылқалам туындыларымен таныстырды. Ауылдың ісмер қыз-келіншектері өз қолымен жасаған, көздің жауын алатын көрпе-жастық, тұрмыстық бұйымдар қадірлі қонақтарды бейжай қалдырмады.
Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы, ақын-сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері Төлеужан Ғұмаров ең бастысы – оң қолынан өнер тамған апа-әжелеріміздің өнерге жас ұрпақты осынау ұлттық үйрету қажеттігін баса назар аударды.
Осыдан соң ауыл өнерпаздары әркім айта жүрерліктей концерт қойды. Тіпті, ауылдың учаскелік полиция инспекторы Руслан Қанатбеков жеке дауыста ән салып, «Тәуелсіз Қазақстан» әнін хормен бірге тамаша орындап шықты. Алина Тохтахунова мен Сабина Важитова қазақтың «Шашу» биін мың бұрала билесе, Жанерке Смағұлова І. Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасынан үзінді оқыды. Әсіресе, халық әні «Тойбазар»-ды тамылжытқан «Шапағат» әжелер ансамбіліне жұрт сүйсініп, қолпаштап отырды. Жас өрен Сағынай Сағымбеков орындаған «Мен қазақпын» әні, «Балауса» би тобы «Фламенко» биі, Құрманғазының «Балбырауын» күйін күмбірлеткен ауылдық «Домбыра сазы» ұлт аспаптар ансамбілінің өнеріне де жұртшылық тәнті болды. Ауыл тұрғындары «Мәңгілік ел – мәңгілік тарих» атты драмалық қойылым қойып, жаугершілік заманда ел бірлігін сақтаған, жер қорғаған баһадүр бабаларымыздың рөлін сомдады.
Ауыл халқы ауа-райының құбылмалы болғанына қарамастан концертті ұйып тыңдады. Облыс орталығынан келген қонақтар да «Ел іші – өнер кенші дегендей, ауыл өнерпаздардың өнеріне жоғары бағасын беріп жатты.
— Бұл байқау осыдан 3 жыл бұрын басталған. Бұрынғы аудан, қала мәдениет күндерінің жалғасы. Биыл 15 сәуірден бастап 7-8 ауданды аралап шықтық. Бүгінгі күн Қаратал ауданының еншісіне тиіп отыр. Әр аудан екі мәдениет үйлерін ұсынып жатыр. Мұндағы мақсат – ауылды жерде өсіп жатқан өнерпаздарды, ауылдың береке-бірлігін байқау. Ауылда береке-бірлік бар ма? Ақсақалы қандай? Анасы, балалары қандай? «Кешегі әулиелер мекенінде не бар, не жоқ?» деген мақсатта келіп отырмыз, — дейді Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров.
Ол Қаратал ауданы әулиелер мекені болған соң әрдайым құрметпен қарап, шекарадан өткенде аруақтарға тәу етіп жүретінін, «Су көшкенмен, тас қалады» дегендей, байқау тек би билеу, ән айту ғана емес, жас ұрпақты мәдениеттілікке, өнерге, әдептілікке тәрбиелеу екенін тілге тиек етті.
А. ӨМІРБАЕВ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here